Баспана — қазіргі таңдағы өзекті мәселелерінің бірі. Аудан әкімінің қабылдауына келетін азаматтардың басым бөлігі де осы сұрақты жиі көтереді. Оған негіз де бар, себебі халықтың әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Көпті алаңдатқан баспана мәселесі Қордай ауданында жыл өткен сайын кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Соның бір айғағы және Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «85 игі іс» жобасы аясында қордайлықтарға тамаша сый жасалды.
Осы уақытқа дейін ауданда 2700 азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, енді бұл цифр біршама азаймақ. Оған себеп бүгін Қордай ауылы, «Самал» ықшам аумағында 60 пәтерлі тұрғын үй салтанатты түрде қолданысқа берілді. Қоныс той иелерін қуаныштарымен құттықтаған аудан әкімі Бегзат Болатбеков оларға жылы лебізін жеткізіп, пәтер кілтін салтанатты түрде табыс етті.
«Тек мемлекеттік қолдау ғана емес, ауданның жомарт жандары да халықтың әлеуетінің артуына барынша үлес қосуда. Жыл басынан «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудандағы кәсіпкерлердің демеушілігімен 4 отбасы баспаналы болды. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашан да ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпағымыздың болашағы жарқын болсын! Бүгінгі жаңа пәтерге қоныстанған отбасыларға қоныстарыңыз құтты болсын дегім келеді. Осы шаңырақ Сіздерге бақ-береке, ырыс әкелсін», — деді аудан басшысы өз сөзінде.
Бұл күні өз кезегін асыға күткен отбасылар өз үйлерінң кілтін қабыл алды. Жаңа үйде тұрғындардың алаңсыз өмір сүруіне жайлы жағдай жасалған. Мұны салтанатты шарадан кейін үйді аралап көрген қордайлықтар айтуда. Еске сала кетсек, жаңа пәтерге ие болған жандардың басым бөлігі әлеуметтік осал топтағы азаматтар, осы күнге дейін үй кезегінде тұрғандар.