Жолдауда қойылған міндеттерді орындау – мақсатымыз

0

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауын Қазақстан халқына жолдағаны қалың көпшілікке баспасөз құралдарынан белгілі. Еліміздің қоғамдық өміріндегі маңызды оқиғаға айналған Президенттің бұл Жолдауы бүгінде еліміздің түпкір-түпкірлерінде талқыланатын тақырыпқа айналып үлгерді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы Қордай аудандық филиалында осыған байланысты жиын өтті.

Сәрсенбі күні «AMANAT» партиясы Қордай аудандық мәслихатындағы депутаттық фракциясы отырысы өтіп, оған аудандық филиалдың төрағасы Бейқұт Жамангозов басшылық етті. Әдеттегідей отырыс «ашылсын» деген фракция мүшелерінің дауыс беруі арқылы басталып, төраға мүшелерді күн тәртібімен таныстырды. Атап өтсек, басты мәселе – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауы болды. Оны талқылау үшін жарыссөзге бірнеше фракция мүшесі жазылып, алғашқы баяндаманы Бейқұт Жамангозов оқыды.

Өз сөзінде Бейқұт Тлебалдыұлы Президенттің көтерген маңызды мәселелерін кезек-кезегімен атап өтіп, маңызды құжатта қойылған міндеттерді орындау – ортақ парыз екенін басып айтты. Осыдан кейін аудандық мәслихаттың депутаттары Қарлығаш Қыпшақбаева, Рамиль Жатқанбай да сөз кезегін алып, Мемлекет басшысының көтерген маңызды мәселелері еліміздің даму жолына үлкен үлесін қосуы тиіс деген пікірге тоқталды.

Жиынға қатысушылар Жолдауды талқылап, өз ойларын айтып, шешім жобасын бірауыздан қабылдады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.