ЖЕКЕ АЙЫПТАУ ІСТЕРІ

0

Соттар жеке айыптау қылмыстық істері бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың ар-намысын, қадір-қасиетін және жеке басына қол сұғылмаушылық құқықтарын, олардың басқа да конституциялық құқықтарының сотта қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында заң талаптарын нақты және бұлжытпай орындауы керек.  Жеке айыптау ісін қозғауға жәбірленушінің: 18 жасқа толған жеке тұлғаның, заңды тұлғаның, Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің (бұдан әрі — ҚПК) 75, 80-баптарында көрсетілген жәбірленушінің заңды өкілдерінің және өкілдерінің шағымы себеп болады.

ҚПК-нің 33-бабының екінші бөлігіне сәйкес, егер әрекет дәрменсiз немесе басқаға тәуелді жағдайдағы не басқа да себептер бойынша өзiне тиесiлi құқықтарды өз бетінше пайдалануға қабiлетсiз тұлғалардың мүдделерiн қозғайтын болса, прокурор жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң шағымы болмаған кезде де iс қозғауы мүмкін.

Шағымда көрсетілген әрекеттерде қылмыс құрамының немесе оқиғасының болмауына байланысты, соның ішінде жасалған әрекет маңызды емес, дәлелдемелер жоқ, шағымға бұрынғы соттылығы, айыпталушының психикалық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер тіркелмегенін негізге алып соттар шағымды іс жүргізуіне қабылдамауға құқылы емес.

Судья шағымды қабылдау кезінде ҚПК-нің 391-бабының бірінші бөлігін басшылыққа алып және оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін барлық мәліметтердің бар екендігін, атап айтқанда: қашан, кіммен, қай жерде құқыққа қарсы әрекет жасалғандығы, оның нақты қандай түрде болғандығы және шағым келтірілген тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жәбірленушінің өтініші немен дәлелденетіні көрсетілгендігіне көз жеткізуі тиіс.

Жәбірленушінің ауызша не жасырын түрде берілген шағымы іс жүргізуге қабылданбайды. Кінәлі тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы жеке айыптау ісі бойынша сотқа шағымымен жүгінген жәбірленуші көрнеу жалған сөз жеткізгені үшін қылмыстық жауапқа тартылатыны туралы судьямен ескертіледі.

Соттар жеке айыптау істерін қарау кезінде, басқа істерді қараған кездегідей, істің мән-жайларын жан-жақты толық және объективті зерттеп, сотталушыны айыптайтын, ақтайтын, сондай-ақ оның жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтау жөніндегі ҚПК-нің 24-бабының талаптарын қатаң түрде орындауы тиіс. Жеке айыптаушыға азаматтық талап қою жөніндегі дәлелдемелерді жинауға, егер ол бұл туралы өтініш білдірсе көмек көрсету соттардың қызметі болып табылады.

Қ.БЕРДЕНОВ, Қордай аудандық сотының тергеу судьясы

Leave A Reply

Your email address will not be published.