Аудан әкімі Бегзат Болатбеков ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша аудан әкімдігінің бөлім мен мекеме басшыларын, ауылдық округ әкімдерін қабылдап, олардың атқарған жұмыстары және өзекті мәселелерін тыңдады.
Кездесуде әр басшыға кестеге сай уақыт беріліп, олар аудан әкімінің алдында өз есептерін берді. Әр салаға жауапты басшы мемлекеттік сатып алу, қаржыны тиімді игеру, түрлі мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, межеленген идикаторлық көрсеткіштерді орындау сынды бағыттағы атқарған жұмыстарын баяндап, проблемалық мәселелерді де атап өтті.
Бегзат Болатбеков жауапты тұлғаларға бірінші кезекте халықпен тығыз жұмыс істеу керектігін ескертіп, олардың көтеріп келген мәселелерін тез арада шешіп, жауапкершілікті арттыру қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, аудан әкімі елді мекендерді ауыз сумен қамту, газдандыру, сапалы интернет байланысын орнату сынды мәселелер ерекше қадағалауда екенін айтып, бұл жұмыстар өндірістік кестеге сай аяқталу керек екенін жеткізді. Бегзат Сейсенқұлұлы аудандағы автомобиль жолдарының сапасы және оны күтіп ұстау мәселесіне де тоқталды.
Баяндамашылардың мәліметін мұқият тыңдап, әр мәселені жекелей талқылаған аудан басшысы жауапты тұлғаларға саладағы олқылықтардың алдын алып, жұмысты жүйелі түрде жүргізу керектігін ескертті.
Аудан басшысы сонымен қатар ауылдық округ әкімдерін қабылдады. 19 ауылдық округтің әкімдері ағымдағы жылдың 7 айында атқарған жұмыстары туралы есеп берді. Одан соң өздері жауапты аумақтағы көкейтесті мәселелерді алға тартты. Аудан әкімі округ халқымен өзара байланыста жұмыс істеу жайлы ескертіп, аудан әкімінің есепті кездесулерінде халықтың көтерген мәселелерін шешу бойынша тиісті тапсырмаларды жүктеді. Бюджеттік тапсырысты уақтылы өткізу қажеттігін және бюджет қаражатын тиімді жұмсау туралы атап айтты.