Қордай ауылының тұрғындары Сәрсен Ермеков пен Эльмира Ибрайқұлова жиһаз нарығында 18 жылдан бері кәсіппен айналысып келеді. Бүгінде олардың жиһаз цехында жай ғана орындықтан бастап, жатын бөлме гарнитурына дейін жұмсақ жиһаз бен корпустық жиһаздың кез-келген түрін жасап шығарады.
Әңгіме барысында Сәрсен Амангелдіұлы мен Эльмира Наймантайқызы кәсіппен айналысуды не үшін бастағанын, қандай қиындықтарды жеңуге тура келгенін, отбасылық кәсіпті жүргізудің қандай болатынын айтып берді.
Олар 2006 жылы жиһаз шығаратын отбасылық бизнесінің негізін қалады. Эльмира Наймантайқызы жиһаз өнеркәсібіндегі жолын көкейінде туған идеядан бастады. Әдемі, халыққа пайдалы дүние жасауға деген құлшынысын отағасы Сәрсен Амангелдіұлы қолдап, осы жолда сенімді тірегіне айналды. Екеуі бірлесіп сапа, стиль және қолжетімді баға үйлескен жиһаз бизнесін құруды армандаған еді.
«2005 жылы әйелім екеуміз люстралар, кілемдер, перделер сатуды бастадық. Ал, біздің жанымызда жігіттер жиһаз сататын. Олар көшіп кететін болып, бизнесімізді сатамыз дегенде, сол бизнесті сатып алуды шештік. Көп ұзамай сол жиһаздарды өз қолымызбен жасауға болатынына көзіміз жетіп, алғаш рет несие алып, үйден цех аштық, одан соң жалға жер алып, ғимарат тұрғыздық», — дейді Сәрсен Амангелдіұлы.
Жыл өткен сайын істері алға басып, біртіндеп станоктар алып, жұмысшылар жалдап, корпустық жиһаз шығаратын цех ашып алды. Ал 2007 жылы отбасында Аружан, Алинұр және Алияр есімді үшем дүниеге келді. Енді көп балалы отбасына одан ары істі дамыту керек болды. Осылайша, 2010 жылы жылына14% мемлекеттік субсидия алды, оның 4% ғана өздері төлеп жүрді, қалғанын мемлекет төлеп берді. Бұл қаражатқа өздерінің шағын дүкенін тұрғызып, жиһаз бизнесі енді дамып келе жатқан кезде үшемдері дүниеге келгендіктен соған байланыстырып бизнесті «ТриА» деп атауды жөн көрді. Бұл атау олардың бірлігін және кез келген бизнестің табысты болуының негізі болып табылатын отбасылық байланыстардың беріктігін білдіреді. «ТриА» дүкені әдемі ғана емес, сонымен қатар функционалды жиһазды да таба алатын орын ретінде таныла бастады.
Эльмира Наймантайқызы станоктар жайлы қысқаша баяндап берді. «Форматты кесу станогы корпустарды, сөрелерді, есіктерді кеседі. Жиектеріді таспалау станогы жиһаз жиегін өңдейді. Ары қарай ЧПУ деп аталатын компьютерлік станок іске қосылады. Компьютерде арнайы бағдарлама арқылы клиент өрнекті таңдап, станок кесіп береді. Одан соң кесілген өнім пешке салынып, болашақ жиһаздың түсі таңдалып, жоғары температурада фасадтарға арналған дайын өнім шығады», — деп түсіндірді Э.Ибрайқұлова.
Үлкен ұлдары Әлімжан мектепті бітіріп, әскер қатарында борышын өтеп келген соң ата-анасына қолғабыс болып, отбасылық бизнеске қызығушылық таныта бастағанын көрген әкесі мен анасы цех жұмысын сеніп тапсыруды ұйғарды.
«2019 жылы Алматыдан «Сулпак» фирмасының өкілдері келіп, ғимаратты жалға беруді сұрады. Өзара ақылдасып, жалға бердік, ал жиһаз цехын басқа жерден салып бастадық. Осылайша тағы бір бизнес түрі пайда болды. Бірақ, жиһаз цехын басқа жерден ашқан кезде, күтпеген қиындықтар пайда болды: тапсырыс берген клиенттерге фасон, фурнитура, компьютерлік графиканы таңдай үшін дүкеннен біршама алыста орналасқан цехқа баруға тура келді. Сөйтіп, ғимаратты да жалға беріп, цехқа қарама-қарсы беттен жаңа дүкен салуға тура келді», — дейді кәсіпкер.
Жиһаз сапасы, қолжетімді бағасы мен отбасылық жылы атмосфераның арқасында «ТриА» дүкені жергілікті тұрғындар арасында жақсы жағынан танылды. Отбасының әрбір мүшесі бизнестің табысты болуына өз үлесін қосып келеді. Эльмира Наймантайқызы үйдегі қыруар шаруаға қарамастан, дүкеннің бухгалтерлік есебін жүргізіп, қаражатты қадағалайды. Сәрсен Амангелдіұлы баяғысынша өндірісті басқарып, әрбір өнімнің сапасын өзі жіті қадағадайды. Әлімжан дизайн, маркетинг және сатылымға жауап береді.
Жиһаз бизнесінде жұмыс істеу тек өндіріске қамқорлық жасауды ғана емес, сонымен қатар шығармашылық көзқарасты талап етеді. Отбасы мүшелері жасаған жиһаздың әрбір бөлшектеріне мұқият қарайды. Түрлі коллекцияларда «modern» стильмен үйлесетін дәстүрлі дизайн элементтерін көруге болады. Эльмира Ибрайқұлова және оның отбасы клиенттердің тілектерін ескереді және жеке шешімдерді ұсынады, бұл да олардың табысқа жетуіне ықпал етті. Дегенмен, кез келген бизнес сияқты «ТриА» да қиындықтарға кезіккен уақыттар болды. Экономикалық жағдайлар мен бәсекелестіктің болуы отбасын үнемі заман сұранысына бейімделуге және дамудың жаңа жолдарын іздеуге жетелейді. Десе де, кәсіпкер оң көзқарас пен отбасының қолдауымен кез келген кедергіні жеңетініне сенеді.
Отбасының алға қойған жоспарлары көп-ақ. Жиһаздар ассортиментін кеңейтіп, жаңа дүкендер ашып, онлайн сауданы дамытуды жоспарлап отыр. Олардың арманы — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын отбасылық жиһаз империясын құру.
Табысты кәсіппен қатар кәсіпкерлер отбасы қоғамдық өмірге де белсене араласады. Олар жергілікті қайырымдылық шараларына қолдау танытып, мұқтаж отбасыларға көмектеседі.
Олар құрған бизнесінің тарихы отбасылық құндылықтардың, еңбекқорлық пен іскерлік рухтың табысқа жетелейтінінің жарқын мысалы десе болады. Олардың жиһаз кәсібі табыс көзіне айналып қана қоймай, отбасын біріктіріп, әрбір мүшенің ортақ іске үлес қосуына мүмкіндік берді.
Мадина УЗБЕКОВА