ЖЕРЛЕСІМІЗ «ШАПАҒАТ» МЕДАЛІНЕ ИЕ БОЛДЫ

0

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында елордамыз Астана қаласынан қуанышты хабар келіп жетті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында әртүрлі салаларда қызмет атқарып жүрген бірқатар қыз-келіншектерді мемлекеттік наградалармен марапаттады. Олардың ішінде мемлекеттік тілдің дамуына үлесін қосып жүрген жас педагог, жерлесіміз қордайлық Сурина Мария Алексеевна да бар. М.Сурина Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың қолынан «Шапағат» медаліне ие болды.

Мария Алексеевна — №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің түлегі. Мемлекеттік тілді еркін меңгерген Мария оқушы кезінен-ақ дарындылығын танытып, әртүрлі байқауларға белсене қатысты. 2021 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада орыс сыныптарындағы қазақ тілі пәні бойынша ІІ орын иегері болды. Мария бұдан өзге де қазақ тілі мен әдебиеті пәніне қатысты әртүрлі сайыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, ірі жетістіктерге жеткен. Оның қабілетін шыңдап, білім додаларында жетістікке жетуіне ұстаздарының қосқан үлесі өте зор. Осы орайда №4 Б.Бөлтірікова атындағы мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері С.Бахрамованың, Ә.Болатованың толымды еңбектерін атап өткен жөн.

Мария мектепті тәмамдаған сәтте оның алдында мамандыққа байланысты әртүрлі таңдау тұрды. Сонымен ол ұстаздарының кеңесімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түсіп, 2021-2025 жылдар аралығында аталған университетте қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында жоғары білім алды. Бүгінгі таңда ол Алматы қаласындағы О.Жандосов атындағы №105 гимназиясында орыс сыныптарындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаруда. М.Сурина осылай өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруі жолында үздіксіз ізденіп, талмай еңбек етуде.

Сөзіміздің соңын Марияның мектептегі ұстазы С.Бахрамованың сөздерімен қорытындылағымыз келеді: «Мектеп қабырғасынан бастап ұстаздары Мариямен тынымсыз жұмыс жасады. Мемлекеттік тілмен байланысты барлық іс-шараларға қатысты, қазақша ән де айтты, ұлттық биімізді де биледі. Марияның бұл еңбегінің артында қаншама ұйқысыз түндер, мазасыз күндер тұрды. Сабақ сайын оның санасына Мая Веронская, Игорь Сахар т.б. қазақ тілінің арқасында барша елге танымал болып жүрген азаматтарды насихаттаумен болдық. Ондағы ойымыз мемлекеттік тіліміздің мерейін үстем ету, аудиториясын кеңейту, өзі сияқты өзге ұлт өкілдерінің арасында насихаттау болатын». Мария алдағы уақытта да өзі секілді талай жастарға үлгі болып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте беретініне біз кәміл сенеміз.

Елнұр ӘСКЕНҰЛЫ, Қордай ауданының білім бөлімінің әдіскері

Leave A Reply

Your email address will not be published.