№23 Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектебінде «Тәуелсіздік – ғасырлар бойы аңсаған арманымыздың ақиқатқа айналуы» тақырыбында желтоқсан оқиғасына қатысқан ардагерлермен кездесу өтті. Сол оқиға куәгері, қазіргі таңда Жамбыл облыстық мәслихаты аппаратының бас инспекторы, облыстық «Желтоқсан ұшқыны» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Жарылқасын Өнетаев, Гвардейск қалашығындағы ғылыми зерттеу институты қызметкері Жұмағали Қошеметов қонаққа шақырылды.
Жұмағали Қауқарбайұлы оқушыларға еліміз тәуелсіздігіне қалай жеткенін және өзі де желтоқсан оқиғасына қатысқаны туралы әңгімелеп берсе, Жарылқасын Жұмаділұлы сондағы болған оқиғаларды өз көзімен көргенін, қандай сезімде болғанын, қаһарман Ләззәтпен бірге оқығаны турасында сөз етті.
«Ендігі тілегіміз тәуелсіздігіміздің туын көкке көтерер, ата-бабаларымыздың асыл мұраттарын асқақтатар бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі еліміздің тізгінін ұстар жастарымыз өз жерімізді, өз елімізді қадірлеуге, сүюге тиіс екендігін естен шығармаса екен дейміз», — дейді оқушылармен кездескен қонақтар. Кездесу соңында мектеп директоры Толғанай Мамырбаева меймандарға алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Забира МҰналова, мұғалім