Жоспар айқындалып, міндеттер белгіленді

0

26 тамыз күні Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға ауылдық округтердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары, Аналар алқасының төрайымдары, сондай-ақ тиісті мекемелердің өкілдері қатысты. Күн тәртібіне аудан өміріндегі бірқатар маңызды және өзекті мәселелер шығарылып, ортақ талқылау жүргізілді.

Отырыс барысында ардагерлер кеңесінің алдағы кезеңге арналған қызметі мен қоғамдағы рөлін арттыру бағытында нақты тапсырмалар мен ұсыныстар қарастырылды. Қатысушылар белсенділік танытып, әрбір мәселе төңірегінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Кеңестің күн тәртібіндегі бірінші мәселе — Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы болды. Ардагерлер кеңесі алдағы мерейтойдың жоғары деңгейде аталып өтуі үшін барлық ауылдық округтерге байқаулар мен тәрбиелік мәні зор мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуды тапсырды. Бұл — жас ұрпақтың тарихи жады мен отансүйгіштік қасиетін дамытуға бағытталған маңызды бастама.

Отырыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық, суицид пен ерте жүктілік мәселелері де кеңінен талқыланды. Бұл бағытта облыс әкімінің құқық қорғау органдарымен өткізген арнайы жиынының қорытындылары тыңдалып, ардагерлер тарапынан аталған түйткілдер бойынша қоғаммен бірлесе жұмыс атқару қажеттігі атап өтілді.

«Заң мен тәртіп – Әділ қоғам» тақырыбында өткен ардагерлер форумы аясында көтерілген өзекті мәселелер кеңінен қаралды. Форумда қабылданған Үндеуді қолдау туралы ұсыныс бірауыздан мақұлданып, ардагерлер тарапынан ел ішіндегі тәртіп пен әділеттілікті нығайту жолындағы үнқатысу жалғасуы қажет екені айтылды.

Кеңейтілген отырыс барысында «Әкелер» және «Әжелер» байқауларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі нақтыланды. Бұл байқаулар отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін аға буынның тәжірибесін жастарға жеткізуге бағытталған. Ауылдық округтерге нақты тапсырмалар беріліп, ұйымдастыру жұмыстары жүйеленді.

1 қыркүйек – Білім күніне орай өткізілетін «Мектепке жол» аясында аз қамтылған, мұқтаж және жетім балаларға көмек көрсету жұмыстары кеңінен сөз болды. Киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету шараларын үйлестіру, демеушілерді тарту жұмыстары қарастырылып, бұл істің ардагерлер тарапынан жіті бақылауға алынатыны айтылды.

Қазан айында аталып өтетін Қарттар күніне орай дайындық жұмыстары да назардан тыс қалмады. Тыл еңбеккерлері мен еңбек ардагерлеріне лайықты құрмет көрсетіп, марапаттау, құттықтау шараларын ұйымдастыру жайы пысықталды.

Кеңес отырысында ардагерлердің санаториялық-курорттық емделу мәселесі де қозғалды. Жауапты мекеме өкілі осы бағыттағы жұмыстардың барысы жөнінде есеп беріп, алдағы кезеңге арналған жоспарлармен бөлісті. Ардагерлердің денсаулығын сақтау мен өмір сапасын арттыру – кеңестің тұрақты бақылауындағы басым бағыттардың бірі.

Отырыс соңында Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы барлық қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары үшін алғыс білдіріп, қабылданған шешімдердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.