ЖЕТІСТІК ЖОЛЫНДАҒЫ ЖЫЛ

0

Негізінен жағымды жаңалықтарға бай болған 2024 жыл да тарих қойнауына кетіп барады. Ал, Қордай ауданы үшін талай толымды жұмыстармен, әр салада небір белестерді бағындырумен өткен жылға шолу жасай отырып, аудан әкімі Бегзат Болатбековпен жаңа жыл алдында экономикалық-әлеуметтік тұрғыда қол жеткізген жетістіктер турасында шағын сұхбат жасаудың сәті түскен болатын.

 

— Бегзат Сейсенқұлұлы, халқымыз «өткен жылға өкпе жоқ», дейді. Жалпы 2024 жылда қолға алыған тындырымды тірліктер турасында айтып өтсеңіз…

— Расында, өткен жыл өнегелі істермен есте қалатынын сөзсіз. Президентіміз Қазым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың әр жылдардағы Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы тапсырмаларына сәйкес жүйелі жұмыс жүргізу үшін барымызды салудамыз. Бұл тұрғыда ауданымыздың тұрғындарының да үлкен қолдауы жатыр деуге толық негіз бар.

Қазір Қордайдың экономикалық және әлеуметтік келбеті жыл өткен сайын жаңара түсуде. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласы даму жолына түсіп, ауданда зауыттар мен өндіріс орындары аймақтың индустриялық әлеуетін арттыруға сеп болуда. Кәсіпкерлердің табысты еңбегі мен инвесторлардың қолдауы Қордай ауданының әлеуетінің арта түсуіне сүбелі үлес қосуда. Қордай ауданында өнеркәсіп саласындағы табыс 15 миллиард теңгеден асып, нақты индекс көлемі артығымен орындалды. Инвестиция көлемі 40 миллиард теңгеден асып, құрылыс саласында меже 185,3 пайызға, ауыл шаруашылығында – 103,3, бөлшек саудада 107,4 пайызға орындалды.

Жаңадан мектептер, ауруханалар, мәдениет ошақтары салынып, халықтың игілігіне қызмет етуде. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық аймақтарды дамыту мақсатында көптеген нысан бой көтеруде. Жоба шеңберінде жолдар жөнделіп, әлеуметтік нысандар салынып, қалпына келтірілді. Сондай-ақ, ауылдарды абаттандыру мен тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға да аталған жоба зор үлесін қосуда. Жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік маңызы бар ғимараттар және инфрақұрылымдық нысандардың бой көтеруі аудан әлеуетінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетеді. Пайдалануға берілген тұрғын үйлер 25,4 мың шаршы метр болды. Сонымен қатар, бюджеттік қаражаттардың игерілуі 99,3 пайызға жетті. Бұл қаржының тиімді пайдаланылуы ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізуде. 2023 жылдан бастап аудан тұрғындарының пайдалануына 280 пәтер берілді. Жоспарлы межені артығымен орындауға мүмкіндік алдық.

 

— Биылғы ауа райы аграрлы аудандағы шаруалардың жақсы өнім алуына, сонымен қатар көктем айларынан бастап өзіңіздің тікелей бақылауыңызбен суармалы суды көп қажет етпейтін дақылдарды себу бойынша жоспарларыңыз нәтижелі болғанын көрсетуде. Жалпы ауыл шаруашылығындағы жетістіктер мен жеңістерге тоқталып өтсеңіз.

– Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктеріміз көңіл қуантады. Осы жылы ауыл шаруашылығының инвестициясы 14,5 миллиард теңгеге жетіп, индекс көлемі 102,8 пайызды көрсетті. Бұл шаруалар мен ауданымыздың дамуы жолында жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың оң нәтижесі.

Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы 2019 жылы Қордай ауданының Жамбыл ауылдық округінде пилоттық жоба ретінде басталып, кейіннен Кенен, Қаракемер, Қарасу, Сарыбұлақ, Қақпатас ауылдық округтерінде іске асырылды. Қазіргі таңда аудан бойынша 3,1 миллиард теңгеге 6016 мүйізді ірі қара, 10879 қой және 405 жылқы сатып алынды. 4 өндірістік кооператив 25 техника мен құрал-жабдықтарын сатып алып, 690 тұрғын жеке кәсібін жүргізуде. 2024 жылға «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағыты бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде 171 жаңа жоба жинақталып, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Жекелей тоқталсақ, «Бай-Нұр» ЖШС жылына 5,8 мың тонна сүт өндіруді жоспарлап, заманауи сүт фермасының құрылысын бастамақ. Ауданда тағы бір ірі жоба ретінде «Куленов» шаруа қожалығының жылдық қуаттылығы 2,2 мың тонналық сүт фермасын салу жоспары ерекше назарға алынды. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығының дамуына үлкен серпін бермек. Ауыл шаруашылығы бағытында тағы бір маңызды жоба – «Қалдыбай тегі» шаруа қожалығының жылдық қуаттылығы 2,5 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысы. Бұл аудан тұрғындарын көкөніспен тұрақты қамтамасыз етуге және өнімді сақтау арқылы сапасын жақсартуға жағдай жасайды. Ал өнеркәсіп саласында «Gold Invest Capital» ЖШС мыс өндіру зауытының құрылысы қолға алынбақ. Зауыттың іске қосылуы ауданның экономикалық, экспорттық әлеуетін арттыра түсетіні сөзсіз.

 

— Инвестиция игілік көзі екен рас. Биыл ауданда сол бағытта ірі жобалар қолға алынып, көпке үлгі болуда. Сол бағыттағы жұмыстарға шолу жасасақ.

— Шын мәнінде Қордай ауданы инвестиция тартуға өте қолайлы аймақ. 2024 жыл аудан экономикасы үшін ерекше кезең ретінде есте қалары анық. Ауданға тартылған инвестиция көлемі 23,4 миллиард теңгеге жетіп, нақты индекс көлемі 124 пайыз өсімді көрсетті. Соның нәтижесінде бірқатар ауқымды инвестициялық жобалар қолға алынған. Мысалы, «Central Asia Gold Production» ЖШС құрамында алтыны бар кенді бастапқы қайта өңдеуге арналған өндірістік кешеннің құрылысы бастау алды. Бұл аудандағы алтын өндірісін арттырып, өнеркәсіптік әлеуетін одан әрі нығайтуға бағытталған. Инвестициялық жобалар арасында «жасыл» энергетикаға да ерекше көңіл бөлініп отыр. «Insider group» ЖШС жел электр қуатын өндіретін жел паркін салуды жоспарлауда. Бұл жоба аймақтың экологиялық жағдайын жақсартып, энергия көздерін әртараптандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, индустриялық картадан тыс жоба ретінде «KORCEM» ЖШС цемент зауыты облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің және инвесторлардың қатысуымен ашылды.  Бұл жобаның сәтті жүзеге асуы ауданның құрылыс материалдары саласында өзіндік орнын қалыптастырып, экономикаға оң әсер етпек. Бұл цемент зауыты өңір экономикасын өркендетуге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосады. Жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына ықпал етеді. Өндіріс ошағының жылына 1,5 млн. тонна цемент әзірлеуге қауқары бар. Бүгінде 400-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылып отыр. Алдағы уақытта жұмыс күші екі есеге дейін артады деп күтілуде. «Korcem» цемент зауыты келер жылы толық қуатына шығады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта осы жобалардың жүзеге асуы аудан бюджетінің тұрақты түрде толықтырылып, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал етеді. Ең бастысы, 600-ге жуық тұрақты жұмыс орнының ашылуы осы жобалардың айқын нәтижесі болмақ.

 

— Өте тамаша екен. Келер сұраққа көшсек. Ауқымды жобалар – аудан дамуының кепілі. Осы орайда жалпы 2024 жылы қолға алынған жобалар мен атқарылған істерге, олардың ішінде газдандыру, мемлекет меншігіне пайдаланбай жатқан жерлерді қайтару жұмыстарына тоқталып өтсеңіз…

— Аудандағы 41 елді мекеннің 36-сы газбен қамтылған. Қазіргі таңда Керу ауылында газ құбырының құрылысы аяқталуда. Ал, Бел, Мұзбел, Аңырақай, Бәйтерек ауылдарының ауылішілік газ құбыры құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды. Жоспар бойынша 2025 жылы ауданның барлық елді мекендері 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Гвардейск қалашығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 6 жоба қолға алынды. Олардың  жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін мемлекет тарапынан 242,6 миллион теңге бөлінді.

Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауызсумен қамту тапсырмасы бойынша аудан әкімдігі тарапынан 5,5 миллиард теңгеге 6 ауыз су желісінің құрылысы аяқталды. Бүгінде тағы 5 елді мекенде су құбырының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, 12 елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін 179,6 миллион теңгеге жобалаушы мекемелермен келісімшарттар жасалды.

Жер мәселесіне келетін болсақ, 2023 жылы 15000 гектар игерілмеген жерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жоспар жасалып, нәтижесінде 15064 гектар жер мемлекеттік жер қорына қайтарылды. 2024 жылға облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы тарапынан аудан бойынша индикатор бекітілген. Қазіргі күнге 3238 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар пайдаланбай жатқан 12000 гектар жерге шара қолдану үшін жер испекциясына хат жолданды.

 

— Биыл ауданда жаңа нысандар көптеп салынды, бірқатары пайдалануға да берілді. Соларға қысқаша тоқталып өтсек.

— Иә, жағымды жаңалықтар қатарында жаңа ашылулар да болды. Қарасай ауылында 180 орындық Мәдениет үйі халық игілігіне берілді. Ол Мәдениет үйінің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Ғимаратта акт залы, кітапхана, ІТ кабинеті бар. Сондай-ақ, вокал, би, қолөнер үйірмелерін өткізу үшін бөлмелер қарастырылған. Республика күні қарсаңында Қордай ауданында 4 спорт нысаны пайдалануға берілді. Атап айтсам, Ноғайбай ауылы балаларының игілігіне шағын футбол және «Street workout» алаңы, Қордай ауылының шағын аудандарында 2 су жаңа шағын футбол алаңы ашылды. Қордай ауылында Өрт сөндіру депосы қолданысқа берілді. Ашылу салтанатына ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Ерлан Нұрпейісов қатысқан болатын. Осы орайда айта ктерлігі, жаңа депо салу қажеттілігі туындағанына біраз жылдар болған. Сол мәселені шешу мүмкіндігіне биыл ие болдық.

Қордай ауылында санитарлы-эпидемиологиялық бақылау бюросы (СЭББ) жаңа зертханасының салтанатты ашылуы өтті. «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК тапсырысы бойынша жүзеге асырылған. Бұл шара өңірдің қауіпсіздігі мен дамуын нығайтудағы маңызды қадам болды және Қордай тұрғындарына заманауи сараптамалық қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Масаншы ауылында ауылдық аурухана корпусы жанынан қосымша ғимарат салынып, денсаулық сақтау саласы жаңа емдеу нысанымен толықты. Емхана халыққа қажетті УЗИ, физио терапия кабинеті сынды заманауи қажетті құралдармен жабдықталған. Сондай-ақ, жаңа емхана ауысымына 150 келушіні қабылдай алады. 19537 халық тұратын Масаншы жұртшылығы енді аудан орталығына қатынамай жаңа мекемеде сапалы ем қабылдай алады. Сонымен қатар Беріктас ауылында 10 келушіге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт қолданысқа берілді. Қақпатас ауылдық округіне қарасты Беріктас ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ғимараты 1971 жылы салынған. Тозығы жеткен нысанның жағдайы қанағаттанарлықсыз деп танылып, жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданған болатын. Осылармен бірге Бетқайнар ауылдық округіне қарасты Соғанды ауылында жаңа сумен қамту жүйесі іске қосылды. Сонымен қатар, бүгінде Бәйтерек, Шарбақты, Күнбатыс-2, Еңбек, Сарыбұлақ ауылдарында да құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Степной ауылында орталықтандырылған су құбыры іске қосылып, 600-ден астам абонентке қызмет көрсетуді бастады. Ал, 1 қыркүйек – Білім күніне орай Қордай ауданының Бәйтерек ауылында 150 орындық жаңа орта мектеп оқушыларға есігін ашты. Жаңа мектеп ғимараты барлық қажетті құралдармен және жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «85 игі іс» жобасы аясында Қордай ауылы, «Самал» ықшам аумағында 60 пәтерлі тұрғын үй салтанатты түрде қолданысқа берілді. Қаракемер ауылынан шыққан кәсіпкер, меценат Қайрат Молдасейітов ауыл жастарына заманауи үлгідегі жабық футбол алаңына арналған ғимаратты сыйға тартты.

Бұлар биыл қолданысқа берілген әлеуметтік нысандардың бір парасы ғана. Алдағы  уақытта ашылатын, келер жылға өтпелі болып отырған құрылыс нысандары бар. Олардың барлығы халық игілігі үшін болмақ.

Сұхбатыңызға рахмет!

Leave A Reply

Your email address will not be published.