Қордай ауданында елді мекендердің инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, биылғы жылы аудан көлемінде аталмыш бағдарлама шеңберінде 7 елді мекенде 9 инфрақұрылымдық жоба қолға алынған. Бұл жобалар аясында жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық жерлердегі жол сапасын жақсартуға бағытталған бұл жұмыстар қазір қарқын алған. Мәселен, Қордай ауылында – 10 көше, 5,4 шақырым, Отар ауылында – 5 көше, 4,1 шақырым, Қаракемер ауылында – 7 көше, 2,4 шақырым, Сарыбұлақ ауылында – 11 көше, 6,6 шақырым, Бетқайнар ауылында – 5 көше, 3,2 шақырым, Степное ауылы – 4 көше, 2,85 шақырым және Ауқатты ауылы – 1 көше, 0,2 шақырым.
Бүгінгі таңда барлық жобалар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, тиісті құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған. Жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар, аудандық бюджет есебінен қаржыландырылып, 2024 жылдан өтпелі негізде іске асырылып жатқан ұзындығы 8,5 шақырымды құрайтын 4 жоба да өз жалғасын табуда. Бұл жобалар Қордай, Сарыбұлақ, Сортөбе және Степное ауылдарын қамтиды.
Бұл бастамалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып, әлеуметтік-экономикалық дамуға оң әсерін тигізбек. Қазіргі таңда жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жобалардың дер кезінде және сапалы орындалуы қатаң бақылауда.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы – ауылдық аумақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту арқылы ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды мемлекеттік бағдарлама. Қордай ауданында бұл бастама нақты нәтижесін беріп, ауыл келбетін жаңартуға айтарлықтай үлес қосуда.