Жерлесіміз басты жүлдені жеңіп алды

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған басымдықтарды қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында ағымдағы жылғы «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты республикалық байқауы өткізілді.

Байқауға еліміздің барлық сала мамандары (Білім және ғылым, медицина, спорт және мәдениет, өнер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері, дарынды жастар, ауыл шаруашылығы, ақпарат, заң, есепшілер, құрылыс саласының мамандары, әскери және мемлекеттік қызметкерлер) қатысты. Байқаудың мақсаты: Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қоғамда кеңінен насихаттау, жастарға үлгі ету.

Аталған байқауға жерлесіміз «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі Эльсихан Хазбулатов қатысып, жеңімпаз атанды. Ол Қазақстанның әр өңірінен келген азаматтардың арасынан үздік атанып, бірінші дәрежелі диплом және қоғам дамуына қосқан айрықша еңбегі үшін «Жаңа Қазақстанның 100 жаңа есімі» төсбелгісімен марапатталды. Марапатты тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Мақсат Алпысбесұлы табыстап, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген Эльсихан Хазбулатовқа ізгі тілектерін жеткізді.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларын әрқашанда қолдаймын. Сонымен қатар, ел арасында насихаттау жұмысына белсенді қатысып жүреміз. Бұл марапат мен үшін өте бағалы, біздің жұмысымызды бағалаудың дәлелі ретінде түсінемін, — дейді шешен-ингуш этно-мәдени бірлестігінің жетекшісі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.