Ауданда нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың бағдарламасын іске асыру қарқын алуда. Қазіргі таңда жұмыссыздар мен өзін-өзі қамтыған азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік беретін «Бастау бизнес» жобасы туралы білмейтіндер кемде-кем. Осы орайда жоба шапағатын көрген Шарбақты ауылының тұрғыны турасында сөз етсек.
Ноғайбай ауылдық округіне қарасты Шарбақты ауылының тұрғыны мүмкіндігі шектеулі болғанымен өзінің ерекше жігерінің арқасында үлкен жұмысты қолға алған. Нұрзат Ермекбай бала күнінен денсаулығындағы қиындықтарға қарамастан еңбексүйгіштік қасиетке ие жан. Бойжеткен «Бастау бизнес» жобасы жайында естіп, бағын сынап көруге бел байлапты. Тәжірибелі бизнес-тренермен бірге кәсіпкерлік негіздерін оқып, гранттық қаржыландыруға өтінім тапсырып, нәтижесінде өз ісін ашуға мүмкіндік алған.
Нұрзаттың күркетауық өсіру бойынша жобасы жобаларды іріктеу комиссиясы мүшелерінің көзіне бірден түскен екен. Осылайша, ол грант ретінде алған 505 мың теңгеге 38 бас күркетауық сатып алып, өсіруде. Ауылды жердің құс өсіруге ыңғайлы екенін айтады жас кәсіпкер.
«Қазір күркетауықтардың мекиендері жұмыртқалап жатыр. Әзірше жұмыртқаны сатпаймыз, себебі құстың басын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта олардың санын 100-150 басқа дейін жеткізуді көздеп отырмын. Ал, ересек күркетауықтарды сатамыз, қазіргі таңда бұл құстардың бағасы он мың теңгеден кем емес», — дейді Нұрзат Ермекбай.
Нұрзатқа құсты бағып-қағуға ата-анасы мен інісі көмектеседі екен. Құстарға арнайы орын жасалып, жем салатын және су құятын астаулармен жабдықталған. Бойжеткен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ауданға өз пайдасын әкелуді көздейді, әрине, сонымен қатар сапалы құс етін де саудаға шығаратын болады.