Ауданымызда туып-өскен жерін түлетуге үлес қосып жүрген арда азаматтар көп. Олардың тындырымды тірліктері – елге жасалған қамқорлық пен жанашырлықтың жарқын көрінісі.
Күні кеше редакциямызға тағы бір жағымды жаңалық келіп жетті. Қаракемер ауылының тумасы, №14 Ә.Нүсіпбаев атындағы мектептің түлегі Рабиға Махмұтқызы өзі оқыған мектепке сыйлық ретінде балаларға арналған ойын алаңын тарту етіпті. Мектеп ауласында орналасқан ойын алаңы шілде айында пайдалануға берілген. Көз тартарлықтай етіп жасалған алаңша әткеншек, түрлі спорттық кермелер, орындықтармен қамтылған.
Туған өлкесіне деген ыстық ықыласын ісімен ұштастыра білген Рабиға Махмұтқызына ауыл тұрғындары алғысын айтуда. Әсіресе бұл іске бүлдіршіндер дән риза. «Жағдайы келіп тұрса, кіндік қаны тамған ауылына көмектесу әр азаматтың парызы деп есептеймін. Кішкентай балақайлар таза ауада көбірек серуендеп, бір үйдің баласындай бір аулада ойнасын деген мақсатта ойын алаңын сыйға тартып отырмыз», — дейді жомарт түлек.