ЖЕРІ БАЙДЫҢ – ЕЛІ БАЙ

0

Ала жаздайғы аптап ыстық аз-ақ күнде шегініп, қыркүйектің кешкі салқыны мезгіл өзгеретіндігін сездіре бастады. Сонымен, күз де келді. Не шаруа тындырылды? Ауыл тірлігі не болып жатыр? Қыр астындағы қысқа әзірліктің шамасы қандай? Осы сауалдар төңірегінде, сондай-ақ күзгі шаруа қарекеті төңірегінде іс басында жүрген «Гадир» шаруа қожалығының жетекшісінен сұхбат алған едік 

Сары алтындай күздің салқын ауасы сезілгенде-ақ егіс даласы дүбірге толып, егінші-механизаторлар қызу жұмысқа кірісе бастайды. Одан қалды «Қыс шанаңды жаз сайла» деген тәмсілдің түбіне терең бойлағандар төрт түліктің қыс азығын қамдап, жем-шөбін әзірлейді. Ауқатты ауылындағы «Гадир» шаруа қожалығы аудан бойынша көкөніс пен дәнді дақылдарды өсіретін ірі шаруашылықтардың бірі. Қожалық басшысы Гадир Мухарұлының сөзіне қарағанда, биыл 36 гектар егіс алқабының 20 гектарына арпа дақылын, 7 гектарына жоңышқа, 9 гектар аумаққа сарымсақ өнімін отырғызған. Ал, аталмыш қожалық 2000 жылы «Трудовик» колхозы ыдыраған тұста құрылған екен. Диқаншылықты еркін меңгерген шаруа қожалықтың жұмысшылары түрлі ауылшаруашылығы техникаларын тізгіндеп, тұрақты түрде жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, егіс алқабында жүрген біршама адамдар науқандық жұмысшылар. Аудан шаруаларының негізгі тіршілік көзі – мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы екені даусыз. «Байлықтың атасы – еңбек, анасы – жер» дегенді дана бабаларымыз тегін айтпаса керек. Жерден өтер байлық жоқ. «Ел қадірін ел баққан ерлер білер» демекші, күллі адамзатты асырап отырған қасиетті қара жердің де қадірін жерді баптаған, ерте көктемнен қара күзге дейін бел жазбай еңбек етіп жүрген диқан қауымы жақсы біледі.  «Жақында ғана арпа орағын сәтті аяқтап, ендігі кезекте көкөністерімізді жинауға кірістік. Тоғыз гектар жерге сарымсақ ектік. Ендігі кезекте жинап, тиісті орындарға өткізу жұмыстары ғана қалды. Өнімді көбінесе орталық базарға, азық-түлік жәрмеңкелеріне апарып саудалаймыз. Мұндағы жұмыстардың барлығы негізінен адамның қол күшімен атқарылатын болғандықтан көктемнен қара күзге дейін мұнда тұрақты түрде үш жұмысшы ұстаймын. Жалақысын төлеп, басқа да жағдайларын жасап отырамын»,-дейді қожалық жетекшісі Гадир Мухарұлы. Қара жердің қадірін жер емген диқан, жыл он екі ай егін салған шаруа ғана біледі. Осы тұрғыдан алып қарағанда Ауқаттылық шаруа Гадир Хиюрдің жер игерудегі жүйелі жұмыстары, шаруашылықты жүргізудегі озық ойлары  көпке үлгі. Біз де шаруашылық басшысы мен жұмысшыларына осындай ізгі тілектер тілеп, қоштастық.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.