Асар — бауырластықтың, жерлестердің бірлігінің көрінісі, бір-біріне өтеусіз көмектесуге деген ұмтылыс. Соның көрінісі ауданымызда жыл бойы жалғасын тауып келеді. Жақында Степное ауылында тағы бір отбасы баспаналы болды.
Бүгінде Қордай ауданында бұл жоба белсенді және табысты жүзеге асырылуда. Бұл жолы Степное ауылының тұрғындары бірлік пен өзара көмек көрсетудің үлгісін көрсетті. Округ әкімі Қайрат Жолдасбаев арнайы қорға қаражат жинау туралы жариялап, ауылдастар үлкен белсенділік танытқан. Арнайы ашылған қорға аз ғана болса көмегімізді берсек, үлесімізді қоссақ деп асыққан жұрт өз қамқорлықтарының, қайырымдылықтарының жақында нәтижесін көрді.
Асыраушысы қайтыс болған, үш баласымен қалған жалғыз басты анаға үш бөлмелі үй салынды. Ауылдық округ әкімдігі өкілдері, Степное ауылының қариялары мен жастары салтанатты түрде жаңа үйдің лентасын қиып, отбасына жақсы тілектерін жеткізді.
Үй шағын демесең, онда өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Ауыл тұрғындары көктемге тағы бір бөлме-зал қосуды жоспарлап отыр екен. Жылыту және су, барлық коммуникациялар жүргізілген. Ауылдастарына үй иесі де алғысын білдіріп, жиналған қауым жаңа баспанада жайылған дастарханнан дәм татты.