«Орман мен даланы мылтықпен емес, фотоаппаратпен аралайтын уақыт жеткен секілді», деген орыс ғалымы Климент Тимирязевтың сөзі арада бір ғасырдан аса уақыт өтсе де мән-маңызын жойған жоқ. 1843- 1920 жылдары өмір сүрген табиғат зерттеушісі айтқан жағдайға жеткізбеу үшін елімізде талай жылдардан бері саладағы әкімшілік құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу және анықтау, браконьерлік фактілердің жолын кесу мақсатында кешенді жұмыстар жүргізіліп-ақ жатыр. Алайда орман-тоғайды отап, өзен-көлдегі балыққа қырғидай тиіп, далада жортқан аң-құсты заңсыз атып, баға жетпес байлығымызға қасақана қиянат жасаушылар әлі де азаймай тұр.
Сондықтан да облысымызда Табиғат-Ана сыйлаған ерен байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін браконьерлікпен күрес жыл санап күшейе түсуде. Мәселен, Жамбыл облысында 2019 жылы «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, республикалық және жергілікті маңызы бар табиғи аумақтарда құқықбұзушылықтарды болдырмау және жолын кесу міндеті жүктелді. Сонымен қатар облыс көлеміндегі орман қоры аумағында және еркін аймақтарда орман мен жабайы жануарлар дүниесін қорғау да аталған мекеменің негізгі қызметіне жатады. Бүгінгі таңда мекемеде білікті мамандар қызмет етеді. Сондай-ақ инспекторлар барлық техникалық құрал-жабдықтармен толықтай қамтамасыз етілген.
Аз уақытта-ақ ауқымды жұмыс атқарып, жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап жүрген «Мамандандырылған «Сапсан» жедел қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерімен табиғат заңдылықтарының сақталуына, қасақылықпен күресу, қору, күзету мақсатында облыс көлемінде өткен қазан айында 3 рейдтік іс-шаралар жүргізіліп, 13 дана хаттама жазылды.
Жануарлар дүниесiн пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу фактісі тіркелді. ӘҚБтК 382 бабымен 1 тармағымен, 13 азамат заңсыз аңшылық жасап жүргендері үшін ұсталып, 6 дана жабайы қоян, 13 қырғауыл және 9 дана құжатсыз аңшы мылтығы тәркіленіп полиция бөліміне өткізілді.
Қазақстанда табиғатты қорғау саласындағы заңбұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілік қатаңдатылғанын жақсы білеміз. Соған қарамастан табиғатқа қарсы қастандық әрекеттері тыйылар емес. Жоғарыда мамандар келтірген деректер осы сөзіміздің айғағы. Сондықтан сала мамандарының ардақты атамекеніміздің қасиеті де, киесі болып табылатын байлығымызды қорғау мақсатындағы жанкешті жұмысы қарқынды жалғаса бермек.
Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы