Ауылына арка салып берді
Халқымызда «Туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деген қанатты сөз бар. Туған жерге туын тігіп, қасиетті жердің даңқын асырып, түлетуге атсалысып жүрген азаматтар біздің елде де баршылық. Әсіресе, бұл үрдіс кейінгі жылдары мектеп түлектері арасында кең қанат жайып келеді. Соның бір көрінісі Қызылсай ауылында орын алып, 2001 жылғы мектеп түлектері жерлестерінің алғысына бөленді.
Осыдан тура 20 жыл бұрын Қызылсай ауылдық орта мектебін тәмамдаған ұл-қыздар күні кеше алтын ұясына қайта оралды. Өткен шақты еске алған түлектер өздері оқыған мектеп сыныптарын аралап, қызықты күндерін еске алды. Білім берген ұстаздарымен кездесіп, балалық шақтағы айта алмай қалған алғыстарын осы күні үйіп төкті. Алғаш әріп үйретіп, бастауыш сыныпта білім берген Сабыркүл Билялова түлектердің әрбірінің бала кезі көз алдында екенін айтып, оралмайтын күндерді сағынышпен еске алды. Одан кейін жоғары сыныпта жетекші болған Найля Мадышева да сөз алып, 2001 жылғы түлектері жас-тайынан ұйымшыл болғандарын айтты. Сонымен қатар, түлектер мектепті жақсы үлгеріммен бітіріп, өмірден өз орындарын тапқан. Олардың 20 жылдың ішінде биік белестерді бағындырып, кейінгі жастарға үлгі бола білгендерін де ардагер ұстаздар тілге тиек етті. Мектепті бітіргендеріне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шаралар жас ұрпаққа үлгі болып қалатынын атап өтті. Ұстаздарына арнайы алып келген сыйлықтарын табыстаған түлектер зор сыйлықты ауыл жұртына арнапты. Жалпы, Қызылсай ауылы кішкентай болғанымен бұл ауылдан атқамінер азаматтар көп шыққан. Барлығының бір бүйрегі ауылға бұрып тұратыны рас. Осы дәстүрден айналып өтпеген 1984 жылы туған түлектері де ауылға арналған сыйын тартулады. Олар елді мекеннің кіре берісіне арка орнатқан. Айта кетсек, құрылысты басынан аяғына дейін түлектер өздері жеткізген. Биіктігі бес метр болатын арка алыстан көз тартады. Енді келетін қонақтар түкпірдегі ауылды адаспай тауып бара алатын болды. Қызыл түске боялған «Қызылсай» деген арканың ашылу салтанатына Ауқатты ауылдық округінің әкімі Бірлік Манкеев қатысты.
«Азаматына қарап ауылын таны деген сөз тегін айтылмаса керек. Ауылдың әрбір түлегі туған жеріне осындай тамаша сый жасаса ауылымыз одан әрі ажарлана түсер еді. Бұл игі іс өзгелерге әбден үлгі деп айта аламын», — деген ауыл әкімі 2001 жылғы мектеп түлектеріне көпшіліктің атынан алғысын білдірді. Осылайша Бірлік Манкеев пен ауыл ақсақалы, ардагер ұстаз Сүлеймен Төлетаев нысанның лентасын қиып, ардагер ұстаз батасын беріп, шашу шашылды.
«Бұл үрдісті бізден кейінгі түлектерге эстафета етіп қалдырамыз», — дейді 2001 жылғы мектеп түлектері.
Мадияр Қарабаев