ЖОҒАРЫ БЕЛСЕНДІЛІК, АЗАМАТТЫҚ ТАҢДАУ

0

Жексенбі күні Қордай ауданының Қарасай және Қақпатас ауылдық округтерінде ауыл әкімдерін сайлау науқаны өтті. Бұл саяси науқан еліміздің ауылдық аймақтарында жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жетілдіру жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады. Сайлау процесі белгіленген тәртіпке сай ұйымдастырылып, тұрғындардың еркін әрі ашық түрде дауыс беруі үшін барлық жағдай жасалды.

Қарасай ауылдық округінің құрамына Қарасай және Еңбек елді мекендері кіреді. Округте №218 және №219 екі сайлау учаскесі жұмыс істеді.

№218 сайлау учаскесі – Қарасай батыр ауылы, Почтовая көшесі №25,

Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан.

№219 сайлау учаскесі – Еңбек ауылы, Кәумен батыр көшесі №47,

Ілияс Жансүгіров атындағы орта мектепте ұйымдастырылды.

Қарасай ауылында сайлау науқаны жоғары белсенділікпен өтті. Алғашқылардың бірі болып учаскеге ауылдың қадірлі ақсақалы Қалиев Сарыбай келді. Ол дауыс беріп қана қоймай, ауыл тұрғындарына игі тілегін жеткізіп, сайлаудың ел ертеңі үшін маңызын атап өтті. Ақсақал жаңа сайланатын әкім ауылдың өркендеуіне үлес қосады деген сенім білдірді.

Тұрғындар учаскелерге жеке келумен қатар, отбасымен бірге келіп, азаматтық борышын абыроймен орындады. Бұл – ауыл халқының ел тағдырына бейжай қарамайтынын айқын көрсетті.

Қақпатас ауылдық округінің құрамына Қақпатас және Беріктас ауылдары кіреді. Мұнда да екі сайлау учаскесі жұмыс істеді: №252 сайлау учаскесі – Қақпатас ауылы, Мейрман Сапарбай көшесі №40,

Мұстафа Шоқай атындағы орта мектепте орналасқан.

№251 сайлау учаскесі – Беріктас ауылы, Т.Сақалов көшесі №5,

№28 Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектеп ғимаратында.

Сайлау учаскелері таңғы 06:00-де ашылып, 07:00-де дауыс беру ресми түрде басталды. Тұрғындар өз таңдауын жасауға кешкі 20:00-ге дейін мүмкіндік алды. Процесс заңнама талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылды.

Округте ерекше сәттердің бірі ретінде алғаш рет дауыс беруге келген белсенді жастар – Дүйсебаев Нұрхан мен Қадырбек Диана болды. Олар сайлау учаскесіне ерте келіп, дауыс беру арқылы ауылдың болашағына үлес қосудың маңызын атап өтті. Жастар ел алдындағы жауапкершілікті сезінетінін және ауыл өміріне белсенді араласуға дайын екенін айтты.

Екі ауылдық округте де денсаулық жағдайына байланысты немесе жасы ұлғайғандықтан учаскеге келе алмайтын тұрғындар үшін үйден дауыс беру шаралары ұйымдастырылды. Учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері арнайы барып, әр азаматтың толыққанды дауыс беру құқығын қамтамасыз етті. Бұл рәсім құпиялық пен заң талаптарын сақтай отырып жүргізілді.

Қордай ауданының Қарасай және Қақпатас ауылдарындағы сайлау науқаны ұйымдастыру деңгейі, тұрғындардың белсенділігі және қоғамның барлық тобына жасалған жағдайларымен ерекшеленді.

Жаңа сайланған әкімдер ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың сенімін ақтайды деген үміт мол.

Leave A Reply

Your email address will not be published.