ҰСЫНЫС-ТІЛЕКТЕР ЕСКЕРІЛЕДІ

0

«Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтіп, оған аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, «Amanat» партиясы Қордай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мырзағали Күзербаев, қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаева, кеңес мүшелері мен ауылдық округ әкімдері қатысты.

Жиында күн тәртібіне енгізілген бес мәселе қаралып, ондағы бірінші сұрақ, яғни ауданның әлеуметтік және сауда объектілерінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша атқарылған жұмыстарды зерделеудің нәтижесі жайында Қарлығаш Қыпшақбаева баяндама жасады.
«Қоғамдық кеңес мүшелері аудандағы бірнеше ірі сауда объектілерін аралап шықты. Алайда зерделенген объектілердің бірде біреуінде өрт дабылы жүйесі, өрт сөндіру құралдары жоқ. Ал, өрт сөндіру құралдары барлардың өзінде қолдану мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен. Жалпы айтқанда, елдегі эпидахуалға байланысты өрт сөндіру құралдарына көңіл бөлу назардан тыс қалған», — дей келе хабарламашы мәселені шешуге бағытталған нақты ұсыныстарын айтты.
Одан кейін аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығында» көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасына жүргізілген зерделеу жұмыстары жайында Эльнура Мінісқұлованың баяндамасы тыңдалды. Зерделеу жұмыстарының нәтижесіне егжей-тегжейлі тоқталып өткен комиссия төрайымы мемлекеттік тілді оқытатын орталықтарға белгілі бір деңгейде өзгерістер мен реформа қажет екендігін жеткізді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – аудандық полиция бөлімінің учаскелік полициясы көрсететін мемлекеттік қызметтің сапасына жүргізілген зерделеу жұмыстары туралы аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары Дархан Рысдәулетовтың хабарламасы тыңдалды. Ал «Ауылдық округтердегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің және ақпараттық жүйелерінің қызметі» туралы комиссия мүшесі Е.Тоқтағұлов сөз алып, Қордай, Қақпатас, Масанчи, Ауқатты ауылдық округтерінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қатысты маңызды мәселелерді көтерді. Аудандық қоғамдық кеңес төрайымы Баян Қарамолдаеваның төрағалығымен өткен жиында қаралған мәселелер бойынша ұсыныс-тілектер ескеріліп, шешім жобасы қабылданды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.