ЗОРЛЫҚ – ТҮБІ ҚОРЛЫҚ!

0

Қордай аудандық полиция бөлімінде «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы аясында маңызды іс-шара өткізілді. Жиынға Қордай аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Еркінбек Құттықов, аудандық орталық мешіттің наиб имамы Жанұзақ Әнебеков, Қордай АПБ бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов және Қордай аудандық ПБ-нің Отбасылық тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы, полиция капитаны Балжан Шәуе қатысып, акцияның маңызы мен негізгі міндеттеріне ерекше тоқталды.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамдағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасында болып жатқан тұрмыстық зорлық-зомбылықты жою, сонымен қатар, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жиын барысында әлеуметтік мәселелерді шешу жолдары, профилактикалық шаралар мен құқықтық құқықбұзушылықтарды болдырмау мәселелері талқыланды.

Шара барысында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Заңдарының 73 және 461 баптарына сәйкес кінәлі деп танылып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынған тұлғаларға профилактикалық әңгіме жүргізілді.

Алдымен, полиция бастығы уақытша ұстау изоляторында отырған азаматтарға арнап кеңестер айтты.

«Сіздер қазіргі таңда қиын кезеңдерді бастан кешіріп отырсыздар. Бірақ, бұл жағдайдан шығудың жолы бар. Сіздер қоғамға оралып, жаңа өмір бастауыңыз үшін мүмкіндіктеріңіз бар. Айтар кеңесім: қайта түзелуге тырысыңыздар. Адам өміріндегі ең басты нәрсе – өзгеру. Мүмкіндіктеріңізді жібермеңіздер», — деді Бауыржан Арынұлы.

Келесі сөз аудандық ақсақалдар алқасының мүшесі Еркінбек Құттықовқа ұсынылды. Ол уақытша ұстау изоляторында отырған азаматтарға ағалық ақыл-кеңесін берді. Сондай-ақ, қателіктерінен сабақ алып, алдағы уақытта жақсы жолға түсуге мүмкіндіктері мол екенін жеткізді.

«Бәріміз де адамбыз, әркімнің қателесуі мүмкін. Дегенмен, маңыздысы – қателіктерді түсініп, олардан сабақ алу, болашақта мұндай жағдайларға қайта жол бермеу. Сіздердің қайта қоғам арасына қосылу мүмкіндіктеріңіз бар. Адамгершілік, адалдық және әділеттілік – бәріміз үшін маңызды құндылықтар», – деп атап өтті Еркінбек Құттықов өз сөзінде.

Өз кезегінде, аудандық ПБ-нің Отбасылық тұрмыстық-зорлық зомбылыққа қарсы күрес тобының аға инспекторы сотталушыларға құқықтары мен міндеттері туралы маңызды кеңестер айтып, пікірін білдірді.

«Зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Статистика бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Ал, заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды», — дейді Балжан Ниетқызы.

Бұл тұрғыда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін жүйелі шаралар қабылдау керектігін айтқан болатын. Аталмыш заң жобасы, тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқы сақталып, тұрмыстағы қысымды болдырмауға көмек болатыны сөзсіз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.