Отбасындағы салауаттылық – өркениетті қоғамның талабы, өйткені ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен мұраттар көбінесе отбасында дамып, қалыптасады.
Балалар-еліміздің болашағы. Өкініштісі, қазіргі таңда балалар үйінің тәрбиеленушілерінің, тіпті қарапайым отбасы балаларының зәбір көру фактілері орын алып жатады. Отбасындағы зорлық-зомбылыққа көбіне алкоголь ішімдіктері себеп болады. Ішімдікке масайған ата-ана балаларын қараусыз қалдырып, оларға қол жұмсап, тағдырдың тәлкегіне салуда.
Ал, өмір есігін аша сала далада қалатынына не дерсіз?! Қазірде Қазақстанда көптеген аналар жаңа туылған сәбилерін далаға тастап кетуде. Әрине, өз құрсағынан шыққан сәбиді далада қалдырып, өз болашағына, баланың болашағына балта шабады. Ананың бесік жырынан басталатын қарым-қатынасы, іс-әрекеті, әдет-ғұрып, салт-дәстүр осылардың бәрі адамның дүниетанымын, сана-сезімін, мінезін қалыптастыратын тәлімдік мұра.
Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасытады, адамның психикасының бұзылуына әсер етеді.
Отбасындағы ата-ананың мінез құлқы – баланың көз алдындағы үлгі-өнеге алатын, оған қарап өсетін нысаны. Нашақорлық, темекіге, ішімдікке үйірлік, теріс жолға түсіп зорлық-зомбылық жасауға мүмкіндік туғызады, еңбек етуге, қоғамға, денсаулыққа, ұрпаққа, отбасына зиянын тигізеді. Зорлық-зомбылық тәрбиесіздіктен де туындайды. «Тәрбиесіздік — ол адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім келешекте адам өміріне апат әкеледі» деген болатын ұлы бабамыз Әбу насыр әл Фараби. Балалар құқығын қорғау — егемен еліміздің асыл құндылықтарының бірі. Сол үшін өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамдағы құқықтарының сақталу жолында аянбай еңбек етуі керек. Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу — бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті.
«Қордай аудандық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі өмірде қиын жағдайға ұшырап, депривацияға тап болған нәзік жандыларымыз бен олардың балаларына қолдау көрсетіп көмекке келетін орталық.
Орталықтың сенім телефоны тәулік бойы қоңыраулар қабылдайды. Тел: 87780521620,8726(45400)
Б.Сеитова, әлеуметтік жұмыс жөніндегі консультант