ЖЫЛАНКӨЗ БАЙ

0

Қазақтың құс ұшса қанаты талатын сайын даласы  бай-бағландарға кенде болмаған, кешегі  Кеңес Одағы кезінде «бай» деген сөздің өзін атау  мүмкін болмады, үстем таптың өкілі ретінде бай-бағландардың өзін жайдақ атқа теріс мінгізіп, жиіркенішпен қарайтын болдық. Бір рудың асыраушысы, жетім-жесірге тірек болған байларды,  қара халықтың қанын сүліктей сорған,  қанағаннан басқа қолдарынан басқа ештеңе келмейді деген жалған, теріс қағиданы жадымызға сіңірдік. Еліміз егемендік алып, сең сөгіліп, дүниеден өткен арыстарымызды түгендейтін заман туды. Қазақ тарихының қатпарында, тарихымыздың бір бөлшегі болып қалыптасқан небір дара тұлғалар өтті. Соның бірі де бірегейі – Дулаттан шыққан Жыланкөз бай. Себебі,  заманында  Шу өзенін тел емген қазақ-қырғызда одан байлығы артқан адам болмаған. Қатар жатып, мал айдаған қырғыз ағайындардың өзі: «Жыланкөздің жылқысының саны  Шудың сағасындағы өсіп тұрған қалың қамыстан көп десе, енді бірі аспандағы жұлдыздармен теңестірген». Әрине, Жыланкөздің жылқысы аспандағы сансыз жұлдызға теңесе қоймас, сонда да ел аузындағы дақпырттың өзі неге тұрарлық?!

Жыланкөздің байлығы жайында жерлес жазушы ағамыз  Марал Ысқақбайдың  «Асу-асу бел Қордай» атты кітабында: «Оның үрім-бұтағының малын есептегенде, 50 мыңдай қой, 10 мың жылқы біткені рас болса керек. Ел аузындағы аңызға қарағанда, Жыланкөз бүкіл малды жылына бір рет күз айларында санатады екен. Санақшы малшылар  қой санарда бір дейілше құрт ала шығып, әрбір жүздіктен соң  бір құртты екінші бос қапқа тастап отыратын көрінеді. Сол кезде санақшылыққа шыққан пысық жігіттер есебін тауып екі-үш құрт ұрлап алады екен де, жыл бойғы сойыстарына жаратады екен»-деп атап көрсеткен. Тағы да бір,  «Жарамсақтық жарамас» атты аңызда Жыланкөз бай туралы дерек жақсы айтылып өтеді:

Қазіргі Ақтерек ауылының күншығыс жақ бетіндегі Жаманты маңын кезінде Кененбай деген  сал-сері кісі жайлаған екен. (Кенен Әзірбаевтың «Кененбай мен Кебез сұлу» поэмасы бар).  Бірде ол Меркі жаққа жолы түсіп, Ботбайдың белгілі байларының бірі Нұрманбеттің үйінде қонақ болады. Әңгімеден әңгіме шығып, бір кезде үй иесі мейманынан:

— Бай кім, батыр кім?-деп сұрайды сынамаққа. Сонда Кененбай:

— Бай өзің, батыр-Сыпатай,-деп жауап беріпті. Шамасы, Нұрманбет бұл жауапқа риза болып қалса керек, ертеңгісін ат мінгізіп шығарады.

Ат жетелеген Кененбай жол-жөнекей атақты Есқожа — Жыланкөз байдың үйіне келіп түседі. Ата дәстүрімен амандық-саулық сұрасып біткен соң, Жыланкөз:

-Е-е, сен Нұрманбеттің үйіне қонып шықтың ғой, солай ма? Ол сенен «батыр кім, бай кім» деп сұрады-ау. Сен: « Бай-өзіңсің, батыр-Сыпатай» деп жауап бердің, ә ? Сол үшін ат мінгізіп шығарды-ау,ә?!-деп шүйіледі. Көріпкелі бардай бәрін дөп басып отырғасын, қайтіп бұлтарсын, еріксіз мойындайды.

Ертесіне үй иесі қонағына:

— Бар, атын апарып өзіне бер!-деп бұйырады. Амалы қанша, атын жетелеп, кешегі келген жолына қайта түседі. Нұрманбет оны есігінің алдында тосып алып тұрып:

— Е, Кененжан, Жыланкөздің үйіне қонған болдың ғой. Ол сенен Нұрманбеттің үйіне қондың ба деп сұрады-ау, ә?! Менің қойған сауалымды да, сенің жауабыңды да тап басып айтты-ау, солай ма? Сонан соң атын өзіне апарып бер деп бұйырды да. Ол дұрыс жасаған. Сен қате айттың. Батыр — Өтеген, бай — Есқожа Жыланкөз,-деген екен.

Нұрманбеттің атын өзіне қалдырып, Кенебай Жыланкөзге қайтып келіпті.

— Кенебай  қарағым, бұдан былай жарамсақтық жасама,-деп қария оған ат мінгізіп шығарып салыпты.

Жыланкөз байдың ұрпағы Сапарбайқызы Құндызайдың әкесінен естіген келесі бір аңыз әңгімесіне құлақ түретін болсақ : «Керуде Жыланкөз байдың жылқылары өтетін жолы болған екен, маңындағы Әулиешоқының  төбесінде отырған қарт Жыланкөз байға «Қыдыр ата» айтады : «Жыланкөз досым бірнеше жыл болды жаныңда жүрдім, маған кетуге мұрсат бер»-дейді. Жыланкөз болса, әрине мұрсат, бірақ, бала-шағамды жинайын тұра тұрыңыз, сізді қайсысы көрсе соған кетерсіз-деп өтінеді. Осы әңгіме ауылға жетіп, сарыбәйбіше бала-шағаның бәрін таудың  бөктеріне жинайды да : «Ал, айналайын балаларым жоғарыдағы таудың басынан кімдерді көріп отырсыңдар»-деп сауал тастайды Ересек болып қалған балалары: «Біз тек  Жыланкөз атамызды көріп отырмыз»- дейді. Сонда, аяқжақта отырған 4-5 шамасындағы сары қыз : «Апа, мен айтайыншы»-деп төбеге қарай қолын нұсқап қоймай қояды. Ал, айта ғой дейді жақтырмаған бәйбіше. Сонда қолын түсірмеген бойда сары қыз: «Жыланкөз атам жалғыз отырған жоқ, жан атамның жанында ақ сәлделі, ақ сақалды, ақ шапанды нұр шашып тұрған бір атаны көрдім»- деп қуаныштан айғайлап жіберген екен. Сонда, сарыбәйбіше: «Ой, қушұнақ-ай, ұлыма емес, қызыма көрінгені-ай» — деп кейіп, жанына жетіп барып оны нұқып-нұқып жіберген екен…

Жыланкөз бай болмысында қолы ашық, атымтай жомарт болса керек. Малының санын білмепті, жарықтық. Жетім-жесірлерге барынша көмек қолын созады, алдына келгендерін құр қол қайтармайтын болған. Жылқышылары мен малшыларына  уақытымен соғымдарыңды сойып алыңдар, отбасыларың ашығып қалмасын, биенің қымызы мен ірі қара, қойдың сүтін таратыңдар  халыққа, ақ сатылмайды – деп отырады екен. Жылқысы Балқаш көліне дейін жайылып жататын болған, жылқысының жартысына жуығы ала болған деседі. Генерал Колпаковскийдің өзі бір алғанда 3-5 мың жылқыны бірақ айдатып, ол өз кезегінде қалың жылқыны әскердің мінісіне жаратқан.

Жыланкөз байдың ата тегі – Бәйдібек – Тілеуберді (Жарықшақ) — Дулат – Жаныс — Жарылқамыс-  Қасқараудан (Бейімбет) – Бұқар – Баба – Айтқұл – Есқожа — Жантелі — Жыланкөз болып таралады. Жыланкөз байдың 12 баласы болған:

Әбден батыр, Әбілдә, Аба, Мәжі, Рахы,Таутан, Құрманәлі, Оразбек, Кәкей, Ботай, Райқұл, Белгібай. (Жаныс шежіресі, 543 бет) Ұрпақтарының басым бөлігі  Жамбыл, Алматы облыстарында мекендейді.

Мемлекеттік орталық мұрағат құжаттарының дерегіне  келетін болсақ: Отарлаушы Ресей патшалық өкіметі Жетісу өлкесінің Шуға дейінгі бөлігіне орнығып алған соң, 1859 жылы орыс басшылары Қоқан хандығына жол ашу мақсатында, Шу өзенінің бойын зерттеп, картаға түсіру және алдағы күндерде оңтүстік аймақты түгел отарлау  үшін Қоқан  хандығына шығатын жолдарды барлау жұмыстарын жүргізу үшін экспедиция құрады. Қазақтың сұлтандары мен Жыланкөз сияқты беделді билердің ықпалын пайдаланып, халық сеніміне кіріп, экспедиция жұмысына қажетті азық-түлік, мініс ат, жүк тасымалдауға түйелерін, ал жұмыс күшіне жігіттерін пайдаланады. Сонымен қатар 1861 жылы Алатау округінің басшысы Г.А.Колпаковский өз құзырындағы: Тойбай, Жыланкөз, Ноғайбай, Кебекбай, Жайнақ, Қаспақ, Сарыбай, Нарбота, Қожағұл,Туғанбай, Қарабай, Қасабек т.б. билерге Пішпек бекінісін қайта алуға шыққан орыс әскерінің жорығына көмекке жігіттер бергізеді.

Сол кездерде көмек көрсеткендердің бірі — Жыланкөз Жантеліұлына 1862 жылы  Жетісу облысының генерал-губернаторы 3-дәрежелі шапан (кафтан)  беріп марапаттаған. (ҚРОММ. 44 қор, 1 тізбе,47-іс)

1867 жылы Ресей әкімшілігі Жетісу және Сырдария облыстарын басқарудың «Уақытша Ережесінде» белгіленген талаптарға сәйкес жаңа тұрпаттағы болыстықтар мен оларға кіретін ауылдарды белгілейді. Осы болыстықтарды басқаратын билік жүйесін ұйымдастырудың алдында бұрынғы өздеріне қызмет көрсетіп, мақтау алған құрметті қазақтардың тізімін алып, жергілікті халықты басқаратын әкімшілік қызметке солардың ішінен таңдап алынған көрінеді.  Мұрағат құжатындағы сол тізімде, Есқожа руынан шыққан — Жыланкөз Жантеліұлы да бар (ҚРОММ. 3қор,1 тізбе, 616 іс) 

1867 жылы болыстықтарды құруға арнайы шықан комиссияға жаңа ұйымдастырылған болыстардың атын қою да міндетіне кірген болатын. Комиссияның шешімі бойынша, болыстардың аты оның құрамындағы негізгі рудың атымен, ал болыс екі рудан тұрса, онда екі рудың аты бірдей аталатын болды. Ал егер оның құрамында екіден көп болса, онда ол болыстың аты аса маңызды мекенннің атымен аталғаны жөн деп есептеледі. Сондықтан, Есқожа руынан шыққан атақты Жыланкөз бидің қарамағына кірген елді мекен құрамындағы Ботбай, Жаныс (Есқожа, Енембаласы, Қыбырай), Жантан (Ерубай) руларының ауылдары қоныстанған бұл аймақ — Жыланкөз болыстығы деп аталған. Сөйтіп, патша үкіметінің комиссиясы бес рудың басын қосып «Жыланкөз» болыстығы-деп атаған еді. (Үміткен Бүркітбаева, «Өткен күндер-қалған іздер», Нұрлы әлем баспасы, Алматы 2012 жыл,211 бет)

Жыланкөздің ұрпақтары осы болыстықта өніп-өскен. Солардың ішінде Жыланкөз бидің кіші ұлы Райымқұл 1901-1903 жылдары осы болыстықтың №1 ауылының биінің орынбасары болғаны, сонда оның жасы 38-де деп мұрағат құжатында көрсетілген.(ҚРОММ 44 том, 1 тізбе, 1485 іс ) Осы жоғарыдағы сайлау жөніндегі Пішкек  уезінің бастығының  1900 жылғы 21 шілдедегі Жетісу Генерал-губернаторына жолдаған №3216  рапортына көз жүгіртетін болсақ : «Предоставляя при сем на утверждение Вашего Превосходительство баллатировочные листы на избрание волостного управителя и кандидата по нему, народных судей и кандидатов к ним по Джиланкузовской волости, вверенного мне уезда, имею честь донести Вашему Превосходительству, что избранный волостной управитель Ауль Тойбаев умственно развит удовлетворительно, характера твердого, занимается скотоводом и земледелием, зажиточный, пользуется доверием и уважением народа, ни в чем предосудительным деянием не был и не одно трехлетие уже состоит волостным управителем.О кандидате по ним никакой сведений не имеется кроме того, что он двуюродной брат волостного управителя и человек богатый. К утверждению их в избранных должностях препятствий Уездный начальник не встречает»-деп қол қояды. Осы рапортқа сай  Жыланкөз болысының болысы болып Әуел Тойбаев  (жасы 52-де), оның кандидаты болып 56 жастағы Аралбай Тойчин сайланады. Және әр ауылдың билерінің сайлау тізбесінде бірінші ауылдың биі  болып 38 жастағы Естемес Какеев, орынбасары (кандидаты) болып 38  жастағы Райқұл Жыланкөзов, екінші ауылдың биі болып 43 жастағы Әзімбай Тобышақов, кандидаты ретінде 43 жастағы Өмірәлі Тойбаев, үшінші ауылдың биі болып 40 жастағы Жаманбай Сайдаутов, кандидаты ретінде 42 жастағы Шешенқара Айнекин, төртінші ауылдың биі болып 50 жастағы Бидай Құттықов, оның кандидаты болып 43 жастағы Мейірхан Құттықов, бесінші ауылдың биі болып 63 жастағы Раис Маркин, кандидаты болып 35 жастағы Әлімбай Маркин, алтыншы ауылдың биі болып 40 жастағы Бөлен Орманов, кандидаты болып 37 жастағы Рысалды Омаров,  жетінші ауылдың биі болып 38 жастағы Байжан Қоңырбаев, кандидаты болып 40 жастағы Байбосын Қоңырбаев, сегізінші ауылдың биі болып 49 жастағы Серкебай Қожабергенов, кандидаты болып 49 жастағы Қыпшақбай Жанұзақов, тоғызыншы ауылдың биі болып 42 жастағы Қуанышбек Отыншин, оның кандидаты ретінде 38 жастағы Әлім Манкеевтер тіркеліп, сайланады. Сонымен бірге, Райқұл Жыланкөзовтың үш жыл бұрынғы 1898-1900 жылдары бірінші ауылдың биінің  орынбасары болған, жасы 35-те деп  көрсетілген.

Келесі бір архив құжаттарының бірінде Жыланкөз болыстығында патша үкіметінің 1888 жылғы санағы бойынша қазақ үйлердің саны-1211 түтінді құрайды. Оның ішінде еркектер саны 1886 адам, әйелдер саны 1437 адам деп көрсетілген (ҚРОММ  44 том, 1 тізбе, 335 іс )

Қазақтың біртуар ұлдарының бірі Асанбай Асқаровтың осы Жыланкөз байдың ұрпағы Мейірманов Сапарбайдан ақ бата алғаны жайлы біреу біліп, біреу білмес. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары мемлекет қайраткері Асанбай Асқаров Қазақстан Орталық Комитетінің шешімімен Шымкент облысының бірінші хатшылығына тағайындалады. Көзі ашық, көкірегі ояу, қазақи салт-дәстүрді жетік білетін, бірнеше  поэма-өлеңдердің авторы Асанбай Асқаров Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Рисороб (Қақпатас) ауылында атағы шыққан Жыланкөз байдың, яғни, тектінің ұрпағы ұзақ жыл председатель болып істеген Мейірманов Сапарбайдың үйіне әдейілеп ат басын тіреп ақ батасын алады. Осы болған оқиғаның өзі біздің салт-дәстүріміздің ұстанымы, ұлттық коды, салтанаты екеніне көз жеткізіп, көп нәрсені ұғындырады. Сонымен бірге,  Сапарбайдың бауыры Мейірманов Мырзахмет жоғарғы партшколаны бітіргені, лауазымды қызметтер істеп Асанбай Асқаровпен жақсы қарым-қатынаста болғанын айтып өткенім жөн шығар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  өз Жолдауларының бірінде: «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік»-деп айшықтағанын жадымызда сақтап,  ұлттық санамызды қастерлеп, өткен Қазақ тарихына деген құрметсіздікті жойып, Жаңа Қазақстан тарихын қалыптастыру барысында Жыланкөз Жантеліұлындай арыстарымызды құрметтеу біздер мен өскелең ұрпаққа парыз!

Осы тұрғыда артында атан түйеге жүк боларлықтай аңыз әңгімелер, архив құжаттары  қалған Тұлғамызға ауданнан, ауылға аты беріліп, басқада кешенді жұмыстар атқарылса құба-құп болар еді деген тілек мендегі. Еліміз аман болып, көк байрағымыз мәңгі желбіресін!

 Жандарбек Қарабасов, Алаштанушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Leave A Reply

Your email address will not be published.