ЖОҒАРЫ МӨЛШЕРЛЕМЕНІҢ ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

0

Елімізде инфляцияның баяулауын өткен жылғы жоғары базалық мөлшерлемемен, импортталатын баға өсуінің төмендеуімен және ұлттық валюта бағамының тұрақтылығымен байланыстырды. Мұндай пікірді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) өз шолуында келтірді.

 

Сарапшылардың айтуынша, базалық мөлшерлеменің жиынтық сұранысқа әсері айтарлықтай байқалмайды. Қауымдастық АҚШ, ЕО, Аустралия және Канада сияқты дамыған елдерде мұндай әсер берудің негізгі арнасы – сыйақысы нарықтық және өзгермелі болып табылатын ипотека екенін түсіндірген. Мысалы, былтыр АҚШ-та Федеральды резервтік жүйе (ФРЖ) базалық мөлшерлемесінің жоғарылауы ипотека мөлшерлемесінің өсуіне әкелді. Бұл халықтың тұтыну шығындарын төмендетіп, инфляция мен экономикалық өсуді бәсеңдетті. «Тарихи тұрғыдан алғанда, базалық мөлшерлеме ұлттық валюта бағамына айтарлықтай әсер етеді (валюта арнасы, корреляция коэффициенті = 0,74), ал пайыздық арна арқылы инфляцияға дәстүрлі әсер онша елеулі емес», деп түсіндірді ҚҚҚ.

Дегенмен елімізде базалық мөлшерлеменің өсуіне қарамастан, экономика 2023 жылдың I тоқсанының қорытындысы бойынша бір жыл бұрынғы 4,6%-ға қарағанда 4,9%-ға өсуді көрсетіп отыр. Ал 2022 жылы айналымдағы қолма-қол ақша көлемі тұтынушылардың тұрақты сұранысын қолдай отырып, 12,1%-ға өсті. Сондай-ақ қауымдастық банктік салымдар көлемінің былтыр 17,3%-ға дейін төмендегеніне назар аударды, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 21,5% деңгейінде болған. «Салымдар көлемінің ұлғаюына резидент еместер қаражатының ағыны айтарлықтай әсер етті, бұл компаниялар мен халықтың елімізге Ресейден қоныс аударуына байланысты болуы мүмкін», деп пайымдайды шолушылар.

Мәселен, былтыр еліміздің банктеріндегі ресейліктердің салымдары алты еседен астам өскен. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, 2022 жылдың қорытындысы бойынша отандық банктердегі ресейліктердің салымдары 981 млрд теңгеге артты. Бұл салымдар көлемі 151 млрд­ теңгені құраған 2022 жылдың 1 ақпанындағы көрсеткіштен шамамен 6,5 есе көп. «2023 жылғы 1 қаңтарға Ресей Федерациясы резиденттерінің отандық банктердегі салымдары мен ағымдағы шоттарындағы ақша қалдықтарының сомасы 1,13 трлн теңгені құрайды», деп атап өтті ведомствода.

Сонымен қатар ресейлік клиенттер саны 1,8 есе немесе 283 330 адамға өсті. Нәтижесінде, Қазақстан қаржы институттарында барлығы 440 599 Ресей азаматына қызмет көрсетілуде. Салымдардың ең көп көлемі жеке тұлғаларға, соның ішінде жеке кәсіпкерлерге тиесілі. Бұл көрсеткіш 146 млрд теңгеден 1,08 трлн теңгеге дейін өсті (өсім – 940 млрд теңге немесе 646%), ал клиенттер саны – 156  476-дан 439 554-ке дейін (өсім 283 078 клиент немесе 181%). Заңды тұлғаларға келетін болсақ, салымдар мен ағымдағы шоттар бойынша қалдықтар көлемі 5 млрд теңгеден 46 млрд теңгеге, ал клиенттер саны 793-тен 1 045 теңгеге дейін өзгерді. Сонымен бірге Ұлттық банк деректері бойынша ағымдағы жылғы 1 қаңтарға отандық банктерде 19,8 трлн­ теңге сақталады. Оның ішінде жеке тұлғалардың салымдары 13,3 трлн теңгені, ал заңды тұлғалардың салымдары 6,5 трлн теңгені құрайды.

Несие нарығына келетін болсақ, сарапшылар жеке тұлғалардың қарыздары бойынша орташа өлшенген мөлшерлемелердің динамикасы соңғы бес жыл ішінде 11-19% диапазонында ауытқып, базалық мөлшерлеме траекториясына сәйкес келмейтінін атап көрсетеді. «Жеке тұлғаларды кредиттеуде тұтынушылық қарыздардың үлесі азаяды (55,2%) және ипотека үлесі (36,3%) өсуде, онда жеңілдікті тіркелген мөлшерлемелер басым. Өткен жылы заңды тұлғалар сегментіндегі көлем ШОБ субъектілерін кредиттеудің өсуі (14,6%-ға­ немесе 0,8 трлн теңгеге) есебінен сыйақы мөлшерлемелерінің 12,2%-дан 19,2%-ға дейін өсуіне қарамастан артты. ШОБ қарыздар портфелі сомасының шамамен 30%-ы «Даму» мемлекеттік бағдарламаларына тиесілі», деп қорытындылады қауымдастық.

Жыл ішінде базалық мөлшерлеме 7%-ға көтеріліп, бұл теңгелік депозиттердің кетуін және долларландыруды болдырмай, сондай-ақ қаражаты мемлекеттік бюджет тапшылығын қаржыландыратын мемлекеттік бағалы қағаздарға (МБҚ) сұранысты ұлғайта отырып, қаржылық тұрақтылықты қолдауға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар құбылмалы айырбас бағамы режіміндегі ақша-несие саясаты (АНС) трансмиссиялық механизмінің негізгі арнасы пайыздық арна: базалық мөлшерлеменің өсуі, кредиттер мен депозиттер бойынша мөлшерлемелердің өсуі, депозиттер көлемінің ұлғаюы және кредиттер көлемінің төмендеуі, тұтыну шығындары мен іскерлік белсенділіктің төмендеуі, инфляция мен экономикалық өсудің баяулауы.

Бұл ретте елде депозиттердің өсу қарқынының ұлғаюы байқалмады, сондай-ақ салымдар көлемінің ұлғаюына резидент еместер қаражатының ағыны айтарлықтай әсер етті.

Тиісінше, сыйақы мөлшерлемесінің өсуіне жауап ретінде үнемдеуге бейімділік өсіп келе жатқан мемлекеттік шығындармен және елдегі жоғары тұтынушылық сұранысты қолдай отырып, несиелеудің тұрақты көлемімен бірге өскен жоқ.

Мемлекеттің экономикада елеулі болуына және бизнесті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларын іске асыруға байланысты іскерлік белсенділіктің төмендеуі байқалмайды. Соның ішінде, мемлекет қатысатын ірі кәсіпорындар шетелде «ұзын» және салыстырмалы түрде арзан ақшаны (синдикатталған қарыздар, еурооблигациялар және т.б.) мемлекеттің жариясыз кепілдігімен тарта алатындықтан ЕДБ-дан несиелеуді қажет етпейді (дефолт болған жағдайда төлемдер бюджет есебінен жүзеге асырылады).

Кредиттеу көлемі де тұтынушылық кредиттеу құрылымындағы пайызсыз бөліп төлеудің елеулі көлемінің аясында айтарлықтай өзгерген жоқ. Ал ұзақмерзімді кредиттеу (ШОБ және ипотека) базалық мөлшерлемені көтеру әсерін барынша азайтатын жеңілдікті тіркелген мөлшерлемелер бойынша жүреді.

Ипотекалық несиелер мен ШОБ несиелері бойынша өзгермелі мөлшерлемелер батыс елдеріндегі трансмиссияның негізгі арнасы болып табылады: ипотекалық төлемдердің өсуі меншік иелерінің де, жалға алушылардың да кірістерін төмендетеді, тұтынушылық шығындар мен іскерлік белсенділік төмендейді, экономикалық өсу мен баға өсімі баяулайды.

Осылайша, елдегі АНС трансмиссиялық тетігінің пайыздық арнасының жұмысы нарықтық және өзгермелі мөлшерлемелер бойынша кредиттеудің жеткіліксіз үлесімен қиындайды. Бұл ретте базалық мөлшерлеменің әсері, негізінен, ұлттық валютаның айырбас бағамын ұстап тұруда көрінеді.

 

Ботагөз Әбдірейқызы

Leave A Reply

Your email address will not be published.