Бүгінгі таңда өңірімізде бау-бақша өсіру және жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу бойынша түркиялық инвесторлар ауқымды жобаны жүзеге асыруда. Бұл салада мол тәжірибесі бар Göknur Gıda түрік компаниясы өз Отанында жеміс-көкөніс концентраттарының ең ірі өндірушісі ретінде танымал.
Жуырда «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қызметкерлері «Самұрық-Қазына Инвест» өкілдерімен бірлесіп, шетелдік серіктестеріне жобаны іске асыру үшін жер учаскелерін көрсетті.
Блоктың басқарушы директор Еркін Жылысбек сөзінше, «Тараз» ӘКК» АҚ, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС және «Goknur Gida» ЖШС арасында инвестициялық келісімге қол қою жоспарлануда. Ал жобаның құны 90 миллион АҚШ долларынан асады және 40 мың адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жобалық қуаттылығы алғашқы кезеңдерде 90 мың тоннадан астам өнімді құрайды деп күтілуде.
– Түркия мемлекетінде Göknur Gıda компаниясы 500 ірі компаниялардың санатында. Компанияның меншігінде 2500 гектар жеміс бақтары, 4 өндірістік алаңы, 2 биогаз зауыты, АҚШ, Еуропа, ҚХР және басқа елдерде орналасқан жеміс сақтау қоймалары бар. Сонымен қатар, компания жемістер мен көкөністерді өсіру бойынша зерттеулер жүргізумен айналысады. Компанияның айналымы 150 миллион АҚШ долларынан асады, – дейді «Göknur Gıda» ЖШС директоры Осман Асланали.
Айта кетейік, апта сайын облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өтетін инвестициялық штаб отырысы аясында «Бизнеске арналған үкімет» фронт-офисінде қарқынды бақтар салу және жемістер мен көкөністерді өңдеу бойынша еліміздің оңтүстігінде ірі жобаны іске асыру мәселелері талқыланады. Дәл сондай жиынға «Göknur Gıda» ЖШС директоры Осман Асланали, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Бас директоры Сәкен Әбілмажинов, «Тараз» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров та қатысқан болатын. Басқосуда «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Бас директоры Сәкен Әбілмажинов «Тараз» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ықпалымен өңірді аралауға мүмкіндік туғанын жеткізді.
– «Тараз» ӘКК ұйымдастыруымен өңір аумағын араладық. Біз бірнеше жерге арнайы барып, зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде нәтиже жаман емес. Бұл жобаны сәтті жүзеге асыру үшін қажетті шараларды қолға аламыз. Барлық корпоративтік шешімдер қабылданды, – деді өз сөзінде С.Әбілмажинов.
Ал Осман Асланали Түркия мемлекетінде Göknur Gıda компаниясы жетекші экспорттаушы компаниялардың бірі екеніне тоқталып, Жамбыл облысында өндірілген өнімді ішкі нарықта және шетелдерде сатуды жоспарланып отырғанын айтты.
Жиын қорытындысында өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы түрік инвесторлары ұсынған жобаны іске асыру үшін жауапты басқармаларға тиісті көмек көрсетуді тапсырды. Өз кезегінде Дәулет Әбілқайыров «Тараз» ӘКК» АҚ тарапынан инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажет нәрсенің бәрі дайындалғанын мәлімдеді.
Кирилл БЕРДЕЦКИЙ,
«Тараз» ӘКК» АҚ баспасөз қызметі