ЖЕЛТОҚСАНДЫ ЕСКЕ АЛСАҚ, ДЕНЕМІЗ ТҮРШІГЕДІ…

0

АУДАНЫМЫЗДА Б.БӨЛТІРІКОВА АТЫНДАҒЫ №4 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНДЕ ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРІЛІСІНІҢ КУӘСІ БОЛҒАН ҰСТАЗДАР ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІНІН БІРІ БІЛСЕ, БІРІ БІЛМЕЙДІ. КЕШЕГІ ҚАЙСАР ДА НАМЫСШЫЛ БОЙЖЕТКЕНДЕР БҮГІНДЕ БОЛАШАҚ ҰРПАҚТЫ БІЛІМ НӘРІМЕН СУСЫНДАТЫП ОТЫРҒАН АРДАҚТЫ ҰСТАЗ. 1986 ЖЫЛДЫҢ ЖЕЛТОҚСАНЫНДАҒЫ КӨЗ КӨРІП, ҚҰЛАҚ ЕСТІГЕН СӘТТЕРДІҢ БӘРІ ЕСІМІЗДЕ ДЕЙДІ МҰҒАЛІМДЕР.
Айша Кәрібаева, биология пәнінің мұғалімі:
– Мен ол кезде ауылшаруашылық институтының 5-курс студенті едім. Алаңға жалғыз емес, күйеуім екеуіміз шықтық. Қайта сол уақытта жанымда жолдасымның болғанына шүкір деймін. Ол болмаса алаңда милициядан таяқ жеп, көп адамның арасында тапталып, аман қалмас па едім деп ойлаймын. Құлап, сүрініп жатқан қанша қыздар болды. Жазықсыз ұрып-соғып, көліктеріне мал тиегендей тиеп алып, айдалаға лақтырды ғой бәрін. Талай жас азаттық жолында қыршыннан кетті, сотталды. Ол дүние екі күнмен шектелген жоқ. Біз өзіміздің қазақ екенімізді еркін айта алмайтынбыз. Қазақтарға қысым көрсету Тәуелсіздігімізді жариялағанға дейін жалғасты. Сондықтан азаттықтың ауасымен тыныстаған қазіргі жастар бақытты. Бүгінгі бейбіт күннің қадірін жете түсініп, кешегі желтоқсан құрбандарының ерліктерін ұмытпау – олардың парызы. Біз оқушыларға сабақ сайын осыны айтудан жалықпаймыз.

Айгүл Шотанбаева, химия пәнінің мұғалімі:
– ҚазПИ-де оқитынмын, сонда небәрі 20 жаста екенмін. Ол күні бізде семинар өтіп жатқан. Бір кезде көшеде айғай-шу болып кетті. Терезеден қарасақ лозунг ұстап алған жастар алаңға қарай ұрандатып кетіп барады. Ол кезде митинг, демонстрацияның не екенін де білмейміз ғой. Мейрам сайын мерекелік шеруге ғана шығатынбыз. Сонымен не болғанын түсінбей абдырап қалдық. Тобымызда бір қыз Д.Қонаевты биліктен алып тастап, оның орнына Колбинді әкеп қойғанын жаңалықтан көргенін айтты. Бізге мұғаліміміз қалмаңдар, бәрің түгел алаңға барыңдар деді сол кезде. Бәріміз тұра жүгірдік. Барсақ алаң толған жастар. Мен сол кезде қазақ жастарының мықтылығына, ауызбіршілігіне таң қалдым. Бір-бірімізді танымасақ та, бір үйдің баласындай бірігіп «Менің елім» әнін айқайлап шырқап барамыз. Бір кезде политбюроның мүшелері шығып, «Жастар, балаларым, қайтыңдар! Шейіт болып кетесіңдер. Ертең өздеріңе зардабы тиеді, оқудан қуыласыңдар, жұмыстарыңнан айырыласыңдар» деп ескертті. Бірақ оларды елеп-ескерген ешкім болмады. Кешке дейін сол жерде жүрдік. Өзіміз ашпыз, әбден тоңып қалғанбыз. Қалың қазақ жастарының арасынан бір бауырымды кездестіріп қалдым. «Неғып жүрсің бұл жерде?! Тез кері қайт!» деп жатақханаға жетектеп әкеп тастады. Жатақханаға қалай келдік содан бізді қамаққа алды. Декан, проректорларымыз кезекшілік етіп, ешқайда шығармай қойды. Алаңда болып жатқан жағдайды терезеден бақылап тұрдық. Бір уақытта 13 өрт сөндіретін көлік алаңға қарай бет алды. «Не істейін деп жатыр? Осымен жастарды тоқтатпақ па?» деп өз көзімізге өзіміз сенбедік. Ертеңіне көтеріліске шыққан қыз-жігіттер жатақханаға қайта бастады. Солардың арасында Жамбыл облысы, Сарысу ауданынан бір қыз болатын. Сол қыз кеңестік әскерилерден әбден таяқ жеп, денесі көкпеңбек болып қайтты. Оны түрмеге алып барған екен. Қарама-қарсы тұрған темір тордың біріне қыздарды, біріне жігіттерді қамап қойып, қазақ қыздарын жігіттердің көзінше әдейі тепкілеп, ұрды деп адам шошырлық жағдайларды бізге айтып берген еді… Қанша уақыт өтсе де ол күндерді еске алсақ денеміз түршігеді, – дейді ұстаз.

Ботагөз Сатубалдиева, тарих пәнінің мұғалімі:
– Өз елінің Тәуелсіздігін талап етіп, шеруге шыққан жастарға «нашақор», «бұзақы», «ұлтшыл» деп жалған кінә тағылды. Ол жерде ешқандай нашақор, бұзақылар болған жоқ. Жұмыссыздық деген ұғым болған емес ол кездері. Біз алаңға арнайы бір жоспар құрып немесе кейінгі ұрпақ бізді мақтан ететін болады деген оймен шыққан жоқпыз. Жастардың қарсылығы осыншама дүрбелеңге айналады деп те күтпедік. «Неге өзге ұлт қазақты басқарады?» деген сұрақ қана бізді біріктірді. Тағы бір айта кететінім, желтоқсан оқиғасына қазақтарды қолдап қырғыз бауырламыз да шыққан еді. Фрунзеден келген, политехте оқитын жүректі қырғыз ер-азаматтарды алаңнан кездестіргенде оларға ырза болдық.
Қай заманда да қоғам сипатын бір өзгертсе жалынды жастар өзгертеді деп сенген. Өйткені бойындағы өршіл намыс пен мұқалмас жігердің арқасында жастардың алмайтын асуы, жетпейтін белесі жоқ. «Мен жастарға сенемін» деп кеткен Мағжан Жұмабаев сынды қазақтың бағына біткен азаматтары өздері көзі тірісінде жете алмаған арманына жастар жетеді деп үміт артты. Расында ұлттың ертеңі – жастардың қолында. Қазіргі ұрпақтың көзі ашық, көкірегі ояу, мүмкіндіктері мол. Тек соны дұрыс бағыттай білу керек.
Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.