«ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰСТАЗДАН»

0

«Халқымызда «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын ұстаздікі» деген қанатты сөз бар. Бұл сөз шынында ерекше мәнге ие. Себебі, ертеңгі ел тұтқасын ұстар өскелең ұрпақты білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, бойына жақсы қасиеттерді дарытуда  ұстаздардың еңбегі зор. Сіздердің қоғамның қарыштап дамуына қосып жатқан үлестеріңіз де қомақты. Сондықтан Сіздер қандай құрметке болса да лайықсыздар!»

Жұма күнгі ұстаздар күніне орай өткен салтанатты жиындағы құттықтаулар легі аудан әкімі Бегзат Болатбековтың осындай жылы лебізінен басталды. Кәсіби мереке иелерін құттықтаған аудан басшысы Қордай ауданының білім саласында жеткен жетістіктерін де тілге тиек етті.

Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар, аудандық білім мекемелерінің басшылары мен мұғалімдер бас қосқан мерекелік шарада бірқатар педагогтер марапат төрінен көрінді. Атап айтатын болсақ, Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісімен ардагер ұстаздар  – Арыстанбек Молдажанов, Зәуре Жұмабаева марапатталды. Қазақстан Республикасы «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Суджата Сарғасқаева, «Әлеуметтік әріптестік» төсбелгісімен Гүлбану Абдуллина марапатталды. Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрінің алғыс хатын Байрам Бекжанов, Жамбыл облысы мәслихатының Құрмет грамотасын Ақмарал Сабырова иеленді. Ал бірқатар ұстаздар Жамбыл облысы әкімдігі Білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің алғыс хатымен марапатталды.

Ұлағатты мамандық иелерінің еңбегін дәріптеп, құрметтеуге бағытталған шарадағы марапаттар легі мұнымен толастамады. Сахна төріне шыққан Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы Санат Әшірбеков білім бөліміне қарасты мекемелер арасында өткен аудандық «Орта білім беретін үздік ұйым» атты байқаудың жеңімпаздарын марапаттаса, Білім қызметкерлері кәсіподағының Қордай аудандық комитеті филиалының төрайымы Қарлығаш Қыпшақбаева ардагер ұстаздарға құрмет көрсетті.

Сонымен қатар, мерекелік жиында жас мамандар көпшіліктің алдында салтанатты түрде ант қабылдап, ардагер ұстаз Серікжан Айдынбаевтың ақ батасын алды.

Шара соңы әуелеген әнге толы мерекелік концертпен жалғасын тапты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.