«ЖЕҢІС ТУЫ ЖЕЛБІРЕСІН»

0

Өткен бейсенбі күні Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Жеңіс туы желбіресін» атты ардагерлер арасында ән байқауы өтті. Байқау аудандық Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткізілді.

Байқаудың мақсаты — Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерліктерді әскери әндер арқылы насихаттау, майдангерлердің ерліктерін еске алу. Қатысушылар әндерімен тек Жеңіс күнін ғана емес, сол кезеңдегі ауыр күндерді де, әрбір отбасындағы қайғы мен үмітті, батырлық пен ерлікті, сағыныш пен мақтаныш сезімдерін жан дүниелерімен жеткізді. Байқау, шын мәнінде, тек өнер додасы емес, өткеннің ұмытылмас іздерін бүгінге жеткізу үшін жасалған үлкен қадам болды.

Іс-шараға Қордай ауданының 14 ауылдық округінен келген ардагерлер, кимешек киген аналар, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар вокал (жеке), аспаптарда орындау (ансамбль), хор ұжымы және хореография (жеке немесе топтық) номинацияларында бақ сынасты. Әрбір өнерпаз жүрегінде майдандағы ерлер мен әйелдердің ерліктерін, олардың ұрпағына қал-дырған асыл мұрасын өлең мен ән арқылы жеткізді.

Байқаудың ашылу салтанатына аудандық мәс-лихат төрағасы Нұрдин Садықов, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бейқұт Жамангозов, «Дүниежүзі Қазақтар Қауымдастығы» және «Отандастар қоры» Жамбыл облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшесі Арқабек Төлебаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Қазылар алқасының шешімімен байқаудың қорытындысы бойынша Бас жүлде — Қордай ауылдық округінің ардагерлеріне, І орын — Ноғайбай ауылдық округінің ардагерлеріне, ІІ орын — Үлкен Сұлутөр мен Қақпатас ауылдық округтерінің ардагерлеріне, ІІІ орын — Сарыбұлақ пен Әлжан ана ауылдық округтерінің ардагерлеріне табысталды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар, алғыс хаттар және сыйлықтар тапсырылды. Бұл іс-шара Жеңіс күнінің мән-мағынасын терең сезініп, халықтың рухын көтеріп, өткеннің ерліктерін ұрпақ-тан-ұрпаққа жеткізуге ұмтылыстың айғағы болды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.