ЖЕР КЕЗЕГІНЕ ТҰРҒАНДАРДЫҢ САНЫ 20 МЫҢҒА ЖУЫҚТАДЫ

0

Жергілікті биліктің халықпен кездесулері мен әкімдердің жеке қабылдауларында тұрғындардың жиі көтеретін мәселелері – тұрғын үй мәселесі мен жер кезегі. Сондықтан да бұл жергілікті атқарушы органның күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе.

Осы тақырып төңірегінде сейсенбі күні Жамбыл облысы әкімінің төрағалығымен жиын өтіп, аймақтағы жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған алқаптардың игерілуі және жол саласының мәселелері қаралды.

Бүгінде аудандағы тұрғын үй кезегі алға жылжып, көпқабатты тұрғын үйлер қолданысқа берілуде. Десе де жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін кезекте тұрған ауыл азаматтарының кезегі өзгеріссіз. Қордай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес,  Қордай ауданы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер алуға 19 483 азамат кезекте тіркелген.

Баршаға белгілі, Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің кез келген аймағынан тұрғын үй салу мақсатында мемлекет тарапынан бір рет тегін 10 сотық жер телімін алуға құқылы. Дегенмен, Заң талаптарында көрсетілгендей үш жыл өтсе де, әлі күнге дейін үй құрылысы басталмаған жерлер бар. Ол алқаптарға қомақты қаржыға қажетті инфрақұрылымдар тартылған. Мәселен, ауданымызда соңғы 10 жылда уақытша өтеулі пайдалану құқығына 3748 жер учаскесі берілген. Оның 642 игерілген, яғни тұрғын үйлер бой көтерген. Ал 2861 жер учаскесі толық игерілмеген, 31 учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер учаскелері 3 жыл мерзімге жалға өтеулі пайдалану құқығына берілетінін, осы мерзім ішінде жер учаскесін пайдаланбаған жағдайда ҚР Жер Кодексінің 81-бабына сәйкес мемлекеттің жер қорына кері қайтарылатындығы туралы жергілікті тұрғындарға жергілікті басылымдар мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де оң нәтижесін бермей отыр.

Биылғы жылы  2 алқапта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасының құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 452 жер телімдері таратылуға дайын, Отар ауылдық округі бойынша  200 учаске, Қордай Батыс алқабы 252 учаске. Бүгінде ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан кезекте тұрған азаматтардың құжаттарын заңдастыру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, қазіргі таңда кез келген азамат Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметінің egov.kz порталы арқылы тұрғын үйдің жер кезегіне қоя алады. Жеке тұлға өзінің жер кезектілігіне қойылғандығы немесе оның жылжығаны туралы мәліметті бірыңғай Мемлекеттік Жылжымайтын мүлік кадастры map.gov4c.kz/egkn сайты арқылы біле алады. Осы арқылы Қордай ауданына немесе басқа да аймақтарға жер кезегіне тұруға толық мүмкіндік бар. Қала әкіміне келіп, өтініш жасамай-ақ, электронды түрде кезекке тұруға мүмкіндік жасалған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.