Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте автобус маршруттарын жетілдіру және жолдардың қыс мезгіліне дайындық мәселелері қаралды.
Басқосуда баяндама жасаған жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков алдымен автобус маршруттарына қатысты жағдайды баяндады.
Ол басқарма тарапынан – облысаралық 13 маршрут, ауданаралық 25 маршрут ұйымдастырылғанын жеткізді.
— Бүгінгі таңда облысымызда халық тарапынан сұранысқа сәйкес, Тараз қаласынан және аудан орталықтарынан Алматы қаласына – 8 облысаралық маршрут, Қарағанды қаласы – 1 маршрут, Астана қаласы – 1 маршрут ұйымдастырылған.
Тараз қаласы мен 8 аудан орталықтарын қосатын ауданаралық маршруттар және екі ауданды өзара қосатын 3 маршрут қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Тараз қаласын аудандардың елді мекендерімен қосатын 14 маршрут ұйымдастырылған.
Жалпы Тараз қаласын қосқанда 371 елді мекеннің 355-інде тұрғын саны 100 адамнан асады. Олардың ішінде 220 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылған.
Облысымыздың тұрғын саны 100 адамнан асатын елді мекендерін қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында, қосымша 54 ауданішілік маршрут ашу қажет етілуде,-деді Бақытжан Жәнібеков.
Облыс әкімі кейбір кемшіліктер бойынша Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен жауаптар алып, қоғамдық көлік қозғалысын реттеуді тапсырды. Әсіресе, Тараз қаласына қатысты көп сын айтылатынын ескертіп, 15 шағын аудан бойынша маршруттарды шешу мәселесін жеделдету қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 2025 жылға дейін барлық елді мекен қоғамдық көлікпен қамтамасыз етілу керектігін атап өтті.
Жиында облыс аумағындағы жалпы пайдаланымдағы автожолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау шараларына дайындық мәселелері де қаралды.
Ағымдағы жылдың 27-29 қазан аралығында аталған басқармамен автомобиль жолдарының қысқы кезеңге дайындығына зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Жалпы жергілікті маңызы бар жолдарды 2022 жылдың қараша-желтоқсан айларында қысқы күтіп ұстауға 189,0 млн.теңге бөлінген. Бұл жұмыстарға 23 мердігерлік ұйымдар тарту жоспарланған. Бүгінгі таңда, анықталған мердігерлермен 186 бірлік жол техникасы мен жабдықтар, 7010 тонна құм, 890 тонна тұз дайындалған.
Басқосу барысында «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ Жамбыл облысы филиалының директоры Айжан Туғанова аймақтағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын қыс мезгілінде күтіп ұстауға және жол-пайдалану техниканың даярлығы туралы баяндады. Ол 5 жылу пункті және 5 өндірістік базалары және 58 бірлік техника дайындалғанын тілге тиек етті. Қосымша 9 бірлік арнайы техникаларды жалға алуға келісім шарт жасалған.
Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға күтіп ұстау жұмыстарын үздіксіз, қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз ету мақсатында, қажетті инертті материалдар қорын 100 пайыз дайындауды, мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастыру барысында техникалық ерекшеліктеріне, әлеуетті өтінім берушілердің жабдықталған материалдық және техникалық базаларының болуына талап қоюды, қыс мезгіліндегі қажетті инертті материалдарды жабық бастырмаларда сақтауды қамтамасыз етуді, барлық жолдарға қыс маусымында қойылатын уақытша жол белгілерін орнатуды қамтамасыз етуді міндеттеді.
Сондай-ақ, аймақ басшысы тиісті жанар-жағармайдың жеткілікті қорын қамтамасыз ету, қыс мерзімінде тәулік бойы кезекшілікті ұйымдастыру бойынша тапсырмалар жүктеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Жолдарды қыс мезгілінде күтіп-ұстау шараларына толық дайын болуға тиіспіз» – Н. НҰРЖІГІТОВ
Next Post