ЖОСПАР АЙҚЫН, ТЕХНИКА САЙ

0

Ақпанның ашуы басылып, қардың көбесі сөгілді. Синоптиктер алдағы күндері әлі де болса жауын-шашын болатынын айтуда. Дей тұрғанмен, аптадан соң келетін көктем қордайлық шаруалардың белді бекем буып, дайындық жұмыстарын бастауға білек сыбанатын кез. Осы орайда аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметтер бойынша көктемгі дала жұмыстарына дайындық жайында сөз етпекпіз.

2023 жылдың өніміне шаруалар 22 500 гектар алқапқа күздік бидай сепкен. Одан алынатын өнім биылғы жылғы ылғалдың жақсы болуы мен көктем, жаздың көңілден шығуына байланысты. Бірақ, жақсы боладыға үміт басым. Ал, ауыл шаруашылығы бөлімі мамандары биылғы жылға болжаммен 46 500 гектарға жаздық арпа, 8000 гектарға дәндік жүгері, 900 гектарға майлы дақылдар, 500 гектарға қант қызылшасы, 3800 гектарға картоп, 6500 гектарға көкөніс, 600 гектарға бақша өнімдері себіледі деп отыр. Сонымен бірге 900 гектарға сүрлемдік жүгері, 15 200 гектарға бір жылдық шөп, 23840 гектарға көп жылдық шөп себіліп, 10 204 гектарға пар дайындалады деп күтілуде.
Техникасы сай шаруаның көңілі де жай. Ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығы да қазіргі таңда жаман емес. Биыл көктемгі-дала жұмыстарына аудан бойынша 1122 бірлік техника жұмылдырылмақ. Оның ішінде 641 трактор, 154 соқа, 150 топырақ қопсытқыш, 154 дән сепкіш, 23 дәрілегіш техника сақадай сай. Сол техникаға қажетті жанар-жағар май мәселесі де шешімін тапқан. Көктемгі дала жұмыстарына 2145 тонна дизель отыны бөлініпті. Ақпанда 1105, наурызда 650 тонна шаруаларға берілетін болады. Арзандатылған дизель отынын таратуға операторлық қызметті «Элемир» және «Азия Нефтепродукт» ЖШС мойнына алған. Олармен қажетті меморандум жасалып, қазіргі таңда шаруалар тапсырысты аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі арқылы бере алады.
Өнімнің сапалы болуы тікелей минералды тыңайтқыштарға байланысты. 2023 жылғы сұранысты толықтай қамтамасыз ететін 10200 тонна минералды тыңайтқыштар қазір дайын. Оның ішінде 5 500 тонна аммиак селитрасы мен 2000 тонна аммафос және басқа түрлері бойынша 2700 тонна тыңайтқыш дайындалған. Бұлардың барлығы шаруаларға қолжетімді.
Несие алып, несібемді арттырсам деген шаруалар үшін биыл да жағымды жаңалықтар бар. «Аграрлық несие корпорациясы» «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі-дала жұмыстарына несие беру жұмыстарын бастаған. Ол «Қордай» несие серіктестігі арқылы қол жетімді болып отыр. Пайыздары да көңілге қонымды. Биыл, болжам бойныша, аталмыш бағдарлама арқылы 150 миллион теңге несие беру жоспарлануда. Былтырғы жылы ауданымыздың 16 шаруашылығы 140 миллион теңге көлемінде несие алған.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.