Жер ресурстары Қазақстанның басты байлығы және оның экономикалық дамуының көрсеткіші болып табылады. Мемлекет басшысының Жолдауында маңызды мәселелер қатарында жерлерді тиімді және мақсатты пайдалану, бақылау және құқықтық қорғау мәселелері көрсетілген болатын. Осыған орай Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Бекнұр Юсуповты жер қатынастары мәселесі бойынша әңгімеге тарқан едік.
-Бекнұр Серікұлы, ауданның жерлері турасында айтып өтсеңіз, олар қаншалықты тиімді пайдалануда?
— Ауданның жер қорының жалпы көлемі 898,4 мың гектарды құрайды. Оның ішінде: ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 607,3 мың гектар, (оның ішінде көлемі 136,3 егістік, оның ішінде көлемі 40,2 мың суармалы егістік, көпжылдық екпелер-0,7 га, жайылым – 454,0 га, шабындық – 9,0 га, бөгде 7,3 га; елді мекендердің жерлері -83,2 мың гектар; орман қорының жерлері–122,5 мың гектар.
Бөлімге мемлекеттік стандарт бойынша жалпы 1506 өтініш түсті, оның 1363 қанағаттандырылып, 143-нен бас тартылды. Оның ішінде: жерге орналастыру жобасын бекіту – 1432 өтініш, нысаналы мақсатын өзгерту – 48, а/ш алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру – 4, іздестіру жұмыстары – 5 өтініш, сауда – саттықты (конкурстарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқық алу – 16, жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату-1. Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне сәйкес жер комиссиясының 34 отырысы өткізілді.
-Игерілмей жатқан ауыл шаруашылық жерлерді анықтау және қайтару мәселесі облыс әкімінің ерекше бақылауында тұрғаны белгілі. Қордай ауданындағы жағдай қалай?
— Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай, елді мекендер аумағына 5 шақырым радиустағы 23 461 гектар жайылым жерлерді мелекеттік мұқтаж үшін алу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мелекеттік мұқтаждыққа алынатын жер учаскелері және жер пайдаланушылардың тізімдері анықталды. Мемлекет мұқтажына алынғаннан кейін жерлер ауылдық округ әкімі аппараттарына бекітіліп беріледі, ал олар өз кезегінде, осы бөлінген жайылымдарда жергілікті тұрғындардың мал жаю тәртібін реттейді.
-Аудан әкімінің қабылдауларында мал жайылымы мәселесі жиі көтеріліп жатады. Ауданда бұл мәселе қалай шешілуде?
— Босалқы жер қорында 11 780 га жайылым жерді елді мекендерге қосымша бекітіп беру бойынша түгендеу жұмыстары жүргізіліп, аудан әкімінің ауылдық округтерге ауыл тұрғындардың жайылым жерге мұқтаждығын қанағаттандыру мақсатында тиісті қаулысы қабылданды (21.11.2022 жыл №471 қаулы).
Мал басы тіркелмеген жалпы көлемі 42412 гектар жер учаскесі бойынша 4 субьектіге ескерту берілді
«Геопортал» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге сай Қордай ауданының аумағында 78578 га жайлымда малы тіркелмеген 404 жер пайдаланушы анықталды. Бұл мәлімет Қордай ауданы ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-нің «ИСЖ» ақпараттық базасымен мал басы тіркелгендігі немесе тіркелмегендігі туралы салыстырылып, нәтижесінде тиісті заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігінің жер ресурстарын басқару комитеті «Жамбыл облысы жер ресурстарын басқару департаменті» РММ-не хат жолданды. Аудан тарапынан ауылшаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі 317,0 гектар жайылым жер учаскесі мемлекеттік меншігіне қайтарылды.
-Ауданда одан әрі дамуды көздеп отырған шаруалар аз емес. Ал ол үшін қосымша жер қажет.
— Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 43-1-бабына сай, мемлекеттік меншіктегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскелерін беру конкурс негізінде жүзеге асырылады.
3 инвестициялық жоба тіркелген, олар пайдалы қазбаларды өндіру үшін «Шоқпар-Гагаринское» ЖШС-не 1101,39 га жер учаскесі табысталды. Жобаның құны 22 млрд.теңге және балық өнімімен консерві заттарын өндіру мақсатында «Есаров» ЖШС-не 5 гектар жер учаскесі бөлініп берілді, жобаның құны 141,5 млн.теңге. «EcoChiken» тауық өсіру инвестициялық жобасы бойынша ауылдық округтерден ұсыныс хат түсіп, 8 га жер учаскелерін беру туралы аудандық жер комиссиясының оң қорытындылары қабылданды.
-Жер бойынша аукциондар қаншалықты жиі ұйымдастырылады және олар қаншалықты тиімді пайдаланылады?
— Өздеріңізге белгілі, 2022 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2021 жылғы 15 қазандағы «Жер учаскелерін немесе жер учаскелерін жалға алу құқығын сату жөніндегі сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында электрондық түрде ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын бекіту туралы» №297 бұйрығына аукцион электронды түрде өткізілуде. Жалпы көлемі 6,37 гектар 19 жер учаскесін сату бойынша 4 аукцион ұйымдастырылып, аудан бюджетіне 48,2 млн. теңге қаражат түсті.
-Сұхбаттыңыз үшін рахмет.
Ләйлім ДОСЕМБЕКОВА
ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА
Prev Post