Гвардейск гарнизонында «Өмірді сақта» акциясы аясында іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыруды, сонымен қатар адамдар қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажеттігін тапсырған болатын.
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаменті бастығының орынбасары әділет майоры Нұржан Жапаров пен әділет майоры Серік Шалгинбаев Гвардейск гарнизонына қызметтік іс-сапармен келіп, «Өмірді сақта» акциясы аясында әскери қызметшілермен кездесу өткізді.
Шара барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының заңдары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнама нормалары жеткізіліп, түсіндірілді. Сыбайлас жемқорлықты азайту және оны әскери ортада жою бойынша жұмысты жандандыру үшін нақты міндеттер қойылды. Сондай-ақ, әскери бөлімдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланып, талдау жасалды.
Кездесу үстінде әскери қызметшілерге 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының заңдылығы түсіндірілді.
Шара соңында әскери қызметшілердің жеке сұрақтары бойынша жеке қабылдау ұйымдастырылды.
— Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету Қорғаныс министрлігі жұмысының басым бағыттарының бірі болып табылады. Біз, «Өмірді сақта» акциясы аясында алдын алу жұмыстарын жүргізудеміз. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмыстарды сапалы жүргізу өте маңызды. Мұнда әрбір әскери қызметшінің жеке тәртібі мен жауапкершілігі басты рөл атқарады. Біз бұл жұмыстан оң нәтиже күтеміз, — деді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаменті бастығының орынбасары әділет майоры Нұржан Жапаров.
Қарулы күштерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар, әдеп нормалары қабылданып, қолданылғанын, аттестаттау комиссияларының қызметі ұйымдастырылғанын атап өту қажет. Олар сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары лауазымдарға тағайындау кезінде үміткерлерді қарайды.
Гвардейск гарнизонының
баспасөз қызметі