Мемлекет басшысы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Ең алдымен, баршаңызды Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Журналист – мәртебелі мамандық. Ол – ақиқат сөздің, өткір ой мен шынайы пікірдің және әділ істің жақтаушысы. Сондықтан біз медиа саласының мамандарына әрдайым зор құрметпен қараймыз», деді Президент.
Мемлекет басшысы түптеп келгенде, мемлекет те, журналист те ұлт үшін қызмет ететінін, ел тағдырын шешуге атсалысатынын атап өтті. Бүгінде ұлт баспасөзі мен ұлт мүддесі қай кезде де өзектес болғанын, қазір де солай екенін тілге тиек етті.
«Біздің мақсат-мұратымыз – ортақ. Бұл – баршаға тең мүмкіндіктер беретін Әділетті Қазақстанды құру. Мен бүгін медиа саласы мамандарының осы жолдағы қажырлы еңбектері үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Әлихан Бөкейхан «Газет-журнал шығаруға зор шеберлік керек» деп талап қойған. Бұл – бүкіл ақпарат саласына ортақ тұжырым. Жалпы, журналистер мемлекеттік саясатты халыққа түсіндіру ісінде айрықша рөл атқарады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, газет оқудың маңыздылығына тоқталды.
«Ақпарат – қуатты құрал. Әсіресе, қазіргідей құбылмалы заманда халыққа жан-жақты сарапталған, тексерілген, шынайы ақпаратты ұсыну аса маңызды», деді Президент.
Мемлекет басшысы халықты адастыратын ақпаратқа жол беруге болмайтынын атап өтті. Сондай-ақ, сөз бостандығының еліміздегі әр бастаманы сынау деп түсінбеу керек екенін айтты.
«Баспасөз – қоғамның бет-бейнесі. Мен күнделікті газет-журналды үнемі қадағалап отырамын. «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда», «Aiqyn», «Литер», «Turkistan», «Ana tili», «Қазақ әдебиеті» басылымдарын, аймақтарда шығатын газеттерді де үзбей оқимын. Көп мағлұмат аламын, пайдалы ақпарат өте көп. Жалпы, қазіргі таңда газеттерде жарияланып жатқан материалдардың сапасы жоғары,оқуға тартымды деп айтқым келеді. Қоғамның тынысын, зиялы қауымның ой-пікірін біліп отыру өте маңызды деп санаймын. Нағыз ұлт мүддесін көздеген ақпарат құралы елдің береке-бірлігін нығайту үшін қызмет етуі керек. Шын мәнінде, газет шығару және газет оқу үрдісі ешқашан үзілмеуге тиіс. Осы сабақтастықты сақтап қалу керек. Бұл – өркениетті елдердің барлығында қалыптасқан дәстүр», деп нақтылады Қасым Жомарт Тоқаев.