Әлем халқының басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер болғандықтан, оларға дұрыс көңіл бөлу сол қоғамның маңызды міндеті болып табылады. Гигиеналық дағдылар баланың денсаулығын нығайтуға ғана емес, сонымен бірге баланы әдептілікке, саналылыққа баулиды. Балаға гигиеналық тәрбие берудің негізі балабақшадан басталады, одан ары қарай мектепте тереңірек түсініктер беріледі.
Олар:
1.Оқу үрдісінде гигиена негіздерінен сабақ беру.
2.Мектеп оқушыларының мектептен тыс санитариялық ерікті жұмыстарын жүргізу.
3.Оқушылармен мектептен тыс санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізу.
4.Ата-аналармен санитариялық ағарту жұмыстарын жүргізу.
Балалар мен жасөспірімдерге гигиеналық тәрбие беру жұмысы мектептің оқу бағдарламасының міндетті құрамды бөлігі болып табылады.
Оқушыларға гигиеналық тәрбие беру бағдарламасы:
Денешынықтыру мен шынығудың салауаттандырудағы маңызы; мектеп оқушыларының ақыл-ой еңбегінің гигиенасы; тағамтану гигиенасы; жеке бас гигиенасы; жарақаттанудың алдын алу; кәсіптік оқытудың гигиенасы.
Денешынықтыру тәрбиесі баланың дене тұлғасының дұрыс дамуына көмектеседі. Мұнда олар іс-әрекеттің дене тұлғасының қалыптасуына әсерін, денешынықтыру жаттығуларының, қимыл-қозғалыстың, демалыстың ағзаның қалыптасуына тигізетін пайдасымен танысады. Балаларды таңертеңгілік жаттығуларды жасауға әдеттендіру де маңызды гигиеналық дағды болып табылады. Ақыл-ой еңбегі гигиенасына күн тәртібі, үйдегі және мектептегі сабақ оқу гигиенасы, демалыс тәртібі мен ұйқы гигиенасының мәселелері кіреді. Балалар жас мөлшеріне байланысты өздерінің күн тәртібінің элементтерінің ең дұрыс ұзақтығын білуі оны өмірде дұрыс пайдалана білуі керек. 10 жастан бастап мектеп оқушылары өздеріне ыңғайлы күн тәртібін құрастыра білуі керек. Жоғарғы сынып оқушылары қажу мен қатты қажудың физиологиялық маңызы туралы мағлұмат алып, бір күндегі, аптадағы, жыл бойындағы ақыл-ой қызмет қабілетінің динамикасы туралы түсінігі болуы керек. Балалардың тамақтану гигиенасы дастархан басында отыру, ыдыс-аяқтарды пайдалана білуден тұрады. Мұнда асықпай тамақ ішу, тамақ ішкен кезде сөйлемей, алаңдамай отыру дағдыларына үйренеді. Жарақаттану туралы оқушыларға жүргізілетін дұрыс гигиеналық тәрбиенің профилактикалық маңызы өте зор. Жарақаттану тақырыбында мектеп оқушыларына жол қозғалыс ережелерін оқытып, таныстыру басты мақсат. Мектепте және тұрмыста жарақаттанудың алдын алу үшін оның тал бұталардан, баспалдақтардан, құлау жағдайлары, асхана пышағын, қайшыны, газ плитасын, электрлі заттарды дұрыс пайдаланбаудан болатын қателіктер талқыланады. Жеке бас гигиенасының ережелерін сақтамау, тек озінің жеке басына ғана емес, сонымен қатар маңайындағы қарым-қатынастағы адамдарға да қолайсыз әсер етуі мүмкін. Мектеп оқушылары жеке бас гигиенасы туралы білім мен дағдыларды меңгеруі тиіс. Мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сыныптардағы мектеп оқушыларын қолдарын уақытында (тамақ ішер алдында, әжетханаға барғаннан кейін және жануарлармен ойнағаннан соң т.б) мұқият жууға, тісті күтуге, шаш пен тырнақтардың гигиенасына, бөлмелерді дұрыс жиыстырып, желдетіп отыруға дағдыландыру қажет.
Кәсіптік мамандыққа оқытудың гигиеналық тәрбиесінің негізі оқушыларға еңбек сабағында өндірістік процестер кезіндегі қауіптілікті түсіндіру болып табылады. Балалардың оқу бөлмелеріндегі санитариялық-гигиеналық тәртіп ережелерін білуі керек. Мектеп оқушылары верстактың өз жастарына сәйкес келетін биіктіктерін, арнаулы киімдерді таңдап алуы, құрал-саймандарды дұрыс пайдалана білуі керек. Қыз балалар тағам өнімдерін даярлау және сақтау жағдайына қойылатын гигиеналық талаптарды, іс тігу машинасын қолдану дағдыларын меңгереді. Барлық жастарда техника қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс.
Еңбекке баулу отбасынан басталады. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде паш етілетін отбасындағы еңбек тәрбиесіне біздің халқымыз мынадай қасиеттерге көп көңіл бөледі: еңбектің қажеттілігін түсіну, қоғам игілігі үшін еңбек етуге даяр болу, еңбекті бағалау, ісмерлік, тапқырлық, талпыныс, жылдамдық, іске жұмыла кірісу, отбасын қадірлеу, ұқыптылық, істі ақырына дейін жеткізу, іске білімін салу, жоғары сапалы еңбек. Бастауыш сыныптарда еңбекке баулу пәнін оқу барысында оқушылар түрлі материалдарды пайдаланып ойыншықтар жасауға үйренеді.
Осы орайда ата-аналар мынаған көңіл бөлуі тиіс: балаларға үнемі тапсырма беру керек, тапсырманы ыждаһаттылықпен түсіндіріп, кеңес беріңіз, жұмысты қалай істеу керектігін көрсетіңіз, жұмыс кезінде көмектесіңіз. Бала бастаған ісін соңына дейін тындырғанын қадағалаңыз. Балаға өз еңбегінің табысына рақаттануына мүмкіндік беріңіз. Әрбір ұсақ табысына көңіл бөліңіз, дұрыс бағалаңыз, қызығушылық танытып, бастама көтергені үшін баланы мақтаңыз. Бұл оған өз күшіне деген сенімін қалыптастырады.
Н.ҚУАТБАЙ,
Қордай аудандық санитариялық – эпидемиологиялық бақылау басқармасының жетекші маманы