Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметке кіруде артық кедергілерді жою және мемлекеттік қызметтен шығу тәртібін жеңілдетуді тапсырған болатын. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев мемлекеттік органның 2022 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша кеңейтілген алқа отырысында баяндаған еді.
Осыған сәйкес, мемлекеттік грантпен оқу орындарын аяқтаған түлектер аудан мен ауылда төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалмақ. Жоғары оқу орнын мемлекеттік тапсырыс (грант) негізінде оқып, GPA мәні 3,55 баллдан төмен емес оқу нәтижесімен аяқтап, бір жыл ішінде мемлекеттік қызметке тікелей, конкурссыз тағайындалу жас түлектер үшін кең мүмкіндіктерге жол ашпақ. Сонымен қатар, білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сондай-ақ қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді. Осы мүмкіндікті уақытылы пайдаланған ЖОО түлегі Айдана Кеңес Қордай ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің бас маманы лауазымына конкурссыз қабылданды. Айта кететін жайт, Айдана Айдарқызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін мемлекеттік білім гранты негізінде «Кадастр» мамандығы бойынша оқып, GPA 3,77 мәнімен аяқтаған.