ЖЕҢІСКЕ ДЕГЕН ЖІГЕР ТАҒЫ БІР БЕЛЕСТІ БАҒЫНДЫРДЫ

0

Өмірдің сынағына мойымай, қайсарлық пен табандылықты серік еткен жерлесіміз Назгүл Исакова жуырда тағы бір спорттық жарыста топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл жолы ол «Халықаралық мүгедектерді қорғау күніне» орай мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында өткен Жамбыл облыстық спартакиадасында бочча спорт түрінен бірінші орынды иеленді.

Тумысынан ауыр диагнозбен өмір сүріп келе жатқанына қарамастан, Назгүл өз мүмкіндігін шектеу емес, керісінше, жаңа қырынан ашуды мақсат тұтқан жан. Бұған дейін оның шығармашылық әлемі – сурет өнері көпшілікті тәнті етсе, соңғы уақытта спорттағы табыстары да жұртшылықтың назарын аударып отыр.

Бочча спортын небәрі бірнеше ай бұрын ғана меңгере бастаған Назгүл үшін әрбір жарыс – үлкен тәжірибе мен жауапкершілік. Бұған дейін елордада өткен ашық республикалық турнирде Жамбыл облысының намысын қорғап, жұптық сында қола жүлдеге ие болған спортшы бұл жолы өз шеберлігін облыстық деңгейде тағы бір мәрте дәлелдеді.

Облыстық спартакиадада көрсеткен нәтижесі – оның үздіксіз еңбегі мен жігерінің жемісі. Оның әрбір қадамы, әрбір жетістігі «мүмкін емес» деген ұғымның жоқ екенін дәлелдей түседі. Алда да биік белестер мен жаңа жеңістер күтіп тұрғанына күмән жоқ.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.