ҚАЗАҚСТАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ГЕРМАНИЯДАН ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға сапары барысында бірқатар маңызды кездесу өткізгені белгілі. Аталған келіссөздер ел экономикасын одан әрі дамытуға тың серпін бермек.

Мәселен, Президент Қ.Тоқаев «HMS Bergbau AG» компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швиндті қабылдады. Аталған компания басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қайта өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, жоспарланған инвестицияның жалпы сомасы – 500 миллион доллар.

«HMS Bergbau AG» – Германиядағы қатты пайдалы қазбаларды барлаумен және өндірумен айналысатын жетекші компаниялардың бірі. Бұл компания АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мемлекеттерінде шикізат өндіру жұмыстарын белсенді жүргізеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.

«Мемлекет басшысының Германияға сапары аясында «HMS Bergbau» басшылығымен кездесу өтті. Аталған компания сирек металл өндірісімен айналысатын ірі кәсіпорын. Қазақстанда «HMS Bergbau» тиісті барлау жұмыстарын жүргізеді. Алғашқы нәтижеге келесі жылы қол жеткіземіз деп күтіп отырмыз», дейді «Самұрық-Қазына» АҚ бас­қарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Бұл сөзді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров та қуаттады. Оның айтуынша, аталған компания кен өндірісі саласында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Келесі жылы жаңа жобаларға инвестиция жасауға дайын.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы «HHLA» компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Германияның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды. «HHLA» – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.

«Сонымен қатар «HHLA» компания­сымен де келіссөз жүргізілді. Ол – логистика саласындағы көшбасшының бірі. Жақын арада Қазақстан темір жолы компаниясымен бірлесіп елімізде ортақ жоба бастамақ. Порт инфрақұрылымын және логистика инфрақұрылымын дамытуға назар аударады. Қазірдің өзінде Алматыда офис ашқан», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров.

Тағы бір маңызды кездесу «STADA Group» компаниясының вице-президенті Кристос Галлиспен өтті. Әңгіме барысында денсаулық сақтау және фармацевтика салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. «STADA» – жоғары сапалы дәрі-дәрмек өндіретін жетекші компаниялардың бірі. Компания өз өнімдерін әлемнің 120 елінде сатады. Кристос Галлистың айтуынша, компания ынтымақтастықты нығайтуға қызығушылық танытып, Қазақстандағы медициналық жобалар мен бағдарламаларға инвестиция құю мүмкіндіктерін қарастыруға дайын.

«Мемлекет басшысы кездескен келесі компания – «STADA Group» компаниясы. Өздеріңізге мәлім, аталған корпорация фармацевтика саласындағы әлемдік көшбасшының қатарында. Қазірдің өзінде Еуразия аймағындағы орталық хабын Алматыда ашылған. Онда екі жүзден астам қазақстандық жұмыс істейді», дейді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұров.

Тағы бір маңызды кездесу деп «Euler Hermes» агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнемен өткен келіссөзді айта аламыз. Кездесу барысында экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту, соның ішінде қаржылық сақтандыру саласында бірлескен жобаларды әзірлеу, тәжірибе алмасу және оқу бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Қазіргі таңда Қазақстан даму банкі мен «Helaba» банкі арасында Қаржылық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған. Аталған келісімге сәйкес «AltynAlmas Reagents» компаниясының цианид натрий өндіретін химиялық зауытының құрылысына 100 миллион еуроға дейін қаржы бөлу қарастырылған.

«Мемлекет басшысы «Euler Hermes» компаниясының басшылығымен кездесті. «Euler Hermes» – Германиядағы ең ірі компаниялардың бірі. Қаржы, сақтандыру қызметтерімен айналыса­ды. Өздеріңізге мәлім, таяуда «ҚазМұнай­Газ» ірі полиэтилен жобасын іске қосқалы жатыр. Оған Германиядан және басқа да шетелден қаражат тартамыз. Сондықтан «Euler Hermes» компаниясымен жобаға қатысты Германиядан қаражат тарту бойынша нақты меморандумға қол қойдық. Бұл жоба жақын арада іске қосылады», «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.

«Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Р.Бектұровтың сөзіне сүйенсек, «Euler Hermes» экспорттық-кредит компаниясының елімізде жұмыс істеуі неміс бизнесін Қазақстанға әкелуге үлкен септігін тигізеді. Өйткені бұл – мемлекет тарапынан кепілдік беретін үлкен қаржы ұйымы.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Германияға жасаған сапары олжалы болды деп толық сеніммен айта аламыз. Бұл екіжақты қарым-қатынасты нығайтып қана қоймай, еліміздің дамуына қажет ілкімді жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Абай Асанкелдіұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.