ЖРВИ МЕН ТҰМАУ КІМДЕР ҮШІН ҚАУІПТІ?

0

Күз – иммунитеттің әлсіреп, жұқпалы инфекциялардың өршитін мезгілі. Сондықтан, дәрігерлер бұл маусымда ағзаға ерекше күтім қажет екенін үнемі айтып жүреді. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісінің ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабековамен ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шаралары жайындағы сұхбатын ұсынып отырмыз.

 

— Людмила Витальевна, Денсаулық сақтау министрлігі көктем мен күз мезгілінде апта сайын елімізде орта есеппен ЖРВИ (жіті респираторлық вирустық инфекция) мен тұмау жұқтырудың 160 мың жағдайы тіркелетінін мәлімдеді. Жыл басынан бері бұл инфекциялардың өршіп кетуіне не себеп болуы мүмкін?

— Жыл сайын халық арасында ЖРВИ және тұмау жұқтырудың артуы күз бен қыс мезгілдерінде байқалады. ЖРВИ тұрғындар арасында тараған барлық жұқпалы аурулардың шамамен 75 пайызын алады. Сондықтан, біздің елімізде ЖРВИ жұқтырудың 4 миллионға жуық, ал тұмаудың 2 мыңнан астам жағдайы тіркеледі. Тұрғындардың бұл инфекцияларды жұқтырып алу қаупі жоғары. Өйткені, ол жабық бөлмеде 7 метр қашықтыққа дейін таралады.

Тұмау сөйлесу, жөтелу, түшкіру кезінде ауаға тарайтын ұсақ тамшылардан жұғады. Әрине, оның негізгі көзі – ауырып тұрған адам. Сондай-ақ, тұмау инфекциясы тұрмыстық заттар немесе вирус жұқтырған адамның қолын ұстау кезінде жұғуы мүмкін. Адам тұмау жұқтырып алғанын бірден білмейді. Себебі, оның инкубациялық кезеңі 7 күнге дейінгі аралық. Сондықтан, оның алғашқы белгілерін байқамаған тұрғын тұмаудың инфекциясын келесі бар адамға жұқтырады.

Сонымен қатар, оның тарауына мына факторлар да әсер етеді:

— жылы киінбей, ағзаны тоңдырып алу;

— дұрыс тамақтанбау;

— жұмыс және демалыс режимін сақтамау;

— иммунитеттің төмендеуі;

— созылмалы аурулардың асқынуы;

— адамдар көп жиналатын орындарға бару;

— күйзеліс.

 

— Биыл ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандар арасында жүкті әйелдер көп. Неліктен аяғы ауыр әйелдер аталған инфекцияларды жиі жұқтырады?

 

— Жүктілік физиологиялық процесс екені белгілі, бірақ кейде ол да елеулі қауіптерге ұшырауы мүмін. Себебі, бұл кезеңде әйелдің организмі екі есе жүктемені көтереді. Жүктілік үш маусымға созылады және әрдайым ЖРВИ мен тұмаудың өршу кезеңіне де тап келеді. Сондықтан, инфекция жұқтыру қаупі де жоғары болады. Жүктілік кезінде жұқтырған ЖРВИ әдетте ұзақ уақытқа созылады. Дегенмен, ауыр клиникалық белгілері болмайды. Бұл кезеңде иммундық жүйе ерекше жұмыс істейді. Атап айтқанда, осы аралық гормоналдық өзгеріс кезіндегі физиологиялық иммун тапшылығы деп аталады. Бұл жағдайда вирустар плацента арқылы анадан ұрыққа енеді, осылайша «ана – плацента – ұрық» жүйесінің барлық үш компоненті инфекциялық процеске қосылады. Жүктіліктің алғашқы 3 айында ЖРВИ-мен ауыру қауіпті. Статистикаға сәйкес, дәл осы кезеңде асқынулар көп тіркеліп жатады. Ал соңғы 3 айында асқынулар аз болады.

— Қай жастағы балаларда ЖРВИ мен тұмау жұқтыру қауіптілігі жоғары және неліктен?

— Жыл сайын ЖРВИ және тұмау жұқтыратындардың 65 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Өйткені, олар адамдар көп болатын ұжымдарда – балабақша, мектеп, үйірме, секциялар және тағы да басқа жерлерде жүреді. Балаларда ауру белгілері дереу әрі анық байқалады. 2 жасқа дейінгі балалар тұмаудың асқыну қаупіне жиі ұшырайтын санатқа енеді. Иммундық жүйенің жасқа байланысты жетіліп үлгермеуіне орай балаларда тұмау вирусына қатысты сезімталдық ересектерге қарағанда 4 есе жоғары. Балалар үшін тұмау мынадай салдарымен қауіпті: пневмония, синусит және ішкі ағзалардың басқа да асқынулары. Сондай-ақ, дененің әлсіреуі созылмалы аурулардың өршуіне де ықпал етеді.

— Людмила Витальевна, ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілері туралы айтып берсеңіз.

— Ауру жедел басталады. ЖРВИ-дің белгілері – бас ауру, әлсіздік, дене температурасының жоғарылауы, бұлшықеттердің ауруы, мұрыннан су ағу, тамақтың ауруы, жөтел. Суық тию мен тұмаудың белгілері ұқсас болғандықтан, оларды ажырату қиын болуы мүмкін. Тұмаудың алғашқы белгісі – қалтырап тоңу, дене температурасының жоғары болуы, яғни 38,5-40 градусқа дейін жетуі. Сондай-ақ, бас ауырады (маңдайдың тұсы мен қастың маңайы ауырады), шамадан тыс терлеу, бұлшықеттің ауруы және әлсіздік мазалайды. Бұған қоса, көзге қысым түскен сияқты ауырады. Тыныс алу жолдарының зақымдануы, оның ішінде тамақтың ашуы, құрғақ жөтел, мұрын бітелу және дауыс қарлығып шығады.

 

— ЖРВИ мен тұмау қандай науқастар үшін ауыр тиеді?

— Бұл жұқпалы аурулар барлық адамның ағзасына теріс әсер етері сөзсіз. Алайда, ЖРВИ мен тұмауға шалдыққан және асқыну қаупі жоғары азаматтардың бірнеше санаты бар:

  • 14 жасқа дейінгі балалар;
  • 65 жастан асқан адамдар;
  • бірқатар созылмалы аурулары бар адамдар (жүрек, өкпе, бүйрек дерттері мен қант диабеті және тағы да басқа);
  • медицина қызметкерлері (олар науқаспен байланыста болады);
  • қызмет көрсету саласының мамандары.

— Тұмау және ЖРВИ-дің алғашқы белгілері пайда болғанда не істеу қажет? Міндетті түрде ауруханаға бару қажет пе, әлде үй жағдайында ем алуға бола ма?

— Алғашқы шаралардың бірі – бөлек ыдыс-аяқ, сүлгіні қолдану. Үйден ешқайда шықпай, кезекші дәрігерді шақыру қажет. Өз бетінше емдеумен айналысудың қажеті жоқ. Сонымен қатар, мына шараларды ұстану керек:

— Инфекцияны сау адамдарға жұқтырмау үшін өзіңді оқшаулау;

— Ауырған кезеңде қоғамдық орындарға бармау;

— Науқас жатқан бөлмелерді жиі желдетіп, тазалау;

— Гигиенаны сақтау;

— Үйде маска кию – жөтел болмаса да, вирус тыныс алу арқылы таралады;

— Ауаны ылғалдандыру маңызды;

— Сұйықтықты көп ішу керек;

— Мұрын мен ауыз қуысын жиі шаю қажет;

— Дене қызуы 38 градустан жоғары болған кезде дәрігердің нұсқауы бойынша ибупрофен, парацетомол, аспирин қолдану.

— Жөтелді ұстамаңыз, өйткені жөтел кезінде өкпедегі инфекция сыртқа шығып, тыныс алу жүйелері жақсарады.

— ЖРВИ мен тұмау жұқтырғандардың көбі дәстүрлі медицина шараларымен емделіп жатады. Сіз маман ретінде бұған қандай пікір білдіресіз? Тұмау мен ЖРВИ-ді халықтық медицинамен емдеуге бола ма?

 

— Халықтық медцина әдістерімен емдеу суық тию кезінде сіздің жағдайыңызды жақсартуы да және керісінше денсаулығыңызға зиян тигізуі де мүмкін. Дәстүрлі емге жүгінерден бұрын дәрігермен кеңесу қажет. Өкінішке қарай, науқастар достары, таныстарының кеңесі немесе интернеттегі тәсілдермен емделіп, жағдайы нашарлап, ауруханаға түсіп жатады.

— Ауру белігілерін байқағанда көпшілік бірден уыс-уыс дәрі іше бастайды. Дәрінің көптігі ағзаны керісінше әлсіретіп жібермей ме?

— ЖРВИ немесе тұмау кезінде өз бетінше емделуге болмайды. Науқастың жағдайы мен жасына сәйкес диагноз қойып, қажетті ем тағайындайтын дәрігер болуы тиіс. Вирусқа қарсы және иммуномодуляциялық препараттарды, оның ішінде интерферон препараттарын қолдану дәрігердің нұсқауы және оның қатаң бақылауымен жүргізілуі керек. Антибиотиктерді өздігінен іше беру иммунитеттің әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

— Қалай ЖРВИ мен тұмаудың алдын алуға болады? Қандай тағам, дәрумен, көкөніс, жеміс-жидек жеген дұрыс?

— Әрине, аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – вакцинация. 60 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіз және тиімді вакциналар қолданылып келеді. Екпені жыл сайын алып отыру ұсынылады. Өйткені, оның күші біраз уақыттан кейін әлсірейді. Тұмауға қарты инъекциялық вакциналар әлемде кеңінен қолданылады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мына санатқа енетін адамдарға жыл сайын екпе алуды ұсынады:

  • жүкті әйелдерге;
  • 6 айдан 5 жасқа дейінгі балаларға;
  • 65 жастан асқан адамдарға;
  • созылмалы дерті барларға;
  • денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне.

Вакцинациядан басқа да қорғану шаралары бар. Мәселен, адамдар көп жиналатын жерлерге бармау, барған жағдайда 1 метр қашықтықты сақтау. Тамақтанар алдында қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз, күн сайын таза ауада серуендеңіз және дұрыс тамақтаныңыз. Сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстанып, режиммен ұйықтап, дене шынықтырумен айналысқан жөн.

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

Inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.