ҚҰҚЫҚТЫҚ САУАТТЫЛЫҚ – ЗАМАН ТАЛАБЫ

0

Мемлекеттік және халықаралық деңгейге сай, бәсекеге төтеп бере алатын, жан-жақты, құқықтық сауатты ұрпақ тәрбиелеу бүгінгі қоғамның басты талабы екені сөзсіз. Ішкі және сыртқы күрделі мәселелерді шешуде жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру ісін қайта қарау керектігі анық сезіледі. Ал ол үшін құқықтық білім беру, құқықтық сана қалыптастыру, жауапкершілікті арттыру міндеттері алға шығады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында «Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деген болатын.

Елімізде азаматтық қоғам құруда біршама элементтердің топтасуы қажет екені, құқықтық білім беру азаматтық қоғам құрудың негізі екені белгілі болды. Конституциямыздың 1-бабымен Қазақстан «құқықтық мемлекет» деп танылған. Құқықтық мемлекеттің әрбір азаматы құқықтық саналы, құқықтық мәдениетті болуы қажет. Мемлекетіміздің осы мақсатпен қабылдаған «2010–2020 жылға арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» да осыны көздеді. Алайда елімізде күнделікті орын алып жатқан оқиғаларға қарап, құқықтық сауаттылық әлі де төмен екенін көріп отырмыз. Бүгінгі таңда азаматтардың мүддесін қорғау жолында елімізде еңбектеніп жүрген кәсіби білікті заңгер көп. Солардың бірі – белгілі құқық қорғаушы Камиша Есмұхамбетқызы. Ол «жастардың құқықтық сауаты төмен» екенін жасырмайды.
«Қазіргі таңда жастар өз құқықтарын толық әрі жетік біледі деп айта алмаймын. Соңғы кездері оны пайдалана да алмайтынын байқадық. Көбіне жастар зәбір шегіп жатады. Бізде кейбір жастармен кездесу барысында құқықты түсіндіргенде ғана өздеріне жаңалық ашқандай таңғалып жатады. Текетірестен кейін немесе басына іс түсіп, құқығы бұзылғанын біліп, заңдық сауаты сосын артқан жастарды да көрдім. Қазіргі жастарымыз өте ынталы, өзіне қажетті нәрсені тез оқып, біліп, жетілдіруге ынталы. Көбіне заңды басты құрал ретінде пайдалана алмағандықтан бізден көмек сұрап жатады. Көбіне жастардың құқықтары мен бостандықтарын бұзудан қорғауымыз керек. Себебі жастарда еліктеушілік бар, яғни алдау, арбау, арандатушылыққа қызықтыру оңай. Сол себепті кейде білместікпен құқығы тапталып, жеке өмірі шектеліп, бас бостандығынан айырылып жатады. Оларға құқықтық түсіндірме жүргізбегендіктен көбіне тағдыр тәлкегіне ұшырап, тығырыққа тірелетін кездері де жоқ емес. Сондықтан жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін міндеттемелерімен бірге жауапкершілігі барын және өздерін қорғауды үйретуіміз, түсіндіруіміз керек. Бұл, әрине, үлкен әрі ауқымды жұмыс», – деді Камиша Есмұхамбетқызы.
Оның айтуынша, әкімшілікте орналасқан «Жастар саясаты» осыған ықпал ету керек. Сондай-ақ «Жастар құқығын қорғау орталығын» ашу туралы ұсынысын білдірді.
«Өзімнің ұсынысым, жалпы мемлекет тарапынан жастарды қолдау үшін, құқықтарын түсіндіру үшін «Жастар құқығын қорғау орталығын» ашу керек. Себебі бұл құқықтық сана, құқықтық мәдениеттің құрамдас бөліктерін, құқықтық көрсеткішті, құқықтық тәрбиені енгізу үшін, сонымен бірге құқықтық сананы жоғарылату үшін осыған күш салып, осындай орталық ашсақ, кез келген жас тығырыққа тірелген кезде осы орталықтан, тіпті қажет болса колл-орталықтар ашып, сұрап алуына ықпал жасасақ, кез келген жас мемлекет тарапынан қамқорлығы барын сезінеді. Мұны мемлекет істеуі тиіс деп санаймын, себебі қазіргі уақыт талабы сол болып тұр», – деді К.Есмұхамбетқызы.
Сонымен қатар құқық қорғаушы қазіргі таңда ешқандай анализ жасалмағанын айта келе, құқықтық сананың қаншалықты дамығанын, заң тетіктерін жақсы білетін-білмейтіні туралы зерттеу қажет екенін баса айтты. Сол үшін де жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру үшін жалпы жастар құқығын реттейтін ресурсты орталық қажет деген пікірде.
Заң мамандарының айтуынша, қоғамдағы барлық келеңсіз жайттарға бірден бір себеп – құқықтық нигилизм.
«Бұл дегеніміз – сенімсіздік. Яғни құқық қорғау органдарына сенімсіздік білдіргендіктен, құқықтарын қорғаудың нақты мүмкіндіктерін де көрмейді. Заңның барын біледі, бірақ өз құқықтары қорғалмағандықтан, үнемі тапталып жатқандықтан олар заңды пайдалануды асыра алмайды. Ал жалпы құқығын қалай талап ету керек? Кез келген жас 18 жасқа толғаннан кейін жауапкершілігі барын білу керек. Оның заңда көзделген өмірге бейімдейтін азамат, тұлға ретінде сезінетіндей заңмен таныс болуы керек. Сонда ғана ол құқығын талап ете алады. Егер ол заңды білмейтін болса, оған ешкім түсіндірмесе, мемлекет оған ықпалдаспаса, әрине, ол заңды қайдан біледі және қалай талап етеді?! Кез келген мәміледе заңды негіздер барын, сол негіздерге сүйене отырып өмір қалыптастыратынын білу керек. Жастар соны білген кезде ғана өз құқығын толыққанды талап ете алады. Жалпы заң бар, оның ережелерін, талаптары, заңды құқығын толыққанды білген адам заңды құқықтарын да талап ете алады. Ал заңды білмей тұрған адамға құқықты пайдалану өте қиын, ол білмегендіктен қолын бір сілтеп қоя береді», – дейді К.Есмұхамбетқызы.
Ал адвокат Абзал Құспанның айтуынша, құқықтық сауаттылықты мектеп қабырғасынан бастауымыз керек. Әрбір оқушы мұны тереңнен танып-білуі тиіс.
«Бізде сынау мен мінеу бар, кемшілікті айту бар. Сол кемшілікті айтқан адам одан шығатын жолды да көрсетуі тиіс. Сондықтан мектеп сағаттарынан бастап, құқықтану деген пәнді формальды түрде емес, кәдімгідей енгізу керек. Ол үшін сол саланың мамандарын дайындау қажет. Жалпы әр адам өз құқығын білу қаншалықты маңызды? Мысалы, әр адамға мына бір қажеттілік деген нәрсені түсіндіру керек. Әрбір адам биолог, химик, математик болуы шарт емес, алайда қай саланың маманы болма, өз құқықтарыңды білу қажеттілік болады, қарапайым ғана қажеттілікке айналайын деп тұр. Мына нарық заманында бұл нәрсенің күннен күнге қажеттілігі арта береді. Біз осыны қолға алмайтын болсақ, бұл мәселе күрделене береді. Сол себепті мектеп жасынан бастап заңға деген құрмет, заң қызметкерлеріне деген құрмет, өз құқығыңды білу деген нәрселерді ұстану қажет-ақ. Яғни мектептерде құқықтану пәндерін енгізу, сол пәннің аясында құқық органдарының қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастыру, қоғамда болып жатқан заңға байланысты жағдайларды мектептерде ашық талдап, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіп, талқылау, әр адамның мемлекеттің бір бөлшегі екенін сезіндіру қажет деп есептеймін», – дейді Абзал Құспан.
Құқықтанушы Айгерім Құсайынның айтуынша, құқықтық сауаттылықты арттыру ісінде бірнеше олқылық бар. Атап айтқанда, біріншіден, қоғамдық қатынастарға түсуде көптеген мәмілелер жасалады, алайда көпшілік қауым сол мәмілелерді растайтын заттардың құқықтық маңызы бар екенін тіптен елей қоймайды. Екіншіден, өз құқықтарының бұзылу жағдайында азаматтардың басым көпшілігі қайда барып жүгінуді білмейді. Үшіншіден, өз беттерімен заңдылық құжаттарды рәсімдей алмайды. Төртіншіден, заңдардың бар екенін біле тұра оны іске асырудың жолын білмейді.
Ал бұл ағаттықтарды жою үшін мемлекет тарапынан елімізде құқықтық білімді, тәрбиені жетілдіруге арналған жаңаша бағдарлама қажет сияқты. Жалпы құқықтық тәрбие мектеп қабырғасынан бастау алу керек. Өйткені орта білім беретін мекемелерде балалар «Құқық негіздері» пәнін оқиды. Осы орайда айта кету керек, 1996 жылдың 13 мамырында «ҚР жаппай бірдей құқықтық білім берудің кешенді бағдарламасы» бекітілген. Онда 1-сыныпта «Мораль мен құқық негіздері» пәні міндетті түрде кірістірілсін деген шешімі туралы айтылса, 10-бабында «Құқық негіздері» пәні 5-8 сыныптарда міндетті түрде оқытылуы тиіс» деп көрсетілген. Осы пән оқушыларға құқық, мемлекет, заң, құқықтық тәртіп, жауапкершілік, әлеуметтік әділеттілік, адамның жоғарғы азаматтылығы, тұлғасының тұрақты адамгершілік-құқықтық қасиеттері туралы алғашқы білімдері беріледі.
Ал құқық пәнінің мұғалімі Мейрам Жолдағалидың айтуынша, құқық білімін ерте бастан бала санасына құю оның жат әрекетке бармауының берік тосқауылы болады.
«Жоғарыда аталған бағдарламаның 11-бабында: «9-шы сыныпта – Қазақстан Республикасы Конституциясының тезистерін оқыту», 12-бабында: «10-11 сыныптарда – құқық салалары бойынша заңнаманың негізгі тезистерін оқыту», 13-бабында «Оқытудың негізгі формаларын әзірлеп дайындау – олимпиаданы, клубтық жұмысты, үйірмелерді және т.б. құқықтық проблемалық жағдаяттарда шешумен құрал-тәсілдерді оқу үдерісі барысында қолдану» туралы айтылған. Дәл осы пәнге жылына 24 сағат бөлінген. Жалпы Құқық пәнінің мұғалімі – құқықтық мемлекет азаматтарын қалыптастыруда шешуші рөл атқарады. Ол құқықтық білім беру жүйесін құқықтық тәрбие ісімен толықтырып отырады. Құқық пәні мұғалімінің басты мақсаты – оқушыларға құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, дамыту. Бірақ бізге берілген сағат оның бәрін игеруге жете қояды деп айта алмаймын», – дейді Мейрам Жолдағали.
Ал әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Нұрсұлтан Қалқашев ЖОО талапкерлерінің құқық саласына деген сұранысы өте жақсы екенін айтады. Бірақ олардың ішінде көбісі туысқандары немесе т.б. таныстары деген сияқты құқық қорғау органдарында жұмыс істеуіне байланысты түсетіндер барын да жасырмайды.
«Мен қазір жұмыс істеп жүрген кафедра Азаматтық іс жүргізу Еңбек құқығы деп аталады. Мысалы менің саламды тереңірек оқытуға болады. Қазір төрт кафедраға қысқартылған. Соған байланысты жалпылама өтеді. Тереңінен оқыту үшін кафедраларды салаларына қарай бөлу керек. Кеңес дәуірінде қазіргіге қарағанда жақсы оқы­тылған деп айтады. Оқытушылар жақсы болсын, жаман болсын, жүйемен оқытатындықтан, сол жүйеден шыға алмасақ, бәрібір сапа да төмендейді. Негізінен студенттердің таңдайтын саласы – құқықтық сала. Конституциялық, қаржылық құқық салалары, азаматтық құқық саласы. Қаржылық саласына баратындар құқық қорғау органдарына жұмысқа тұрады. Полиция, прокурор т.б. жұмыстарға барады. Ал азаматтық құқық саласы заңгер болу т.б. мамандықты таңдайды. Немесе жеке заңгер болады. Органдарға бара бермейді», – дейді Нұрсұлтан Қалқашев. Оның айтуынша, құқық саласын бітіретін студенттер көп. Оның бәрі сол салада жұмыс істеп кете алмайды.
Оның айтуынша, жастардың құқықтық санасын кеңейтудің негізі – барлық қоғамдық топтардың, халықтың белсенді қызмет етуге және адам құқығының шеңберін кеңейтуге жол ашу. Құқыққа немқұрайлы қарау қандай да бір шектен шығушылық, заңға жауыздықпен қарау, демократиялық формадағы «Не істегім келсе, соны істеймін» деген қарама – қайшылық кереғарлықтарды жою керек. Оның бірден-бір жолы – жастарға құқықтық тәрбие беру шараларының белсенділігін арттыру.

P.S. Мамандардың айтуынша, құқықтық тәрбие – кәмелетке толмағандар арасында заң ұғымдарын насихаттай отырып, жасөспірімдерді ең қажетті заңды біліммен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Жастарымыз заңның негізгі принциптерін біліп қоймай, оны меңгере білуі қажет. Сонда ғана құқықтық тәрбие тиімді жүргізіледі деп есептеледі. Ал құқықтық білім әр адамға қойылатын талаптарды, ережелерді меңгеру, оның мәнін түсіну негізінде азаматтық міндеттерді білу жасөспірімге өзге адамдардың қателіктері мен кемшіліктерін көруге және де өзінің мұндай қателіктерді қайталамауына көмектеседі. Құқықтық сауаттылықты арттыруда осы екі нәрсеге аса мән бергеніміз жөн шығар.
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.