ҚҰРЫЛЫС САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

0

Қордай ауданының әкімі Мәден Мұсаев бейсенбі күні Қордай ауылында жүріп жатқан құрылыс алаңдарын аралап, бүгінде қарқын алған жұмыстармен таныс-ты. Аудан басшысы алдымен Қордай ауылының «Болашақ» ықшам ауданындағы мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан 2 пәтерлі 10 тұрғын үйдің құрылысын барып көрді.
Бүгінде аяқталуға аз қалған үйлер кезекте тұрған аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға берілмек. Мәден Тоқтарбайұлы жұмыс барысы жайында сұрастырып, бұл үйлер тек шын мұқтаж жандарға берілуі қажеттігін баса айтты. Жалпы, құрылыс жайында аудан әкімінің орынбасары Елдос Мендекеев, аудан әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Жұлдызбек Бақаев түсініктеме берді. Келесі кезекте аудан басшысы «Самал» ықшам ауданындағы «Асар» жобасы аясында салынып жатқан 5 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысса, одан кейін Цемзауыт ықшам ауданындағы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Бүгінде қабырғалары көтеріліп, терезелері орнатылып, ішкі жұмыстары жүріп жатқан үйді мердігерлер қараша айында тапсырамыз деп отыр. Аудан әкімі құрылысшылар мен жауапты мамандарды үйлерді өткізерде сапаға және ғимараттың қыс айларында жылы болуына аса мән беруге шақырып, бірқатар ескертулер жасады. Мәден Мұсаев осылармен қатар «Солтүстік» және «Шығыс» тұрғын үй массивтерін сумен қамтамасыз ету үшін салынып жатқан су қабылдағыш стансасын барып көрді. Қомақты қаржы бөлінген нысандағы жұмысты мердігер «Агроспецмонтаж» ЖШС жүргізіп отыр. Қыркүйек айының соңына дейін жұмысты аяқтаймыз деген серіктестік өкілдеріне аудан басшысы бірқатар ұсыныстары мен ескертулерін айтты.
Келесі кезекте аудан басшысы «Батыс» ықшам ауданында салынып жатқан көпқабатты төрт тұрғын үйдің құрылысымен танысты. «Компания Сырым Блеке» ЖШС қолға алған бес қабатты, 60 пәтерлі үйдің құрылысы жаз айында басталған болатын. Бүгінде іргетасы бітіп, бірінші қабаттың кірпішін қалау жұмыстары жүріп жатыр. Келесі жылы бұл үйлер де кезекте тұрған мұқтаж жандарға берілетін болады. Осы ықшам ауданда биыл электр желісімен жабдықтаудың инженерлік инфрақұрылымының және Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы басталған болатын. Бүгінде іргетасы қаланып жатқан әлеуметтік нысандарда жұмыс жоспарға сай жүруде. Мұнда да аудан әкімі мамандармен сөйлесіп, жұмыстың жай-жапсарына қанық болды. Осыдан кейін Мәден Тоқтарбайұлы Жібек жолы көшесінің бойынан бой көтеріп жатқан 5 қабатты, 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.