Сыбайлас жемқорлық тек елімізде ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемде өзекті мәселе болып табылады. Елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданғаннан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейкесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады.
Сыбайлас жемқорлық – ұлтымыздың қауіпсіздігі мен еліміздің халықаралық беделіне, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына елеулі нұқсан келтіретін қауіпті құбылыс.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет деңгейін қалыптастыру болып табылады. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңында «сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл субъектілерінің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтау және нығайту бойынша өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын қызметі» деп түсіндіріледі. Қоғамның дамуына кері әсер ететін парақорлықтың алдын алудың бірден-бір жолы – адалдықты дәріптеу. Өйткені адал адам парақорлыққа бармайды, өз міндетін адал, мінсіз атқарады. Білімі мен біліктілігін елінің өсіп өркендеуіне арнайды. Мұндай азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әр азаматтың ұстанымына, ал адалдық пен сатылмаушылық мінез-құлық нормасына айналатын болса, онда қоғам індетіне толық тосқауыл қойылатын болады. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттің міндеті емес, баршаға ортақ міндет екендігін ұмытпаған абзал.
М.Намазалиева, «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕ АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша филиалының Қордай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы