Бүгінде дәнекерлеушілерге деген сұраныс жоғары. Тек құрылыс саласында ғана емес, олар кез-келген өндірісте ауадай қажет-ақ. Дегенмен, қазіргі таңда өндіріс орындарында жас шеберлер мен жұмысшы кадрлар тапшылығы жойылмай тұр.
Оның себебі, тоқсаныншы жылдары компьютерлік технология дамып, кеңселік жаңа жұмыстар пайда бола бастағанда, жұмысшы мамандардың беделі күрт төмендеп кетті. Бірі дәнекерлеушілердің жалақысы аз десе, бірі мансаптық өсу жоқ деп барғылары келмеді. Шындығына келгенде, дәнекерлеуші – мәртебелі мамандық. Олардың жалақылары біліктілігіне байланысты өсе береді, аталмыш маман иелері орта есеппен айына 500 000 теңгеге дейін табыс табады. Бұл сөзімізді дәнекерлеу ісінің шебері Бақытжан Жанатлеу де растайды.
Қордай ауданы, Бетқайнар ауылының тумасы бүгінде Алматы қаласындағы белді компаниялардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Көбіне орындықтар, үстелдер, ілгіштер, өзге де жиһаз түрлерін дәнекерлейді. «Темірден түйін түйіп, дәнекерлеп, қажетті материалдарды жасау өзіме ұнайды. Туған ауылымдағы орта мектепті бітіріп, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжіне оқуға түсіп, дәнекерлеуші мамандығын теория жүзінде үйрендім, сонымен қатар қосымша 10 айлық «Дәнекерлеу ісі» курсын оқып алдым. Қазір мамандығым бойынша жұмыс істеудемін. Негізінде, дәнекерлеу саласы біз ойлағаннан терең және қиын сала. Оның да түр-түрі бар: электрдәнекерлеу, жартылай автомат, аргон, автоген, т.б. Олардың әрқайсысының өз маманы бар, сонымен қатар, осылардың бәрі қолынан келетін әмбебап дәнекерлеушілер де болады. Металлды дәнекерлеу жұмысы қолөнершінің шығармашылығы секілді асқан қажырлықты талап етеді. Мен білетін дәнекерлеуші әріптестерімнің көпшілігі тұрақты негізде 400-500 мың теңге аралығындағы жалақыға жұмыс істейді»,-дейді еңбек адамы. Бұл сала мамандары жоғары жалақы алуға тиісті де. Өйткені, еңбектері асқан жауапкершілікті талап етеді әрі ұзақ уақыт дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу денсаулыққа залал тигізері сөзсіз.
Бес жылдан бері дәнекерлеу ісін серік еткен Бақытжан Бауыржанұлы өзін басқа салада елестете алмайды. Мамандық таңдауға үлкен жауапкершілікпен қараған ол бұл саланы әбден зерттеп, сұранысы жоғары кәсіп екеніне көз жеткізген соң дәнекерлеуші боламын деген нақты шешімге келген. «Қазір көп түлектер грантқа оқысам болды немесе ата-анама ұнайтын мамандық болса болды, деген оймен мамандық таңдауға атүсті қарайды. Мен жастарға болашақ кәсібін таңдарда қателеспеуге, техникалық салалардан қашпай, керісінше осы салада өз ісінің білгірі болып қалыптасып шығуға кеңес беремін»,-дейді кейіпкеріміз.
Бақытжан «Zeta» деп аталатын еліміздегі ірі өндірістік компаниясында тұрақты жұмыс істеумен қатар, Қордай ауылындағы «Izgi is qordai» жиһаз цехінде тапсырыс бойынша қосымша еңбек етеді. Дәнекерлеу ісінен тапқан несібесі жас отбасының еркін тұрмыс-тіршілікте ғұмыр кешуіне, ауылда тұратын ата-анасына жәрдемдесуге жеткілікті екенін айтады.
«Мен ең алдымен істеген жұмысымда сапаға баса мән беремін. Жасаған затым тапсырыс берген адамдарға ғана емес, өзіме де ұнаса, жұмысымнан кәдімгідей ләззат аламын», — деген еңбекқор жан алдағы уақытта өзінің жеке цехын ашуды, осы арқылы кәсіпкерлік қызметін жандандыруды мақсат етеді.
Сәуле Мұхадинқызы