Қазақ даласы табиғи қазба байлығы мен жаңғыртылатын энергия көздеріне өте бай. Дегенмен де энергетика нарқының тұрақсыздығы, қазба байлығының азаюы және экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан жаңғыртылатын энергия көздерін дамытуға батыл кірісе бастады. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының қабылдануы соның айғағы.
Жаңғыртылған энергия алудың басты қағидасы – ол үздіксіз болуы тиіс. Өйткені, бұл жерде энергия өндіру табиғи жолмен, адамның қатысынсыз жүргізіледі. Сондықтан да әлемдік нарықтағы энергия бағасына қарамастан жаңғыртылған энергияны шексіз, тоқтаусыз өндіре беруге болады. Оның үстіне, әлемдік нарықта дәстүрлі энергияға деген сұраныс тоқтаусыз өсіп келеді, ал оны өндіретін шикізат қоры азайып барады. Осы орайда Қазақстанның табиғи орналасуы мен географиялық жағдайы жасыл энергетиканы, оның ішінде жел энергиясын мол өндіруге үлкен мүмкіндік береді. Өйткені, бізде орташа есеппен секундына 5-6 метрге жететін жел тоқтаусыз соғатын «дәліздер» баршылық. Сондықтан да кейінгі жылдары жел энергиясын өндіру саласы жылдам дами бастады.
Елдің энергетикалық қауіпсіздігі басты стратегияның бірі дейтін болсақ, қазақ даласындағы жел ресурсын барынша пайдалану басты міндеттің бірі болып отыр. Дәстүрлі энергетиканың басты кінаратының бірі – алыс жерге қуат жеткізу кезінде энергияның біраз бөлігі ескі инфрақұрылым мен ұрлықтың кесірінен «желге ұшып» кетеді, шығын көп. Сол себепті көмір және газ электр стансаларымен салыстырғанда жел энергиясын өндіру экономикалық жағынан өте тиімді. Яғни, болашақта жел қатты соғатын аудандарда жел энергиясы стансаларын салу көмір жағып, қуат алатын станса салғанмен бірдей. Ал экологиялық тұрғыдан алғанда 500 мегаваттық жел электр стансасы бір жылда сағатына 1,5 миллион МВт өндіре алады, сөйтіп ауаға 1,5 миллион тонна парник газын, 12 мың тонна күкірт оксидін, 708 мың тонна азот оксидін, 12,6 мың тонна күл мен 420 мың тонна қатты қалдықтар шығарудан сақтайды. Сондықтан Қазақстан үкіметі жаңғыртылған электр қуатының нақты бағасын бекітіп қойды. Жел турбинасын айналдыратын жел қуаты секундына 5 метрден кем болмауға тиіс. Қазақ даласының өн бойында ондай қуатты жел тоқтамай соғады. Ал, Каспий аймағы, орталық және солтүстік, оңтүстік және шығыс Қазақстан аймақтарында жел энергетикасының дамытудың өте жоғары мүмкіндігі бар.
Қазақстан Республикасының индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің зерттеуіне қарағанда еліміз жылына 920 миллиард КВтч жел энергиясын өндіре алады. Қазір елімізде бірнеше жел электр стансасы жұмыс істеп, тағы бірнешеуі салынып жатыр. Энергетикалық қуаты 1500 кВт жететін Қордай жел электр стансасы Жамбыл облысында 2011 жылы іске қосылды. 2013 жылы Ақмола облысында Ерейментау жел электр стансасының құрылысы басталып, 2017 жылы қуат бере бастады. Ол жерде алынған электр қуаты 8 шақырымдық жүйе арқылы ұлттық электр тасымалдау желісіне қосылған. Қазір кәсіпорынның қуаты сағатына 80 миллион кВт. Оны екі есе ұлғайтуды көздеп отыр. Сол кезде 100 мың тонна көмір үнемдеуге жетеді екен. 2020 жылдың басында Eni итальяндық энергетика компаниясы Қазақстанның солтүстік батысында 48 МВт қуаты бар Бадамша жел электр стансасын іске қосты. Бұл станса аймақты жылына 198 ГВтч электр қуатымен қамтамасыз етеді деген жоспар бар. Соның арқасында көмір электр стансалары шығаратын 172 мың тонна көмірқышқыл газынан құтқарады. Сонымен қатар Жаңатас жел электр стансасы салынатыны туралы жарияланды. 100 МВт энергия өндіретін бұл станса ауаны 262 мың тонна көмірқышқыл газынан сақтайды.
Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ең ірі жел электр стансасын Жоңғар қақпасында салуды көздеп отыр. Ол оншақты алаңды қамтиды. Көмір электр стансаларына қарағанда ауаны ластамайтын, экологиялық жағынан таза технологияға негізделген жел энергетикасын пайдалану Қазақстан үшін өте маңызды. Ол ең алдымен айнала қоршаған орта мен адам денсаулығын сақтайды. Сонымен қатар жаңғыртылатын энергия көздерін дамыту экономика мен энергетика саласының диверсификациясына, яғни әртараптандыруға үлкен әсер береді. Сөйтіп,жаңғыртылатын энергетиканы дамыту мықты экономиканың негізін қалап, халықтың электр қуатына деген сұранысын қамтамасыз етеді. Әрине, жел энергетикасының кемшілігі де жоқ емес. Жел табиғи процесс. Ол бірде соғады, бірде тоқтап қалады. Сондықтан энергия өндіру де тежеліп отыруы мүмкін. Осыған орай желден энергия өндіруді кесте бойынша тоқтаусыз энергия беретін көздермен сәйкестендіру керек. Олай болса әлі де болса жел энергиясына өз алдына бөлек қуат көзі емес, басқа энергия көздеріне қосымша ретінде, толықтырушы ретінде қараған дұрыс болар.
С. АҚЫНЖАНОВ