ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖІТІ БАҚЫЛАУДА

0

Ауданда биыл да әлеуметтік нысандар, оның ішінде тұрғын үйлер мен медициналық нысандар салуға басымдық берілуде.
Әр ауылда құрылыс жұмыстарының қызған шағы. Десе де құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде орындалуы күн тәртібінен түспей келетін өзекті мәселелердің бірі.
Жұма күні аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен кеңес отырысы өтіп, онда аудандағы құрылыс жұмыстарының бүгінгі ахуалы мен ауданды одан әрі дамытудың негізгі бағыттары талқыланды. Сондай-ақ, жиын барысында елді мекендерді газдандыру және ауыз сумен қамтамасыз ету сынды маңызды тақырыптар көтерілді.
Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Е.Мендекеевтің ақпараты бойынша, қазіргі уақытта Қордай ауылында бірнеше көпқабатты үйлердің құрылысы аяқталуға жақын, Қарасу ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жиында аудан әкімі салынып жатқан нысандардың сапасы мен қауіпсіздігіне назар аударды.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Амантаев ауыз су және ауыларалық жолдардың жөндеу жұмыстары жайында баяндап өтті.
Жоспарға сәйкес Қайнар ауылында жаңа су құбыры салынса, Қарасай батыр және Еңбек ауылдарын газдандыру бойынша мердігер анықталып, тиісті жұмыстар басталып кеткен. Ал, Отар-Гвардейск ауыларалық және Кенен ауылында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадырбекова Отар ауылындағы ауылдық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстарының басталғаны туралы айтып берді. Сондай-ақ, Сұлутөр және Беріктас ауылдарында ФАП құрылыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығын атап өтті.
Ал жиын барысында сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы С.Әшірбеков Қордай, Отар және Степное ауылдарында үш мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталғандығын, №38 ОМ қазандығы ауыстыруды қажет ететіндігін айтты. Бұдан бөлек, Арал ауылындағы мектеп құрылысы жөнінде де әңгіме қозғалды.
Кеңес отырысын қорытындылаған аудан әкімі құрылыс сапасы мәселелерін бақылауға алуды тапсырды. Бұл бірінші кезекте әлеуметтік нысандарға қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.