ӘКЕДЕН ҚАЛҒАН ӨСИЕТ – ҚАСИЕТПЕН ТЕҢ

0

Таулы аймақтың ауа райы ерекше болып келеді. Көктемі жайырақ шыққанымен табиғат жер бетін әлі күнге дейін адам баласы ойлап таба алмаған небір әсем түстерімен безендіріп, қытымыр қыстан құтылып, бусанған Жер-Ананың көркіне көз тоймайды. Жаугершілік заманда батырларға қарауыл төбе болған әсем «Әулие шоқының» етегінде жатқан Керу ауылының, одан сәл төменіректе орналасқан Соғандының көктем шығысымен тірлігі жандана бастайды. Жылымық білінгелі малын еркін өргізіп, «қой қоздап, қорада шу» болған кәнігі қазақ ауылының қалыпты өміріне де жан біткендей. 60 жылдардағы адуынды қыс айларын елең қылмайтын тек ауыл балалары ғана сияқты. Соғандыдан Керуге жаяулап барып оқитын қара-домалақтар әдеттегідей қызыл галстуктері желбіреп, мектепке асығып барады.

Керудің қосымша бөлімшесі саналатын, негізінен малшылар қоныстанған Соғанды ауылының тұрғыны Есмұрат Манасбаев өзі құрбылас балалармен жарыса жөнелген ұлы Жайыққа сыртынан қарап, көзімен шығарып салып тұр. «Маған да есек алып бер, мен де өзгелер сияқты соған мініп, мал бағып, достармен көкпар тартамын»,  деген баласына кеше зекіп тастаған болатын. Өкпелеген ұлы мұрнын бір тартты да, бұрылып кете барған. Арғы аталары Тулақбайдың осы маңда мыңғырған мал қайырған, аты аймаққа таныс бай, бақуатты адам болғанын, есек міну біздің ұрпағымызға тән емес, тектілік деген дүниені білу керек екенін ол кезде айтқан жоқ. Алайда, сол тектілік пен бақуат адамның баласына болмаса да кейінгі ұрпағына айналып келетіні өмірдің заңдылығы сияқты болады да тұрады. Әкесінен малдай байлық емес, рухани байлық алып өскен Жайық Манасбаев араға жылдар салып аудан-аймаққа аты таныс белді азаматқа айналды. Рухани құндылықты ұлының бойына сіңіріп өсірген әкесі Есмұрат Манасбайұлы тілге шешен, өлеңге құмар, суырып салма өнері бар, шежірешіл, ағайыншыл азамат болған. Үнемі: «Сен текті жерден шыққансың, сондықтан сен соған лайық өмір сүруің керек»,  деп айтып отыруының мәнін кейін түсіндік дейді Жайық аға.

Биыл еліміз өз алдына отау тігіп, егемендігін алып шыққанына 30 жыл толып отыр. Отыз жыл тарих үшін тым татымсыз болар, ал адам баласы үшін өте үлкен уақыт. Отыз жылда жеткен жетістіктерді түгендеу, сол аралықта еңбек пен іскерлікті қатар ұстап, бүгінде ел арасында ел ағасы атанып жүргендер турасында газетте арнайы очерктер беруді жөн санаған едік. Алғашқы таңдауымыз Жайық Манасбаевқа түскенінің де ерекше сыры бар.

«Ұяда нені көрсең ұшқанда соны ілесің» деген нақыл нағыз даналық. Әкеміздің небәрі төрт сыныптық білімі бар болса да біздерге көп дүниені ұғындырып, еңбек пен әділеттілік, қанағат деген дүниелерді санамызға жаттатып өсірді. Ауылдағы қарапайым қызметкер болғанымен тілі мірдің оғындай, әдебиетке жақын, білімге құмар жан еді. Барлығымызды оқытып, жоғары  білім алумызға, бертін келе еңбекте ерен атануымызға зор ықпал еткен адам. Үлкен отбасында өмір сүріп, еңбекпен келген нанның қандай ыстық, сондай дәмді болатынын түсіндік. Бүгінгі жеткен жетістігіме әкем үлкен әсер етті», — дейді Жайық Есмұратұлы.

Қазіргі таңда аудандағы ірі шаруа қожалығы саналатын «Дәурен-айға» басшылық ететін Жайық ағаның жетістік жолы турасында да сөз ете кетсек.

1979 жылы Қазақ ауыл шаруашалығы институтына оқуға түсіп, 1984 жылы инжинер-энергетик мамандығын алып шыққан жас маман төрт жылға жуық аудандық «Сельхозэнергетика» мекемесінде учаске бастығы болып еңбек жолын бастайды. 1988 жылы Германия Демократиялық Республикасында әскери бөлімде бас энергетик болып еңбек етсе, 1991 жылдан 2002 жылға дейін «Қордай жеміс-жидек» мекемесінде директордың орынбасары лауазымында жемісті жұмыс атқарады.

«2002 жылдан бастап жеке ісімді ашуға ел буып, шаруа қожалығын құрып, сол бағытта ісімді жандандыра бастадым. Әрине, алғашында барлығы қиын болады. Бірақ, бертін келе мемлекеттің қолдауымен түрлі бағдарламаларға қатысып, арзандатылған несие алып, шаруамызды жүргізе бастадық. Бүгінде,  мал бордақылау, ет өнімдерін өткізу жұмысын жолға қойдық. Қазір шаруашылықта жылына орта есеппен 300-400 тонна ет дайындаймыз. Біреуден ілгері, біреуден кейін, шүкіршілік етіп жүрген жайымыз бар», — дейді Жайық Манасбаев.

Бүгінде кәсіпкерлігімен қатар қайырымды істермен айналысуымен аты шыққан Жайық аға әсіресе былтыр әлемге жайылған пандемия кезінде аудандық орталық ауруханаға қажетті арнайы аппарат алу үшін күш біріктірген кәсіпкерлердің бел ортасында жүрді. Одан бөлек жасап жатқан қайырлы да қайырымды істері баршылық. Оның барлығын айтып, жария салуды ұнатпайтынын бірден білдірді кейіпкерміз. Алайда, еткен еңбектің өтеуі, жемісі өзі келіп жататыны да өмір заңы. Айналасы бір жылдың ішінде Жайық Манасбаев «Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасы Конституциясына 30 жыл» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарын кеудесіне тақса, биыл қаңтар айында өткен ҚР Парламенті және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқанына қатысып, «Ауыл» партиясы атынан аудандық мәслихат депутаты атанды. Енді халық қалаулысы ретінде жерлестерінің мұң-мұқтажын ескеріп, елеп, оны шешу жолдарында еңбек етпек. Осыған дейін де, еселі еңбегімен, қарапайымдылығымен көптің көңілінен шығатын Жайық Есмұратұлы енді депутаттық мінберден елдің қамын айтатын болады.

Жәкеңнің жастайынан оқуға, тарихқа деген қызығушылығы басым болғанын да айта кеткен жөн болар. 2015 жылы әкеге құрмет ретінде Есмұрат Манасбайұлының өлеңдері мен нақыл сөздерінен және оның балалары мен туыстарының, жақындарының естеліктерінен құралған «Тасқа басылған тағылым» кітабын баспадан шығарса, енді ауданымыздан шыққан тұңғыш тарихшылардың бірі, небәрі 34 жасында өмірден өткен Әбілқасым Ділебаевтың (1914-1948) Кенесары хан туралы жинақтаған мол мұрасын кітап етіп шығаруды жоспарлап отыр екен. «Кітап шығып жатса тегін таратамыз. Бұл менің еліміздің тарихына қосқан аздаған болса да үлесім болсын», — дейді кәсіпкер.

«Өлеңді тыңдасаңыз мына бізден,

Адамға пәле – тілден, азап – көзден.

Адамның адамшылық артықтығы,

Көрінер көзге түсіп сөйлер сөзден», — деп жырлаған Есмұрат Манасбайұлының бүгінгі ұрпағы мәуелі ағаштың бұтағындай жайқала өсіп, тамырын тереңге жіберген. Бір кездері есек мінбедім деп өкпелейтін Жайығынан тараған ұл-қыздары бүгінде тектілігін танытып, білім мен біліктіліктерінің арқасында мақтауға ие болып жүрген жандар. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қоғамнан ойып орнын тапқан, азаматтығы туралы әркез әдемі сөздер айтылатын ағалар арамызда көп болғай.

Ж.Омаров   

Leave A Reply

Your email address will not be published.