Аудан әкімдігінің мәжіліс залында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік нысандарды 2024-2025 жылғы жылыту маусымына дайындау бойынша штаб отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатовтың төрағалығымен өткен жиынға ауылдық округ әкімдері және мекеме басшылары қатысты. Штаб отырысында күзгі-қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы, елді мекендердегі газдандыру жұмыстары туралы ақпараттар тыңдалды. Осы орайда бірқатар ұйымдардың атқарған жұмыстарының сапасы сынға алынып, жиында көтерілген барлық түйткілді мәселелер бақылауға алынатыны мәлімделді.
Б.Сахатов дайындық жұмыстарының маңыздылығына тоқталып, барлық тиісті мекемелер мен ұйымдарға жылу жүйелерін дер кезінде толық тексеруден өткізіп, жөндеу жұмыстарын аяқтауды тапсырды.
Жиын барысында аудандағы мекемелердің дайындығы туралы есептер баяндалып, шешімін күткен мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берілді. Әкім орынбасары жылыту маусымы басталғанға дейін барлық жұмыстардың толық аяқталуын қамтамасыз ету қажеттігін ескертті.
Бақыт Оңласынұлы жиынды қорытындылай келе ауыл әкімдері мен жауапты мекеме басшыларына қыс мезгіліне дайындық сапасы үшін жауапкершілік жүктелетінін ескертіп, талаптың қатаң болатынын айтты.