ЖЕРДЕН ҚУАТ, ЖЕРДЕН ӨНІМ

0

Рас, өткенді білмей бүгіннің болмысына бойлау, болашаққа бағдар жасау әсте мүмкін емес. Бүгін біз топырағын басып, суын ішіп жүрген қасиетті Қордай жерінің осыдан ондаған жылдар бұрын қандай болғаны, нендей оқиғалардың тарих қойнауына енгені, меніңше, кімді де болса алаңдатары анық. Сол себепті біз таяуда кеңестік дәуірдегі атом өнеркәсібінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан Мұзбел ауылына
табан тіреп, көрген-білгенімізбен бөліскенді жөн көрдік.
Жалпы, Қордайдан қырық шақырым жердегі Мұзбел ауылының тарихы терең, қазба байлығы кемел. «Қордай» асуының қақ ортасы, яғни теңіз деңгейінен 1200 метр биіктіктегі тау жоталарын бойлай орналасқан елді мекенде бүгін бар болғаны отызға тарта үй, жақында жөндеуден өткен жол, жалғыз медициналық пункт бар. Асудағы ауылдың ауданға жақындығына қарамастан бұл жердің табиғаты да, өсімдік әлемі де тым бөлек. Жазы салқын, қысы солтүстік-шығыстан соғатын бұрқасын желімен ерекшеленеді. Бұған күре жолдың бойындағы біркелкі қисайған аласа ағаштар, сай-саланы бойлаған күртік қар дәлел. Міне, Мұзбелдің бүгінгі келбеті осындай. Ал, осыдан жарты ғасыр бұрын ауылдың әлеуеті қандай болды және ол өзге елді мекендерден несімен ерекшеленеді? Атом өнеркәсібі мен атақты Панфилов дивизиясының ауылға қатысы қанша? Ел арасында «Өлі көл» аталатын көл қайдан пайда болды? Осы және өзге сұрақтарға жауапты өткен күндердің күнтізбесінен іздесек…

ҚОРДАЙ ЖЕРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ
УРАН ӨНДІРІСІ
1940-шы жылдардың соңы. Қуатты энергия көздерін іздестіріп, атом өнеркәсібін дамытуға мықтап кіріскен Кеңес үкіметі 1946 жылы құпия түрде «Волков» экспедициясын жасақтайды. Білікті геологтар мен түрлі сала мамандарынан құралған топ бірнеше бағытта Қазақстан аумағындағы уран кен орындарын барлау жұмыстарын жүргізіп, 1951 жылы ең алғашқы кен орнын анықтады. Бұл «Курдайское» деп аталатын Мұзбелдегі уран кені еді. Сол кездегі геологтардың мәліметінше, оңтүстік Қазақстан аумағынан табылған бұл уран «провинциясы» әлемдегі ең үлкен уран қоры деп танылды. Осының арқасында Қазақстан өңдеуге жарамды әрі таза шикізат қоры жағынан әлемдегі көшбасшы елге айналды. Бұл жайында қазіргі «Волковгеология» АҚ директорының орынбасары В.Северныйдың мынадай естелігі сақталған: «Қордайдың ураны СССР аумағында, қала берді бүкіл әлемде өндіріліп жатқан уранның ішіндегі ең тазасы. Сондықтан, алғаш атом өнеркәсібіне де, атом бомбасына да, «Чернобыль» АЭС да дәл осы уран пайдаланылды. Әлемдегі уранның ең көп қоры да сол аумақта орналасқан». Міне, өздеріңіз байқағандай мақаламызды Мұзбелдің атом өнеркәсібінің өркендеуіне қосқан үлесінен бастап отырғанымыз кездейсоқтық емес. Елді мекеннің құрылуы да, өркендеу тарихы да уран өндірісімен тығыз байланысты.
1952 жыл. Кен орны ашылғаннан кейін Мұзбелге жан-жақтан мамандар тартылып, ауылдағы тіршілік жандана бастады. Геологтар мен шахтерлар алғашында асудың асау табиғатымен арпалыса жүріп, ағаш күркелер мен палаткаларда өмір сүрсе, кейіннен оларға арналған үйлер салынды. Ауылда қоғамдық орындар пайда болып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Кейбір деректерге сүйенсек, шахтаның ұңғымалары мен карьерлерін қазуға арнайы түзету мекемелерінің өкілдері де қатысқан. Жасыратыны жоқ, мұндағы жұмысшыларға тәулігіне 14 сағаттан демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Қысы-жазы жұмыстың басым бөлігі қолмен жасалатын, техника жоқ, оның орнына есекке жегілген арба. Осы кезде шахтерлар мен «ала көйлекті» тұтқындардың арасында сол жерде жан тапсырғандары да аз болмапты-мыс. Алайда, мұнымызға нақты дәлел жоқ. Десе де, шахтаның солтүстік-шығыс беткейіндегі қаз-қатар тізілген құпия тастарды кейбір дереккөздер осында қаза болған адамдардың құлыптасы болуы мүмкін дейді. Алыстан қарағанда көзге оғаш көрінетін ірі тастар расында жіпке тізгендей түп-түзу орналасқан. Көлемі ірі, саны жүзден асады (суретте). Осы мәселеге байланысты «Волков» экспедициясының өкілі, геолог В.Северный «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында: «Рас, жұмыс оңай болған жоқ. Күн суық, қар қалың. Ауыл мен шахтаның ортасында адамдар боранды күні адаспасы үшін темір арқан тартылатын. Мысалы, 1 килограмм таза уран алу үшін 1 тонна топырақты қопару қажет болса, бір реактордың жұмысына 50 тонна уран дайындалуы тиіс еді. Жұмыстың көлемі мен ауырлығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрине, адам шығыны да болды, оны неге жоққа шығарайын. Егер біз геологтар идея үшін, өз еркімізбен табанымызды тоздырсақ, «ала көйлекті» азаматтар мерзімін өтеп жүрді…», деп қысқа қайырған ол алып тастардың сырын сол күйі жабулы қалдырды. Дейтұрғанымен, мұндағы өлім-жітімді ураннан шыққан радиация емес, сол кездегі жұмыс жағдайының төмендігі және ауырлығымен байланыстырған жөн. Өйткені, уран арнайы өңдеуден өтпейінше, яғни тыныш күйінде адам ағзасы мен қоршаған ортаға әсері әлсіз. Зияндысы тек уранның бөлінуінен туындайтын радий мен радон. Осыны түсінген мамандар қиындыққа қарамастан сұр түсті «отынның» өндіріс қарқынын арттырып, он жылдан астам уақыт бойы атомдық өнеркәсіп кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге барынша атсалысты.
Өкінішке орай, заман бір орында тұрмайды. Уақыт өте кеңестік билік уран өндірісін тиімсіз деп танып, 1967 жылы кен орны жұмысын біржолата тоқтатты. Бір жылдан соң сол кездегі ережеге сай ондағы құрылғылар мен нысандар жойылып, ондаған шақырымдық шахталардың кіреберісіне бетон құйылды. Алайда, қоршаған ортаны сауықтыру мәселесі назарға алынбады. Осыған байланысты бертін келе Мұзбелдің маңайындағы жер құйқасы мен сулардың құрамы тексеріліп, «Халық денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасы аясында кен орнын қайта консервациялау, қоршаған ортаны сауықтыру, қалдықтарды радонға қарсы экранмен жабу және санитарлық-қорғаныс аймағын құру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде ауылдың төңірегіндегі радиация аясы қалыпты деңгейге жетіп, тұрғындардың қорқынышсыз өмір сүруіне мүмкіндік туды. Осы орайда Мұзбелдің маңындағы көркіне көз тоймас «Өлі көл» жайында айта кеткен жөн болар (суретте). Бұл уран карьері мен шахталар консервацияланғаннан кейін табиғи жолмен пайда болған көл. Ауыл тұрғындарының айтуынша, тереңдігі 150 метрден асады. Батыстан шығысқа қарайғы ұзындығы 570 метр болса, ені 200 метрге жуық. Бір қарағанда табиғаттың тамаша сыйы. Алайда, мұнда шомылуға да, серуендеуге де тыйым салынған, ал айналасы тікенді сымдармен қоршалған.

ПАНФИЛОВ ДИВИЗИЯСЫ
ТҰРАҚТАҒАН МЕКЕН
Уран шахталары консервацияланғаннан кейін Мұзбелдегі қайнаған өмір тоқтаған жоқ. 1970-ші жылдардың орта шенінен 1980-ші жылдардың соңына дейін мұнда әйгілі генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 23-ші полкі орналасты. Үлкен гарнизонда артиллерия және танк полкі, мотоатқыштар, зенитшілер мен саперлар батальоны сынды бірнеше әскери бөлімдер болған. Осы кезде Мұзбелдегі адам саны 10 мыңнан асып, Чехов атындағы зәулім мектеп, қос қабатты тұрғын үйлер, бірнеше балабақша мен тақтайдай түзу көшелер салынды.
«Мен осында туылдым, өстім, мектеп бітірдім. Уран өндіру жұмыстары аяқтала салысымен мұнда білдей бір гарнизон құрылды. Қазір айтсам сенбейсіздер, бірақ сол кезде Мұзбеліміз қанатын кеңге жайып, гүлдене түсті. Ауылда орталық саябақ, орталық монша мен орталықтандырылған ауыз су жүйесі салынды. Тұрғын үйлер мен әскери бөлімдердің барлығы бір типтес еді. Көшелері қаз-қатар түзу, жол жиектері әктелген, бір түйір артық шөп жатпайтын. Тіпті, өзге жерлерде «дефицит» болған заттар біздің әскери дүкенде сатылатын. Бұл аз десеңіз Кеңес Одағының батыры, панфиловшы В.Клочковтың музейі де, әскери зауыт та, банк филиалы да біздің ауылда еді. Әттең, бүгін ол жоқ…», — деп күрсінді ауыл тұрғыны, зейнеткер Б.Күмісбеков.
Иә, қарияның сөзінен байқалған мұңның себебі түсінікті. Бір кездері гүлденген мекеннің ғайып болғаны, әрине өкінішті-ақ. Дейтұрғанымен, әр жылдары осында әскери борышын өтеген сарбаздар мен әскери офицерлердің ғаламтор парақшаларындағы естеліктерін тауып, назарларыңызға еш өзгеріссіз ұсынғанды жөн санадық.
В.Королев, Мәскеу: «Қордай даласында әскери борышымды өтеп, қызмет жасаған кездерімді ешқашан ұмытпаймын. Ол ең бір жақсы күндер еді. Қазір Мәскеуде тұратыныма қарамастан, менің пошталық мекенжайым: «4312. Бетпақ дала-Курдайский перевал», кіші Отаным Қордай болып әрдайым қала бермек».
А.Соколенко, Химки:«1972 жылы 18736-шы әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтедім. Білем, Кеңес Одағының тарауымен біздің гарнизон да таратылып, көшірілді. Қалай болғанда да өткен күндерді еске түсіріп, «Өлі көлге» барып, сыңғырлай аққан тау бұлақтарын көргім келеді. Қазақ халқының қонақжайлылығын, бауырмалдығын сағындым».
В.Петкус, Латвия: «1986-1988 жылдары ауылдың Фрунзе көшесінде тұрдым. Қысы қатты, боранды болғанымен өте бір ерекше жер. Көктем келгенде айнала құлпырып, құдды бір ертегіге айналатын. Суы тұп-тұнық көлі, көк майсаға оранған тау жоталары, алқызыл қызғалдағы, дәмі тіл үйіретін алмасы мен өрігі… бәрі-бәрі есімде. Өздігінше сымбатты мекен еді».
Г.Кулеев, Польша:«Әлі күнге дейін гарнизонның әр бұрышы көз алдымда. Чехов атындағы №4 мектеп, кітапхана, асхана, орталық монша, әскери шеру алаңы, казармалар мен бөлімдер, жауынгер-панфиловшыларға арналған ескерткіш, қалашыққа кіреберістегі өткізу пункті де есімде».

БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗІ
…Иә, өмір атты өзенге тоқтам жоқ. Заман өзгеріп, бірі келеді, бірі кетеді. Қалай болғанда да, ежелден құт қонып, қасиет дарыған киелі өлкенің өткенге өкпесі жоқ. Осыдан бірнеше жыл бұрын ауылда бес келушіге арналған медициналық мекеме салынса, былтыр мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ауылдың кіреберіс жолы жөнге келтірілді. Ал, атомдық өндіріске пайдаланылған уранның орнын жаңғырмалы энергия көзі – жел электр стансалары басты. Осылайша, Қордайдың қысы-жазы соғатын адуынды желі кәдеге жарап, қоршаған ортаға зияны жоқ табиғи өндіріс орны пайда болды. Қазіргі таңда мұнда «Vista International», «Ветро Инвест» және «Изен су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің елуге тарта жел электр стансалары бар. Әр құрылғының биіктігі алпыс метр, салмағы 180 тонна, ал өндірістік қуаттылығы жылына 50 миллион кВт/сағатты құрайды. Осының арқасында өңіріміздің электр энергиясына тәуелділігі төмендеп, ондаған жаңа жұмыс орындары ашылды. «Мұзбел» метеостансасының мәліметіне сүйенсек, жылдамдығы 7-10 м/с асатын жел мұнда жыл он екі ай соғады. Демек, Кенен атамыз әнге қосқан Қордайдың қоңыр желінің арқасында Мұзбелде экологиялық таза әрі зияны жоқ баламалы қуат көзі ғасырлар бойы өндіріле бермек.

Leave A Reply

Your email address will not be published.