ЖЕТІСТІККЕ НАҚТЫ ЖОСПАРМЕН

0

Қордай ауданы әкімдігінің баспасөз алаңында Сортөбе ауылдық округінің әкімі Рустам Фушанлоның қатысуымен брифинг өтті. Әкім округтің 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы дамуы мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда негізгі басымдық тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылым мен әлеуметтік саланы дамытуға беріліп отыр.

Ауыл шаруашылығы мен шағын бизнес басты табыс көзі болып табылатын округте 135 шағын және орта бизнес субъектісі — дүкендер, дәріханалар, шеберханалар, кірпіш зауыттары мен басқа да кәсіпорындар жұмыс істейді. Жыл басынан бері 130 млн теңге инвестиция тартылып, көкөніс сақтайтын екі қойма салынды. Жақын арада 200 млн теңгеден астам қаржыға балық шаруашылығы, тойхана және кафе ашу жоспарланып отыр.

Мал шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Қазіргі уақытта округте 3928 ірі қара, 6500 қой, 509 жылқы және 16 мыңнан астам құс бар.

Ауыл әкімі округтегі әлеуметтік сала жайында ақпарат берді. Округте бес орта мектеп, колледж филиалы және екі жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оларда жалпы 5 мыңға жуық оқушы білім алуда. Мектепке дейінгі біліммен 710 бала қамтылған.

Маңызды жобалардың бірі — 200 адамға арналған жаңа үш қабатты аурухана құрылысы. Бұл заманауи жабдықтармен қамтылатын медициналық мекеме тұрғындар үшін қолжетімді денсаулық сақтау қызметтерін жақсартуға бағытталған.

Сортөбе ауылдық округінде инфрақұрылым мен абаттандыру саласы бойынша да бірқатар оң өзгерістер бар. Жол желісінің жалпы ұзындығы — 71 км. Оның ішінде 20 көше толықтай, 8 көше жартылай асфальтталған. Биыл тротуарлар төселіп, көше жарығы орнатылып, кіреберіс арка салынды. Бұлар батыр ауылында балалар алаңы мен воркаут аймағы бой көтеруде. Бұл мақсатқа 20 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал Сортөбеде екі көше мен екі кірме жолды асфальттауға 61 млн теңге жұмсалды.

Газдандыру жұмыстары жалғасуда: қазіргі уақытта Сортөбеде қамту деңгейі – 95%, Бұлар батырда – 90%.

Округте жұмыссыздықты азайту мен әлеуметтік қолдауға ерекше назар аударылуда. Қоғамдық жұмысқа 20 адам тартылып, 6 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алды. Сонымен қатар, 1,5 млн теңгеден астам қайырымдылық көмегі көрсетілді.

Брифинг барысында Рустам Фушанло бюджеттің игерілуі жайында да ақпарат берді. Айтуынша, алты айда округ бюджетін орындау көлемі 99,1 млн теңгені құрады. Қаржы негізінен көше жарығына, абаттандыруға, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жұмсалған. Салық жоспарлары 100% орындалды.

Брифинг соңында Рустам Фушанло жергілікті биліктің алдағы уақытта да әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға күш салатынын атап өтті.

— Кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік қамту және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жалғасады. Қазіргі қарқын жақсы, енді басты мақсатымыз — осы жетістіктерді одан әрі нығайту, — деді округ әкімі.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.