ҚОС САМБОШЫ ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

0

16-18 мамыр аралығында Ақтау қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан ардагерлер арасындағы Азия және Океания чемпионаты өтті.

Еліміздің намысын қорғаған қордайлық Бахытбай Жақсылықов 98 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, жүлделі 1-орынды иеленіп, Азия чемпионы атанды.

Бахытбай Жақсылықов Отар ауылындағы №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болып жұмыс атқарады. Самбо күресінен спорт шеберінің бұған дейінгі жетістіктері де аз емес.

Атап өтетін болсақ, биыл наурыз айында Түркістан қаласында өткен самбо күресінен спорт шеберлері арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында 1-ші орынды иеленіп, чемпион атағын алған. 2023 жылы тамыз айында Алматы қаласында спорт шеберлері арасында дзюдодан өткен ҚР чемпионатында І-орын иеленіп, «ҚР чемпионы», Жаркент қаласында спорт шеберлері арасында қазақ күресінен өткен ҚР чемпионатында І-орын иеленіп, «ҚР чемпионы» атанды. 2024 жылы 11-14 сәуір күндері Астана қаласында спорт шеберлері арасында самбодан өткен «САМБО ГРАН-ПРИ АСТАНА 2024» атты Республикалық ашық турнирде   І орынды иеленді.

Самбодан ардагер спортшыларымыз ғана емес, қордайлық жастар да жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 13-17 мамыр аралығында Ақтау қаласында өткен спорттық және жауынгерлік самбодан кадеттер, жасөспірімдер, жастар және шеберлер арасындағы Азия және Океания чемпионатында Жамбыл облысының спортшылары 3 алтын, 5 қола жүлде иеленді.

25 мемлекеттен 500-ге жуық спортшы қатысқан дүбірлі додада қордайлық спортшы Өтеулі Сезім (65 кг) өзгелерден оқ бойы озық болып, 3-орын алып, Азия чемпионатының қола жүлдегері атаңды. Спортшыны жетістікке жетелеуде оның бапкерінің алар орны ерекше екені сөзсіз. Осы орайда Сезімнің ұстазы, №17 БЖСМ -ның дзюдо күресінен жаттықтырушысы Ахан Мұстафиннің еңбегін атап өткен жөн.

Leave A Reply

Your email address will not be published.