Соңғы күндері Жамбыл облысы аумағында ауа райы күрт нашарлап, боран соғып, қалың қар жауып, жауын-шашынның мол түсуіне байланысты республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылды.
Осы кезеңде жолға шығып, орта жолда қалған азаматтар үшін Қордай ауданы аумағында арнайы жылыту пункттері ұйымдастырылды.
Аудан әкімі Бегзат Болатбеков тапсырмасына сәйкес жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жүздеген адамға пана беріліп, бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, Кенен ауылындағы №42 орта мектепте 400 орын, Қайнар ауылындағы №32 орта мектепте 400 орын, Алға ауылындағы №34 орта мектепте 400 орын және Қордай ауылындағы №47 және №51 орта мектептерінде 400 орын дайындалып, қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Аталған жылыту пункттері қазіргі уақытта да жұмысын жалғастыруда.
Табиғат тосын мінез танытқан күндері аудан аумағында «КАЖ сервис» ЖШС Жамбыл облыстық филиалы тарапынан 25 қызметкер мен 22 техника жұмылдырылып, қар тазалау және құм-тұз қоспасын себу жұмыстары үздіксіз жүргізілді. Жалпы 69 адам мен 44 арнайы техника тартылды. Сонымен қатар төтенше жағдайлар бөлімі мен полиция бөлімінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың үйлеріне аман-есен жетуіне бар күштерін салды.
Осылармен бірге ауылдық округтер де жолда қалғандарға барынша көмек қолын созып, қамқорлық танытқанын айта кеткен жөн.
Қазіргі уақытта да ауа райы қолайсыз болып тұр. Осыған байланысты мамандар аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Ж.ОМАРОВ